Мәдениет

«Ақжауын» және Секен

«Ақжауын» бастапқыда ұлттық ансамбль болып құрылды. Оның тарихы 1997 жылдан басталады. Құрылғаннан бастап аз уақыт ішінде рес­публикадағы ең алдыңғы қатарлы ұжымдар санатынан көрінді. Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия, Украина сынды елдерде гастрольдік сапарда болып, ең үздік сахналарда өнер көрсетті.

2000 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, 2002 жылы шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атақтарына ие болып, оркестрге 2003 жылы Үкімет қаулысымен «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі атағы берілді.

Қазіргі уақытта оркестр құрамында 30-дан астам өнерлі жас, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары жемісті еңбек етіп, халық өнерін насихаттауда. Оркестрдің құрамындағы мәдениет қайраткерлері кәсіби орындаушылық шеберлігін одан әрі көтеріп, жетілдіре түсуде және репертуарларын байытуда тынымсыз еңбек етуде.

«Ақжауын» камералық оркестрінің репертуары өнер ұжымының негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі, көрнекті күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбектің авторлық күйлерін және әр өңірдегі күйшілік дәстүрдің күйлерін, классикалық шығармаларды қамтиды. Оркестрдің шығармашылық жағынан өзіндік ерекшелігі – шағын камералық құрамда өзге оркестрлердің репертуарларын қайталамау.

2000 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, 2002 жылы шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атақтарына ие болып, оркестрге 2003 жылы Үкімет қаулысымен «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі атағы берілді

Секен Тұрысбектің күйлері – бір-бір тарих. Мәселен, «Ару ана» күйі әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы әсерімен жазылды. Бұл туындыны күй-портрет деп атасақ болады. Осы қатарда атап өтуге лайық «Жұматай» дейтін күйі де бар. Аталмыш шығарма жыр қағаны – Жұматай Жақыпбаевқа арналған. «Ағаның алды – ақ жайлау» дейміз. Сол сияқты Секен Тұрысбектің ағаларына арналған «Ақ жайлау», көрнекті ақын Олжас Сүлейменов құрметіне жазылған «Жазғы қар» атты күйлері бар.

Әсіресе «Бесік» күйі­нің немесе шығарманың екінші атауы «Балаусаның» тарихы қызық. Аумалы-төкпелі жылдары, Секеннің әкесі Кәрім бесікте уілдеп жатқанда бұл әулет шекара асқан. Ақыры баласы Секен сол бесікпен кері оралды. Бұл күй сол тағдырдан, өз әулеті, өзінің басынан өткен оқиғадан сыр шертеді.

Әрине, халық арасында кең танымал, жұрт сүйсініп тыңдайтын «Көңіл толқыны» және «Ақ жауын» күйлері туралы айт­пай кетпеуге болмайды. Алғашқысы автор Анар мен Жанар атты қос перзентінен айырылғанда жазылды. Күйші-композитордың өзінің «Қасіреттен қасиетті өнер туады» деп айтатыны бар. Жапон халқы осы «Көңіл толқыны» күйін өз қасіретіндей қабылдайды. Бұл күйді естігенде, Хиросима мен Нагасаки қасіреті есіне түседі. Оның себебі кезінде «Көңіл толқыны» атом жарылысына арналған деп хабарланған. Ал «Ақ жауын» қоғамдағы қайшылықтарды шаю үшін жазылған. Осы күй Қытайдағы телеарналардың бірінен ауа райы болжамы айтылғанда ойнатылады.

Секен Тұрысбек аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны желісімен белгілі режиссер Сламбек Тәуекел түсірген, поэзиялық шығарма аттас көркем фильмді музыкамен көркемдеді. Соның ішінде шоқтығы биік туындының бірі – «Дарабоз» күйі.

«Ақжауын» камералық оркестрі репертуарында күй атасы – Құрманғазының, күй анасы – Дина Нұрпейісованың туындылары, халық күйі «Бұлғын сусар», Кетбұғаның «Ақсақ құлан», Мүкейдің «Қосбасқан қоңыр», Тәттімбеттің «Бес төре», Жантөренің «Шалқыма», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлері де бар. Осы соңғы аталған күйді Секен Тұрысбек автор қолынан алды. Оркестр Монтидің «Чардаш», Карл Дженкинстің «Палладио», Уильямның «Виктория» сынды әлемдік классикалық туындыларды да орындайды. Жалпы «Ақжауын» репертуарына 200-ге жуық ән мен күй енген.

Секен Тұрысбек – бірнеше танымал әннің авторы. Әндерінің біразы көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлымен шығармашылық бірлестікте туған. Секен Тұрысбек ұлы Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» өлеңіне де ән жазды. Күйші-композитор көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдеріне де ән жазды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button