Ел тынысы

Қазақ ғылымының атасы

Астанада ұлт ғылымының көшбасшысы, Ұлттық ғылым академия­сының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Ғылым күніне орайлас өткен іс-шаралар елорда төріндегі Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, ҚР Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Халықаралық Сәтбаев қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, және белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысуымен Ғылым академиясының тұңғыш президентіне жасалған барельеф ашылды.

Одан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұлт ғылымының көшбасшысы, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы, даңқты геолог, қоғам және мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылым күніне орайлас өткізілген конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Президенттің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқыды. Жиынға Парламент депутаттары, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев өзінің құттықтауында ғұлама ғалымның ғибратты ғұмыры туған елге деген сүйіспеншіліктің үлгі-өнегесі екенін атап өтті.

«Құрметті конференцияға қатысушылар! Баршаңызды ұлт мақтанышына айналған ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Қаныш Имантайұлы Қазақстанды өркендетуге орасан зор еңбек сіңірді. Ол көптеген кең орындарын ашып, өнеркәсіп саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлттық ғылым академиясының негізін қалап, ғалымдардың тұтас болуын қалыптастырды. Төл тарихымыз бен мәдениетімізді зерделеп, руханиятымыздың өрісін кеңейтті. Қаныш Сәтбаев – қазақ тарихында айрықша орны бар, тұғырлы тұлға. Әйгілі ғалымның туған күні еліміздің мерекелік даталар тізіміне ғылым қызметкерлері күні ретінде белгіленуі – соның айқын дәлелі. Қазақтың біртуар перзенті «халқым менен де биік» деген ұстаныммен өмір сүрді. Оның ғибратты ғұмыры, туған елге деген шексіз сүйіспеншілігі, ұлт мүддесіне адалдығы – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, есімін ұлықтау – ұрпақ парызы» делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Конференция барысында бір топ академиктер мен ғалымдар өз баяндамаларын оқыды. Солардың қатарында Ұлттық ғылым академиясының президенті Алтынбек Күрішбаев өз сөзінде ғалымның ғибратты мұрасы қамтылған 800-ге жуық мақала мен оның редакция­сымен Ұлттық ғылым академиясында жарық көрген 30 ғылыми еңбектің маңыздылығына тоқталды.

Айтулы іс-шараның аясында ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында ғалымның барельефі орнатылды. Жоба авторы – Суретшілер одағының мүшесі Талғат Анарбеков. Сондай-ақ академикті еске алу мақсатында оның жеке заттары, эксклюзивті портреттері елордаға әкелініп, арнайы көрмеде ұсынылды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button