Елорда тынысы

Үлескерлер мәселесі шешілді

Астанада 2014-2015 жылдары тұрғын үй салатын «ШейхКазИнвест» ЖШС-іне үлескер ретінде қаржы құйған «Хазрет Астана» тұрғын үй кооперативінің мүшелері алданып қалған болатын. 9 жылдан бері үй де, ақша да жоқ жүрген осы үлескерлер биыл қала әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік тұрғын үйлерден пәтерге ие болды. Оларға «Елорда құрылыс» компаниясының тапсырысымен салынған үйден баспана берілді.

«ШейхКазИнвест» ЖШС Есіл ауданындағы Е127 және 535 көшелерде «Хазрет» тұрғын үй кешенін салып, уәде еткен үйдің құрылысын 2015 жылы үшінші тоқсанда аяқтауы тиіс еді. Алайда компания құрылысқа рұқсат құжаттарының жоқтығынан үй салуды бастамаған. Сарыарқа аудандық №2 сотының 2016 жылғы 11 мамырдағы үкімімен құрылыс салушы, нақты айтқанда, «ШейхКазИнвест» ЖШС басшылары О.Шнайдер, ­Ч.Саидов және Р.Багаев ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөліміне сәйкес бірнеше жылдарға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші үлескерлер арасынан 61 адамнан тұратын «Хазрет Астана» тұрғын үй құрылыс кооперативі құрылды. Оларға 2018 жылы бірнеше рет «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысуға ұсыныс берілген. Алайда олар бұдан бас тартып, өз беттерінше әрекет жасап көрген. Дегенмен одан ештеңе шықпай, 2021 жылы кооператив мүшелері ақыры осы ұсынысты қабылдап, қала әкімдігіне өтініш етті. Сол жылы 30 маусымда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссия хаттамасына сәйкес үлескерлер мәселесін шешу үшін аталған кооператив мүшелерін «Арыстан» ТК-не үшінші кезекпен орналастыру туралы ұсыныс айтылды. Сөйтіп желтоқсан айында уәкілетті ұйым мен аталған кооператив арасында ұсынылған тұрғын үй кешенінің 4-блогына көшу туралы келісімге қол қойылды. «Арыстан» ТК үшінші кезегінің құрылысын №114 бірлескен қызмет келісімшарты аясында «Integra Construction KZ» ЖШС аяқтады.

2019 жылы елордада шамамен 150 проблемалы үй болды. Ал 2023 жылдың басында олардың саны 32 үйге азайды. Мемлекет басшысының Астана қаласын дамыту жөніндегі мәселелерге арналған отырыста берген тапсырмасымен 22 проблемалық үй бойынша баспана мәселесі шешіліп, 3,6 мың үлескер үйлі болды. Тағы 9 нысан бойынша алдағы айларда баспана кілтін беру жоспарланған. Демек проблемалық барлық нысандар 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін салынып, пайдалануға беріледі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және әкімдіктің ерекше бақылауында.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button