Әлеумет

Игілікті істердің иесі

Елордада мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы, жалғызілікті, ерекше балалары бар аналардың қатары өсіп келеді. «Bilimall» білім беру орталығының директоры және Strong mothers NS ҚҚ басшысы Райгүл СЕРІКБАЕВА – солардың қатарында.

Ол – көпбалалы ана. Алғаш рет 2016 жылы өзі тұратын Өндіріс шағын ауданында ағылшын тілінен сабақ бере бастағанда балаларын түрлі үйірме мен қосымша сабаққа бергісі келеді, бірақ сол ауданда ол кезде оқу орталығының болмауы, қаланың басқа аудандарындағы орталыққа барып-­келудің біршама қаражатты қажет ететіні ойындағысын жүзеге асыруға қолбайлау болып, біраз қиналғаны бар. Көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың қолжетімді қосымша білім алуына мүмкіндігі жоқ екенін ойлап, оларға қол ұшын созып, мүмкіндігінше көмектесуді арман етті. Сөйтіп, өзі секілді көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін оқу орталығын ашу туралы ой жетегінде жүріп, мемлекет тарапынан берілетін грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады. Осылайша, алдымен 2019 жылы, кейін 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант ұтып алып, сол қаражатпен армандаған оқу орталығын ашады. Көп ұзамай орталыққа техника мен жабдықтар сатып алып, ісін дөңгелете береді. Кішігірім кабинетте туған жақсы идея жалғасын тауып, әлеуметтік кәсіпкерлер қатарына қосылады.

– «Бизнес бастау» жобасы жайында әкімдікте өткен жиналыстар мен әлеуметтік желілерден естіп-білдім. Жоба бойынша екі айлық курста оқып білімімді жетілдірдім. 2019 жылдың желтоқсан айында жоба бойынша алғашқы грантымды иелендім. Одан кейін 2021 жылдың шілде айында грантқа тағы да өтініш беріп, мемлекеттен қайтарымсыз 5 млн теңге жеңіп алдым. Бүгінгі таңда Астананың барлық ауданында орталығымыздың 4 бөлімшесі бар. Олар Қ.Кемеңгерұлы, 11; Р.Қошқарбаев, 39; Ш.Уәлиханов, 3 және Ж.Молдағалиев, 2 мекенжайында орналасқан. Ең алдымен кішігірім оқу орталығын аштым. Қосымша сабаққа келетіндер саны көбейіп, орталық дами түсті. Қажетті оқу-материалдық құралдарды алып, орталығымыздың екінші бөлімшесін ашуға бекіндім. Ал қалған екі бөлімшені мемлекеттік грант нәтижесінде аштым, – деді Райгүл Серікбаева.

Бүгінгі таңда оқу орталығында шамамен 15 мұғалім жұмыс істейді. Олардың қатарында «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жастар да, зейнеталды жастағы және зейнеткер ұстаздар да бар.

Білім беру орталығы жетекшісінің айтуынша, мұндағы оқу ақысы екі түрге жіктеледі. Оның бірі – жеңілдік бойынша, ал екіншісі – жалпы баға бойынша. Көпбалалы отбасы үшін мұнда үлкен жеңілдік қарастырылған. Бұл орталықта мектепке дайындық, ұзартылған күн тобы, домбыра, шахмат, математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, вокал, фортепиано үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар жылына төрт рет көпбалалы аналарға ағылшын тілі және цифрлық сауаттылық курсы өтеді.

– Елордадағы көпбалалы, жалғызілікті және ерекше қажеттілігі бар бала өсіріп отырған аналар бірігіп, «Астана­ның мықты аналары» – Strong Mothers NS атты қоғамдық қор аштық. Біздің қоғамдық қордың басты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуетін ашу, көпбалалы аналар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді қолдау арқылы Қазақстанның дамуына жәрдемдесу. Сонымен қатар осы қоғамдық қор арқылы аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы, жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі балаларды өсіріп отыр­ған аналарға ақпарат, құжат тұрғысынан қолдау көрсету, демеушілер мен серіктестердің көмегімен азық-түлік себетін таратып беру, осы топтағы отбасылардың балаларын 50 пайыз жеңілдікпен өз мекемемізде оқытуды басты мақсат етіп отырмыз. Алға қойған міндетіміз бен атқарар шаруа­мыз көп. Балаларымыздың болашағы үшін бәріміз бірлесіп, біріге күш жұмылдырсақ, алға қойған барлық мақсат-межеге сүрінбей жетеріміз ақиқат, – деді әлеуметтік кәсіпкер.

Өз балаларының тәрбие­сімен айналыса жүріп, өзге балалардың да білімді болуы үшін аянбай тер төгіп, кәсібін дөңгелетіп келе жатқан Райгүл Владимирқызы шаршау дегенді мүлде білмейді. Үнемі ізденіс үстінде. Қайтсем балалардың болашағы жарқын, келешегі кемел болады деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, тыным таппайды. Өзі сүйетін кәсіппен айналысу арқылы игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген жанның жас аналарға, жұмыссыз жүргендерге айтары да жоқ емес.

– Жас аналарға және қыз­-келіншектерге айтарым: ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Алдыңызға мақсат қойдыңыз ба, сол мақсатқа сай жұмыс істеуге талпыныңыздар. Жұмысыңызға адал болып, бар күш-жігеріңізді мақсатыңызға жету жолында жұмсасаңыз, еңбектің тәтті жемісін, үлкен нәтижесін көресіз. Тек алға ұмтылу керек, – деді Райгүл Серікбаева.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button