Басты ақпаратҚоғам

Петиция демократия нышаны ма?

Сәуір айынан ел азаматтары мемлекеттік және өкілді органдарға ­онлайн-петиция жолдап, елдік істерге араласуына мүмкіндігі бар. Тіпті 50 мың қол жинаса, Үкіметке ықпал етудің орайы келді. Бұл бастама – азаматтық қоғамды дамытып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың бір жолы. Заң қалай іске асады, әлем елдерінің тәжірибесі қандай? Біз осы сұрақтарға жауап іздедік.

ПЕТИЦИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Цифрланған әлемнің негізгі нышаны – интернет. Әлемнің озық елдері 5G, 6G, 7G дамытуға күш салуда. Бүгінде 5,35 миллиард адам интернетті тұрақты пайдаланады. Бұл – әлем халқының 66,2 пайызы. Әрі жыл сайын интернетті қолданушы саны 97 миллион адамға көбейеді. Яғни интернет – сұранысқа ие сала. Осыдан-ақ онлайн-петицияның маңызын түсінуге болады.

Петиция – билікке белгілі бір топтың талап-өтінішін онлайн жеткізу жолы, үндеудің пәрменді түрі. Мемлекеттік және әкімшілік органға жазбаша жіберілетін ұжымдық өтініш беріп, маңызды қоғамдық мәселелерге әсер етіп, оң қорытындыға қол жеткізу құралы.

Петиция пәрменді болуда көтерілген идеяны қолдап, оған қол қойған адамдардың саны көп болғаны дұрыс. Әйтпесе құзырлы органдар өтінішті елемеуі мүмкін. Өтінішті арнайы интернет-платформа арқылы қағаз түрінде де, электронды түрде де береді. Өтініш тіркелгеннен кейін белгіленген бір уақытта жауап беріледі. Бұл мемлекеттердің демографиялық ұстанымына сай жүргізіледі.

Интернет қажетті қол жинау­ды айтарлықтай жеңілдетіп, азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы диалогты жеңілдетеді әрі жақсартады. «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда онлайн-петицияны қолдау және қолдану маңызды.

2020 жылы Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев Жолдауында Үкіметке онлайн-­петицияларға арналған бірыңғай портал құрып, оның құқықтық нормативтік базасын жасауды тапсырған-ды.

Адамдардың құқығына, бостандығына, денсаулығына, иманына нұқсан келтіретін петициялар қабылданбайды. Сондай-ақ елдің тұтастығына, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпке, мемлекеттік тілдің мәртебесіне, рақымшылық ету, төтенше жағдайлер шеңберінде қабылданған шешімге байланыс­ты өтініш және тағы басқасы қаралмайды

Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Қоғамовтың сөзінше, петиция – халықтың билікке ықпал етудің бір құралы. Ал қоғам белсендісі Қуаныш Есқабылов «Петиция – халықтың үні мен арманы көрініс табатын үндеу. Петиция жазу мәдениеті дамыған жағдайда, билік пен халық арасында ашық диалог орнайды» деді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Петиция қозғалысы Еуропада қалыптасып, даму жолына түсті. 2006 жылы Ұлыбритания азаматтардың билік органдарына өтініш беруді заңмен реттеп, мемлекеттік деңгейде онлайн-петиция платформасын іске қосты. Бұл елде 200 азамат үн қосқан петицияны мемлекеттік органдар қарайды. Егер 10 мың қол жиналса үкімет деңгейінде, 100 мың қол жиналса парламент депутаттарының талқылауына жіберіледі.

Ұлыбританияда интернет-қолтаңбаның ең үлкен жетістігі – автокөлік жүргізушілерінікі. Олар жолды пайдаланғаны үшін ақы төлемеуді талап етіп, онлайн-петицияға 2 миллионға жуық адам қол қойды. Нәтижесінде заң жобасын депутаттар кері қайтарды.

Францияда петиция ұлттық жиналыстың тиісті комитетінде қаралады. Ал Германияда арнайы петициялар комитеті жұмыс істейді. Онда жылына 50 мыңға дейін азаматтың өтініші қаралады. Егер петиция­ға 50 мың адам дауыс берсе, ондай ұсынымдар Бундестагқа жіберілетін петиция комиссиясының ашық отырысына шығарылады.

Демократиялы елдердің ­конституциясында азаматтардың бастамасын қарап, оған жауап беруімен бағалы. Мысалы, Португалия, Шотландия және Люксембургте петициялар Парламенттің веб-сайтында жарияланады. Сербия конституциясында азаматтар өтініш беруге және жауап алуға құқығы бар деп айқын көрсетілді.

2012 жылдан бастап жұмыс істейтін еуропалық азаматтық бастаманың сайтында: «Еуропалық Одақ азаматтары Еуропалық комиссияның атына өз өтінішін жібере алады әрі азаматтық бастама миллионнан астам дауыс алса, онда Еуропалық Парламенттің қарауына мақұлданған өтініш мәртебесіне ие болады.

АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріндегі қоғамдық бақылау­дың бір түрі – азаматтық вето институты. Бұл рәсім референдумда дауыс беру арқылы билік органдары қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді қабылдамауға ықпал етеді. АҚШ-та қоғамдық бақылаудың бір нысаны – полиция органдарының қызметін бақылау. Бұл құқық қорғау қызметкерлерінің өз құқығын теріс пайдалануға жол бермейді.

Онлайн-өтініш қарауда Өзбекстанның тәжірибесі қалыптасты. 2018 жылы бұл елде Mening fikrim деп аталатын портал іске қосылды. Порталға ұжымдық өтініш түскен сәттен оның заңдылығы тексеріледі. Азаматтардың мәселесіне Парламент назар салуы үшін петицияға кемінде 10 мың адам қол қоюы керек. Екі жыл ішінде Өзбекстанның заң шығарушы органы 7 петицияны қарады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПЕТИЦИЯ ҚОЗҒАЛЫСЫ

Қазақ қоғамына петиция ұғымы жат емес. Әсіресе ХХ ғасырдың басында қолданыста болды. 1902-1907 жылы қазақ халқын христиан дініне енгізуді тоқтатуды, оқу орнын құруда тиісті жағдай қалыптастыруды талап еткен петициялар Ресейдің орталық органдарына көп жолданды. Соның ішінде адамдарды көп қамтығаны «Қарқаралы петициясы» еді. 1905 жылы Ресей патшасы II Николайға жолданған өтініште сот ісін қазақ тілінде жүргізу, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыруды сұрады.

Бұған дейін petitions.kz, otinish.kz, onlinepetition.kz, drfl.kz және тағы басқа сайттарда биліктің назарына түрлі тақырыпта петиция жарияланды. Павлодар мен Петропавл қаласының атауын қазақшалау туралы петицияға 50 мыңнан аса адам үн қосты. Әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа төмендетуді сұраған петиция 100 мыңнан аса қол жинады. Әкімдердің отставкасын талап еткен петициялар да көпшіліктің назарын аударды. Бірақ бұлардың құқықтық мәртебесі жоқ. Өйткені петицияны реттейтін заң да, ортақ сайт та болмады.

2023 жылы 2 қазан айында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қоғамдық бақылау және әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселесі бойынша өзгерістер пен толықтырулар қаралды. Заң 2024 жылдың 4 сәуірінде күшіне енеді. Біздің елде петицияны беру тәртібі осы заң актілеріне сай іске асады.

Сәуір айынан онлайн өтінішті «e-Otinish» ақпараттық жүйесіндегі «Петиция» модулі арқылы беруге болады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров айтты.

– Интернет-ресурста петиция орналасқаннан кейін алты ай ішінде адамдар қосылып, үн қатып, өз көзқарасын білдіруге құқылы. Үкімет құзыретіне жататын мәселелер 50 мың дауыс жинауы тиіс. Облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктері тиісті әкімшілік-­аумақтық бірліктің тұрғындарының 1 пайыз дауысын, сондай-ақ осы деңгейдегі мәслихаттар 2 пайызын қамтыған кезде қаралады. Петиция міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады. Өтініш тіркелгеннен кейін тиісті дауыс санын жинаса, орталық мемлекеттік органдар 40 жұмыс күнде, әкімдіктер мен мәслихаттар 20 күнде жауап беруі керек, – деді Қайрат Қамбаров.

Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар петицияны қарау барысында уақытша комиссия немесе жұмыс тобын құрып, мәселені жан-жақты тексеріп, зерттейді.

Адамдардың құқығына, бостандығына, денсаулығына, иманына нұқсан келтіретін петициялар қабылданбайды. Сондай-ақ елдің тұтастығына, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпке, мемлекеттік тілдің мәртебесіне, рақымшылық ету, төтенше жағдайлер шеңберінде қабылданған шешімге байланысты өтініш және тағы басқасы қаралмайды.

P.S: Енді онлайн-петиция институтын дамытудың заңды тетігі бар. Кез келген азамат елдегі бастамаларға өз пікірін білдіріп, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосуына мүмкіндік алды. Заңның пәрменді болуы адамдардың белсенділігіне тікелей байланысты.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button