Руханият

АШЫҚБАЕВТЫҢ АСТАНАДАҒЫ КЕШІ

«Ақтөбені көрмегендер бар әлі» деп ақын жырлағандай, «сайран самал соғатын», «шаңырағы – тоқ», «іргесі – құт» қаланы көрмеген жұртқа сол өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік туды. Бүгін Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» бағдарламасының аясында Ақтөбе облысының күндері басталды. Өңір күндерін ҚР Ұлттық академиялық кітапхана шаңырағында айтулы ақын Ертай Ашықбаев «Ассалаумағалейкум Астана!» атты шығармашылық кешімен ашып берді.

ertaj

Мешін жылы Бабатайда туып, бастан талай өмірді зулатқан ақын биыл мерейлі 60 жасқа толды. Студенттік жылдары жазған жырларымен маңайындағы адамдардың мойының өзіне бұрғызған шайыр туған жерінен жырақтамай, ғұмыр кешуде. Қазір шығармашылық ортада Ақтөбе дегенде: «Е, бұл Ертайдың елі ғой» деген тіркес те қалыптасты. Кеш барысында ақын әртүрлі тақырыптағы өлеңдермен жиналғандарды сусындатты.

«Тақыр жерге шөп шықпас» демекші, Ертай ақын сол өңірде туып, өрелі өлеңдерімен бар қазаққа танылған кешегі ақындардың бүгінгі сарқыты. Кеште сөз алған белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы жиналғандардың назарын осыған аударды.

– Ақтөбе дегенде, Нұрпейіс Байғанинді айтпағанның өзінде, менің ойыма Қуандық Шаңғытбаев, Өтежан Нұрғалиев, осы күндерге дейін бағасын ала алмай келе жатқан қазақтың ұлы классигі Сағи Жиенбаев келеді. Сағидың қаламынан құйылып түскен мөлдір жыр, Абай айтпақшы, өлеңдегі «Сылдыраған өңкей келісім» қазақ поэзиясында өте сирек. Міне, кешегі Есенбайлардың, Өтежандардың, Қуан ағалардың, Сағилардың поэзияда тігіп кеткен үлкен байрағын қазір ұстап тұрған осы Ертай, – деді Н. Айтұлы.

14543788_971718946271910_8084158461024205530_o

Ақтөбе жерінің қадір-қасиеті туралы сөз толғаған белгілі сықақшы Көпен Әмірбек ақынның табиғаты туған жерімен тамырлас болатынын еске салды. «Талай жердің шұбатын ішіп жүрмін. Ал Оймауыттың, Байғаниннің шұбатына тік тұрғызып қойған қасық батпайды. Неге? Өйткені, ол жердің шөбінің қасиеті сондай. Естуімше, біздің ғарышкерлер сол Байғаниннің шөбін жеп өскен түйелердің шұбатын паста ретінде тамаққа пайдаланады. Ал сол түйлердің шудасынан скафандр тіктіреді. Сондай жерде туған Ертай ақынның жандүниесі неге таза болмасқа! Кірі жуылып, кіндігі кесілген жері таза, құнарлы ғой. Ертай Ашықбаев талантымен де, мінезімен де әдебиетімізге сіңісті» деді сықақшы.

Студенттік жылдардың қызығын Ертай Ашықбаевпен қатар өткізген саясаткер Әміржан Қосанов сол шақты еске алды. «Мұқағали мен Төлегеннің көзін көрген жоқпыз. Ол кісілер біз оқығанда өмірден өтіп кетті. Сол кезде көзі тірі классик осы Ертай Ашықбаев еді. Журфактың бұл кісі тұратын бөлмесі поэзияның эпицентрі болды. Алматыдағы Әміржанның Ақтөбедегі Ертайдың Астанадағы кешінен табылуын бір жаңалық деп білем. Бұл Астананың өзінің саяси, экономикалық орталықтан мәдени орталыққа ауысып отырғанының белгісі» деді ол.

14481857_971718669605271_2560890287849897985_o

Кеш барысында жазушы Толымбек Әбдірайым, Ертай Ашықбаевтың курстасы, суретші Сейсенхан Махамбет ақын жөнінде сөз қозғады. Ақынның қаламдас інісі Бауыржан Бабажанұлы әзілдермен көмкеріп, кешті әдемі жүргізді. Ақтөбелік талантты әнші Жадыра Арыстанова ақын сөзіне жазылған әндермен кешті көркемдеді.

«Ақын егер ғарышқа аттанатын болса және оған өзімен бірге үш кітапты ғана алып кетуге рұқсат берілсе, ол қандай кітаптарды алар еді?» деген залдан берілген сұраққа ақын «Бес ғасыр жырлайды» кітабы мен Абай өлеңдері мен Есенғали Раушановтың жырларын алатынын айтты.

14500604_971718519605286_2920975785757078211_o

Кеш соңында жиналған жұртқа ақынның «Мешін жылы Бабатайда туғалы» атты жуырда шыққан жыр жинағы таратылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ          

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button