Басты ақпаратСараптама

Қоқыс пен қалдық түйткілі

Астана қаласының тұрғындары Әмір Сұлтанов пен Әлия ­Әлімованың үйлерінде бір ерекше тәртіп бар. Асүйде тамақ қалдықтары мен қоқыс салатын шелектер бөлек-бөлек қойылған. Отбасының әр мүшесі қағаз қиындысын бір ыдысқа, босаған пластикалық заттарды бір шелекке, ас қалдықтарын тағы бір шелекке салып отырады. Әрі бұл күнделікті бұлжытпай орындалатын отбасының әр мүшесінің қатаң дағдысына айналыпты.

Ереже өзгерді, бірақ…

– Мені мұндай тәртіпке кезінде әке-шешем үйреткен-ді. Енді, міне, сол дағды ұрпақ сабақтастығына айналып, мен үйде перзенттерімді қаршадайынан ұқыптылыққа, тазалыққа қоршаған ортаға аса құрметпен қарауға баулып, сөйтіп, оларға жақсы тәрбие беруге күш салып келемін. Өзім кезінде мектепте экологиялық тәрбие сабақтарына көп қатыстым. Бүгінгі таңда білім ошақтарында сондай сабақтар өте ме, өтпей ме, мен білмеймін. Тек білетінім, қазір бізде тұрмыстық қалдықтардың 90 пайызы алдын ала сұрыпталмай қоқыс алаңына шығарылады. Мұның қоршаған ортаға өте зиян екенін үкімет те, халық та біледі. Алайда нақты бір шара қолданбай келеді.

Екінші мәселе, еуропа елдерінде қоқыстың 85-90 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, бұқараның кәдесіне жаратылуда. Әрі-беріден кейін ол біле білгенге – нағыз табыс табыс көзі. Ал бізде қалай? Үйдің сыртындағы қоқыс жәшігіне тамақ қалдықтарымен қоса темірді де, терсекті де, тасты да, пайдасыз болып қалған ескі жиһазды да тастай береді. Бұл жайдың асқынып кеткені сонша, үкімет арнайы заң қабылдауға мәжбүр болды. Ендігі жерде қазақстандықтарға үйлерінің жандарындағы қоқыс жәшігіне жарамсыз жиһазды, сантехника заттарын немесе құрылыс қоқыстарын тастауға тыйым салынды деді елорда тұрғыны.

Расында да сынған үстелдері мен орындықтарын қоқыс жәшігіне сүйреп бара жатқан көршілерді талай көрдік. Бұдан былай олар енді мұндай дүниелерін қала сыртындағы қоқыс полигонына өздері апаруына тура келеді.

Қазақстан Республикасының Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіп, «Контейнер алаңына және оған іргелес аумаққа құрылыс қалдықтары мен ірі көлемдегі қалдықтарды тастауға рұқсат етілмейді. Мұндай қалдықтарды пәтер иелері немесе заңды тұлғалар қала сыртындағы полигондарға өздері апарып төгуі қажет.

Сондай-ақ абаттандыру ережесіне сәйкес қала мен елді мекендерде сұйық тұрмыс қалдықтары мен ірі көлемді қоқыстарды қоқыс құбырына тастауға тыйым салынады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Дегенмен, осы ережені көбі ескере бермейді.

Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға 20 АЕК (69000 теңге) шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық ұйымдарға 30 АЕК (103 500 теңге), ал орта кәсіпкерлікке – 40 АЕК (138 000 теңге), ірі кәсіпкерлікке – 100 АЕК (345 000 теңге) айыппұл қарастырылған

Заңгер Алексей Кимнің айтуынша, кейінгі кезде жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің кіреберістеріне «қоқыс контейнеріне тек коммуналдық қалдықтарды салыңдар. Әрі оларды қағаз, картон, әйнек, металл, пластмасса, органикалық қалдықтар, ағаш, тоқыма, қаптама, электр және электронды жабдықтар – батарея мен аккумуляторларды бөлек-бөлек жинақтаңдар» деп арнайы жазып та қойылады. Бірақ көпшілік тұрғындар мұны құлағына да ілмейді. Көрсе де көрмеген болып жүре береді. Өйткені оларда бала кезден ондай ұғым қалыптаспаған. Тіпті таңертең үйінен шығарған пакет-пакет қоқыс­тары мен тамақ қалдықтарын үйдің кіреберісіне тастап кететіндер бар. «Міне, осындай қоғамдық тәртіпті бұзып, заңға бағынбайтындарға қандай шара қолдануға болады?» деп сұрайтындар көп.

«Кіреберіске қоқыс тастап, ірі көлемді ескі заттарды алаңға шығарып тастайтындарға учаскелік полиция инспекторы әкімшілік жаза қолдана алады. Ол үшін фото, бейне дәлелдеріңіз болуы керек. Расында нақты бір адамды жауапкершілікке тарту үшін бұлтартпайтын дәлел немесе куә болуы қажет. Сол кезде заң бұзған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді. Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға 20 АЕК (69000 теңге) шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық ұйымдарға 30 АЕК (103 500 теңге), ал орта кәсіпкерлікке – 40 АЕК (138 000 теңге), ірі кәсіпкерлікке – 100 АЕК (345 000 теңге) айыппұл қарас­тырылған» деп түсіндірді заңгер.

Жауапкершілік артса…

Елімізде қазір тұрмыстық қалдықтарды полигондарда өртеп, жойып жүр. Ал оның бірнеше қаупі бар. Біріншіден, қаланың сыртында полигонда жаққанымен, от шыққан соң оны нақты бақылап, дер кезінде сөндіріп отыру керек. Екіншіден, одан шығатын түтін қоршаған ортаға, адамдар мен жануарларға зиян екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Үшіншіден, қалдықтарды пайдаға жарату жағын көздеген қалаларда оны әуелі трактормен нығыздап, бөлек жинақтап қоюы қажет. Ал оған да қыруар шығын, уақыт бөлінуі тиіс. Астанада осындай қалдықтарды өңдеп, кәдеге асыратын шағын зауыт салу жоспарланғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Рас, зауыттың алғашқы бөлігі іске қосылғанымен, ол әрі толық қуатында жұмыс істеп кете алмай келеді. Тек жылына 300 тонна картон, 30 тонна қағаз өңдеп шығарудан әріге аса алмай отыр.

Таяуда газетімізде жазылғандай, елорда аумағында 338 бейберекет қоқыс шашылған учаске анықталған. Соның ішінде тек 3-еуі ғана рұқсат етілген орын болып шыққан. Бүгінгі таңда Астана қалалық әкімдігіне қарайтын аудандар 338 учаскенің 190-ын жойып, оларда жинақталған 102 мың тонна тұрмыс қалдықтарын тиісті қоқыс төгетін орындарға тасымалдапты.

Мұндай келеңсіздіктер бас қалада қайталанып тұратынын жасыруға болмайды. Өйткені шаһарда заңды қоқыс тастайтын орындар нақты белгіленбеген. Экологтар бұл жерде негізгі екі нәрсені баса айтып келеді. Біріншісі, инсинерация (қалдықтарды нығыздап, өңдейтін құрал) жасайтын құрылғы орнату үшін немесе өртеп жою үшін нақты жауапты бір мекеме болмай отыр.

Екінші бір ойландыратын жайт, тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге пайдаланылатын полихлордефинил сұйықтықтарының қоршаған ортаға қауіп төндірмеуі. Осы саладағы бизнес өкілдері адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігінен гөрі қалталарының қамын көбірек күйттейтіні байқалып қалып жатыр. Сондықтан сарапшылар осы бағыттағы жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы заңды қатайтуды талап етіп  отыр.

Астана қаласында тұратын эколог Айқын Бекназардың пікірінше, қазіргі күні елімізде тұрмыстық қалдықтарды шығару құны төмен көрінеді. «Бас қаламыз күл-қоқыс пен құрылыс қалдықтарының астында қалмасын десек, тарифті көтеру керек. Өйткені қалдықты полигонға шығару бар да, оны сұрыптау бар. Сосын өңдеуге келмейтіндерін жерге көму қажет. Міне, осының барлығы шығын емес пе? Қазіргі белгіленген тариф мұның жартысын да жаппайды» дейді маман.

Тұтынушы екі рет ақы төлейді

– Өткен кезеңдерге көз жүгірт­сек, бұрын қалдықтарды шағын қалаларда бөлек-бөлек жинау тәжірибесі болған. Осы тұрғыда қайта өңделген материалдарға арналған торларды тегін орнатқан кәсіпорындар табысты болғанын көреміз. Қазір сұрыптау қызметін бизнес көзіне айналдырып отырған кәсіпкерлер бұл саладан қаржыны аямаса екен дейді эколог Айқын Нұрматұлы.

– Бәрін қарапайым халықтың иығына арта беруге болмайды. Онсыз да тұтынушылар тұрмыс­тық қалдықтар үшін екі рет ақы төлейтінін біреу білсе, біреу білмейді. Мен сізге айтайын, адамдар бірінші өнімді сатып алған кезде өнімнің бағасына кіретін қаптама үшін ақы төлейді. Мұны көпшілік ескере бермейді. «Кез келген тауар сатып алсаңыз, сыртқы қорабын он төрт күн сақтаңыз» деп ескертеді. Сонда сіз оның құнын төлеп қойғансыз. Ал екінші рет оны қоқыс ретінде тастап, ақы төлейтініңіз.

Қазір Астана қаласында сұрыптау жұмыстарымен бірнеше шағын кәсіпкерлік субъектілері айналысады екен. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жандана түсуі керек-ақ. Бастысы, қоқысты бөліп жинау, сұрыптау мен қайта өңдеу – елдің бүгіні мен болашағы үшін аса қажетті дүние. Сондықтан әр азамат осы іске толыққанды үлес қосып, ауқымды жобаның ойдағыдай іске асуына атсалысса дейміз.

Тағы бір жайт, бас қаланың аудандары мен шеткері аймақтарының санитарлық жағдайы мен айналасындағы қоқыс үйінділеріне мемлекеттік органдар ерекше көңіл аударуы, тиімді шаралар қабылдауы тиіс. Тұрмыстық қалдықтар орналасқан орындарды бақылауға алып, оның қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізгені жөн. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолдау көрсету керек. Сонда ғана экологиялық тұрғыдағы ойлаған мақсатымыз жүзеге асады деген тәжірибелі экологтың пікірімен толық келісуге болады.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button