Басты ақпаратМәселе

Artsport жобасы тиімді ме?

2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жасөспірімдерге қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілді. Яғни мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қосымша білім беру
орталықтары, мәдени үйірмелер, спорттық секциялар жұмысы жанданды. Бұл бастаманы алғашқы кезде ArtSport платформасы жүзеге асырды. Кейін Damubala жүйесі іске қосылды.

БАРШАҒА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛСА

Бүгінде елордалық оқушылар шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына тегін барып, өзінің шығармашылық және спорттық қабілетін дамытып келеді. Бұл – құптарлық жоба, қуанатын жағдай. Алайда орталықтың барлығы игілікті бастаманың шарапатын көріп жүр ме? Екі жыл бұрын құрылған «Заңғар» орталығының басшысы осындай мәселені көтерді. Оның сөзінше, ваучер алуда алалау­шылық бар, себебі қанша рет электронды өтінім жібергенімен ваучер ала алмапты.

Оқырманның пікірін негізге алып, қалалық Мәдениет басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарластық.

Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзин: – 2023 жылғы қаржыландыру 4,2 миллиард теңгені құрады. Елордада 45 түр бойынша 516 үйірме жұмыс істейді. Өтінім беруші саны – 241. 2023 жылы қосымша ваучер берілген жоқ. Соған байланысты орталық басшылары бізге хабарласты. Бүгінде мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша қосымша ваучер беру, кезекке тұруды ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қосымша ваучер берілген жағдайда, ақпарат құралдарында жарияланады, – деп жауап берді.

Қыркүйек айында 13 мың бала шығармашылық үйірмемен қамтылды. Онда 529 педагог жұмыс істейді екен.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат ­Ағзамов: – 2023 жылы 4,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы спорттың 25 түрі бойынша 575 спорт секциясы жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Белсенді ваучер саны – 20 мың. Өтінім беруші саны – 216. 19 сәуірде басқарма баға ұсынысын сұрату тәсілімен сатып алуды жариялап, оны «QazTiQet» ЖШС (платформа – damubala.kz) жеңімпаз атанды. Осыған сай мемлекеттік спорттық тапсырыс damubala.kz. ақпараттық жүйесі арқылы іске асуда. Биыл қаржы тапшылығына байланысты ваучер берілген жоқ. Қосымша бюджеттік өтінім бердік, – деді.

Сөзсіз, бұл бағдарламаның балалар үшін пайдасы көп. Әсіресе қалалық жерде тұратын өспірімдер шығармашылық потенциалын, спорттық қабілетін шыңдауда таптырмайды. Бірақ бағдарлама басынан қара бұлт арылмай тұр. Соңғы кездері балалардың игілігі үшін жасалып жатқан шаруаның жергілікті әкімдік тарапынан дұрыс ұйым­дастырылмау фактісі мен бюджет қаржысына қол сұғудың түрлі әдіс-айласы тіркелді.

ҚАТЕЛІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Artsport жұмысына қатысты қателік болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар баласын бірден бірнеше үйірмеге берді. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесті. Кемшілікті түзетіп, игі бастаманы жалғастыру керек» деп ескертті.

Астана қаласының тексеру комиссия төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев төрағалығымен өткен жиында бағдарламаның кем-кетігі ашылды. Комиссия мүшесі Ардақ Тоқбергенов сөзінше, 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылғы қыркүйекке дейін қамтыған Мемлекеттік аудит кезінде Мәдениет басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысы тексерілді.

– Аудит барысында бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Мәселен, Мәдениет басқармасы
4 миллиард 843 миллион теңгенің, Спорт басқармасы бойынша 5 миллиард 896 миллион теңгенің бюджеттік өтінімінде ақпарат дұрыс көрсетілмеді. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарланған үйірме түрлері бойынша нақтылық және үйірмелердің қажеттілігі бойынша есеп жоқ және 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың қамтылу жалпы саны белгісіз. Өтінімді қарау мерзімін бұзудың 348 жағдайы белгілі болды. Оның ішінде, 141-і шығармашылық, 207-сі спорттық тапсырысқа жатады. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айында ақпараттық жүйенің жұмысы қолжетімсіз болып, балалар тегін секцияға қатыса алмады, – деп бірқатар мәселені атады Ардақ Тоқбергенов.

Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шарада анықтағаны кемшіліктің бергі жағы қана. Бір балаға екі ваучер бергені анықталды. Екі басқармада мұндай фактінің саны – 1132. Мұның зиян-залалы көп. Мәселен, бюджет қаражатын мақсатты жұмсауда қиындық туғызады. Елордалық оқушыларға ғана берілуі тиіс ваучерлерді Ақмола облысының іргелес аудандарындағы балаларға бергені тіркелді. Оншақты емес, 10 мың ваучер берілгені белгілі болды. Мұның бюджетке шығыны 2 миллиард 951 миллион теңгені құрады.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов кезекті жиында Artsport жобасы аясында қосымша білім алатын балаларға толық талдау керек екенін айтып, Цифрландыру басқармасы осы бағытта талдау жүргізіп жатқанын сөз етті. Демек тексеру комиссия анықтаған қателіктерді ресми орган талдап, жұмысты жүйе­лей түсуде серпін береді.

БОЛАШАҒЫ БАР МА?

Балаларға қосымша білім беретін мемлекеттік тапсырыс институты – ұтымды жоба. Тек ұйымдастыру жұмысында басшылардың жанашырлық көзқарасы жетіспей жатқанын мойындау керек. Болмаса, бір өңірдің ваучерін басқа аймаққа үлестіруді қалай түсінуге болады. Дегенмен баласын тегін үйірмеге берген ата-аналар қуанышты.

– Үш баланың анасымын. Үшеуі де мектеп жасында. Оларды қосымша білім алатын орталықтар мен шығырмашылық үйірмелерге ақылыға беретін болсам, ай сайын 150 мың теңге шығындар едім. Қазір damubala-мен ұлымды футболға, қыздарымды шахмат пен биге беремін. Сөйтіп, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік алдық. Балаларым өз қабілетін шыңдап, қалалық турнирлерге қатыса бастады, – дейді қала тұрғыны Перизат Әубәкірова.

Бұл бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда да пайдасы көп. Біріншіден, бұқаралық спорттың дамуына әсер етіп, жасөспірімдер арасында түрлі деңгейдегі турнирлер қозғалысы қалыптасады.

Екіншіден, білікті бапкерлер қосымша жұмыс істеуіне жол ашылып, жаттықтырушылардың басқа салаларға кетуі әлдеқайда азаяды.

Үшіншіден, жаңадан спорттық клубтар ашылып, спорт психологы мен дәрігерлері спортшылардың рухын көтеруге көмегі тиеді.

Төртіншіден, спорт жабдықтары (тренажер, инвентарь) мен құралдарға (доп, коньки, қолғап, кимоно), арнайы киімдерге сұраныс артады.

Бесіншіден, спорттық керек-жарақ – медаль, белдік, кубокқа нарықта сұраныс артып, спорттық тамақтану – ақуыз, гейнер, витаминді уақытылы, тиімді ішу мәдениеті қалыптасуына әсер етеді.

Бағдарламаның мәдени-рухини бағыттағы әлеуметтік-экономикалық перспективасын дәл осылай талдауға болады. Яғни бұқаралық спорт пен шығармашылық орталықтардың жұмысын дамытып, жастардың білім-білігін шыңдап, бәсекеге қабілетті ұлт болуда бұл бағдарламаның септігі көп.

P.S: Айтқанға бәрі жақсы, бәрі әдемі. Бірақ біздің ашкөздігіміз игілікті істерді баянды етуге кедергі келтіріп тұр. Жосықсыз жеткізушілермен жүйелі түрде жұмыс істеп, жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, бағдарламаның елдің өсіп-өркендеуіне қосар үлесі көп.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button