Басты ақпаратЕлорда тынысы

Кәсіпкерлікке қолайлы қала

Астананың экономикалық дамуына бизнес саласының қосып отырған үлесі орасан. Бүгінгі таңда елордада 210 мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Бизнес 460 мыңдай адамды жұмыспен қамтып отыр. Кеше Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордалық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, ортақ мәселелерді талқылады.

«Ашық микрофон» форматында өткен басқосуға құқық қорғау және қаржы институттарының басшылары да қатысты. Бас шаһардың басшысы Жеңіс Қасымбек:

– Бүгінде елордада іргелі істер атқарылуда кәсіпкерлер айтарлықтай үлес қосуда. Астана қаласының экономикасында кәсіпкерлік саласының үлесі 73 пайызды құрайды. Қазір ел орталығында 209 мыңнан астам кәсіпкерлік субъект жұмыс істейді. Қала тұрғындары олардың қызметін күн сайын түрлі салаларда пайдаланады. Бизнес 460 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, сондықтан кәсіпкерлерге көмек көрсету және тиісті жағдай жасап келеміз, – деді.

Кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға жауапты палатаның төрағасы Райымбек Баталовтың сөзінше, диалог алаңында кәсіпкерлер өзінің мәселесін ортаға салып, оң шешілуіне қол жеткізіп жүр.

Әкім мен бизнесмендер арасындағы кездесу ашық диалог құратын платформаға айналып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Мәселен, 30 наурызда өткен кездесуде 55 сұрақ көтерілсе, соның 50-і өз шешімін тапты. Қалған 3 сұрақ бойынша жұмыс жүргізіліп жатса, мемлекеттік сатып алудағы кедергіге байланысты екі сұрақтың нақты шешімі болмай тұр. Бұл туралы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев айтты.

Бизнесті ілгерілетудің тұрақты көзін тауып, жеке инвестицияны ынталандыру арқылы экономиканы әртараптандыруға болады. Озық елдердің тәжірибесінен осындай үлгіні көруге болады. Әсіресе бизнесмендер елі саналатын Жапония мен АҚШ-та бизнесті қолдайтын палаталар құрылып, әрдайым кәсіпкерлердің ісі жандануға мән беріп келеді. Бұл бағытта Астана қаласы елдің өзге өңірлеріне үлгі бола алады. Еркін форматтағы кездесуде кәсіпкерлер өзін толғандыратын сұрақты қойып, нақты жауабын алады. Алғашқы сұрақты Қазпотребсоюз жоғарғы колледжінің директоры Мырзабек Күжімов қойды. Оның айтуынша, қазір кәсіби маман қалыптастыруда дуалды оқыту бағдарламасы маңыз­ды. Сапалы білім беруде теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын технологияның аты жақсы болғанымен, бірнеше жылдан бері өз деңгейінде қаржыландырылмай келеді.

Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрлігінің өкілі тиісті құжатқа өзгерістер енгізілгенін, бұйрықты Қаржы министрлігі қолдаған жағдайда, көтерілген мәселе шешімін табатынын атады.

Одан кейін Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков сөз алып, әлеуметтік нысандар: мектеп пен балабақша ісіне жауапты мемлекеттік органдардан жұмыс тобын құрып, білім саласын дамытуда бірыңғай стратегия әзірлеуді ұсынды.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек елордада әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызды екенін айтып, Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл аяғына дейін 10 мектептің есігі ашылады.

– Шын мәнінде, Астана қаласында жыл сайын бала туу және ішкі миграция есебімен 600 мың адамға көбеюде. Осыдан 7-8 жыл бұрын 20-22 сәби дүниеге келсе, қазір 33-35 мың бала туады. Бұл дегеніңіз, мектеп пен балабақша мәселесін тездетіп шешу керектігін көрсетеді. Ұлттық жоба аясында салынатын 25 мектеп 45 мыңға жуық оқушыны қабылдайды. Келесі жылдан бастап бюджет және кәсіпкерлер қолдауымен балабақша құрылысын жүргізуді бастаймыз, – деп жауап берді қала басшысы.

Келесі сұрақтың да мән-маңызы ауқымды болды-ау, қала әкімі көсіле сөйледі. Сұрақты Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков қойды. Ол жарық, жылу сынды инфрақұрылымды бөлуде ашықтық жетіспейтінін айтты.

– Елордада әлеуметтік нысандарға қарағанда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл басында жұмыс тобы қала аумағында рұқсат құжаттары жоқ 76 нысан анықталып, жұмысы тоқтатылды. Біз салымшылардың мүддесі үшін 20 құрылыс жүргізуіне қажетті рұқсат құжатын бердік. Бірақ бұлай жалғаса беруге болмайды. Енді құрылыс компаниялары ірі-ірі тұрғын үй кешенін сала ма, онда қасына мектеп немесе емхананы қоса салуды міндеттейміз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Жалпы кездесуде қолына микрофон алып, сұрақ қоюға ниетті кәсіпкер көп болды. «Medhouse Kazakhstan» ЖШС директоры Самат Исабаев, «Good Project» компаниясының басшысы Гурген Басенцян, «Центр развития городского туризма» Татьяна Верницкой және тағы басқа 30-ға жуық адам сұрақ қойып, тиісті жауабын алды.

 

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button