Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ: БАЙЛАНЫС БЕКИ ТҮСЕДІ

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы XIII форумы өтті. Алқалы жиын аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Астана форум

Басқосуда екі ел басшылары кең ауқымды мәселелерді, со­ның ішінде ынтымақтастықты дамытудың басты бағыттарын талқылады.
Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар да қарастырылды.
Қазақстан мен Ресей мемле­кеттік органдарының, квази­мемлекеттік сектор мен іскер­лік ортаның 1300-ден астам өкілі қатысқан Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынты­мақтастығы форумында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын ке­ңейту жолдары қаралды. Қа­зақ­стан Президенті өз сө­зінде Ресей Федерациясы елі­міздің страте­гия­лық одақ­тасы және маңызды сауда-эко­номикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.

Экономикалық ынтымақтастық серпінді

«Біз кең ауқымды бағыттар бойын­ша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз… Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30 пайызға тө­мендегені байқалады. Көп жағ­дайда оның қарқыны бә­сең­деуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда, Мемлекет басшысы екі­жақты экономикалық ынты­мақ­тастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты.
– Біз Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика ин­фра­құрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті республикадағы инвестициялық ахуалдың жақ­сарып, экономиканың әрта­раптандырылуына күш-
жігер жұмылдырылып жат­қанына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру сала­сындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылып, «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін де еске салды.

Көлік саласы – екі ел дамуының қозғаушы күші

Қазақстан мен Ресей өңір­аралық ынтымақтастығы фору­мының пленарлық оты­рысына қатысқан Елбасы шараның күн тәртібіне өзекті мәселе ретінде көлік пен логистиканы шығарып отырғанымызды айтты.
– Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік – олар­дың аумағының кеңдігі мен географиялық орны. Осыны бәсекелестік тұрғыдағы артық­шылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еура­зиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты.

05-1
– Экономикалық саясатымызды үйлестіру қажеттігі туралы таяуда өткен G20 сам­митінде де айтылды. Дәл осы іс-шарада біздің «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдар­ла­мамыз бен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық бел­деуі» атты бастамасын ұш­тастыру жоспарына қол қойыл­ғаны да бекер емес. Біз жобаларды Ресеймен қатарласа отырып, бірлесе жүзеге асыр­ғанымыз дұрыс болар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елі­міз жүзеге асырған, ха­лық­­­аралық көлік дәліз­де­рі­нің конфигурация­сын оң­тай­ландыруға мүмкіндік берген
ірі инфрақұрылымдық жо­баларға тоқталды.
– Бірін-бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді. Со­ның барлығы халықаралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс. Бұл орайда күш-жігерімізді жұмылдырып, осы бағыттағы жұмысымызды үйлестіру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыс­тарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды.
– Жүк тасымалының, ең алдымен транзиттің көлемін түбегейлі өзгерту үшін бар­лық жағдайды жасау қажет. Әкімшілік рәсімдерін оң­тайландыру керек, өзара сауда-саттық барысында рәсімдердің барынша жария­лылығы мен рәсімдеудің жеңіл болуы қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев бірік­кен көлік-логистика компа­ния­сының қызмет аясын ке­ңейту қажеттігін айтып, Еура­зия даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне дайындық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жос­парланып отырғанын, көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп болжанғанын, сондықтан логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды екендігін атап көрсетті.
Ресей басшысы В.Путин құт­тықтау сөзінде Ресейдің Қазақ­станмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға баса назар аударатынын айтты. Ол «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жұмы­­сына белсене қа­тыса­тынын және оның бағдар­лама­сын­дағы 100-ден астам іс-ша­раны бірге ұйымдастыруға дайын екенін әңгімеледі.
Ресей көшбасшысының Қазақстанға жұмыс сапары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің «Жиырма сегіз панфиловшы» фильмін бірге көруімен аяқталды.

Тауар айналымының 16 пайызы Астанаға тиесілі

Қазақстан мен Ресей фору­мының пленарлық отырысына Астана әкімі Әсет Исекешев те қатысып, елорданың дамуы жөнінде баяндама жасады. «Мемлекет басшысы қаланы және оның инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, жасыл белдеуге де баса назар аударады. Астана өзінің бірегей келбетімен танымал, оны жа­сауға әлемнің жетекші сәу­лет­шілері қатысқан. Қалада тұр­ғын үй құрылысы да дамып келеді. 18 жылда 20 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, биыл 2 млн шаршы метр баспана тапсырылады» деді Ә.Исекешев. Елорда басшысы Ресей аймақ­тарымен ынтымақтастық жө­нінде де айтып, қаланың тиімді географиялық ортада орна­ласқанын, ал жаңа темір­жол және автомобиль жолдары Астананы Қазақстанның өңірлерімен ғана емес, Ресейдің шекаралас аймақтарымен де байланыстыратынын баяндады. Бұл физикалық және экономикалық қашықтықты қысқартуға мүм­кіндік береді. Ал Астана – Ресей аймақтары үшін сенімді серіктес, бүгінде екі ел ара­сындағы тауар айна­лымы­ның 16 пайызы Астанаға тиесілі.
Қазіргі кезде ресейлік бизнесмендер өнеркәсіп, ШОБ салаларында жұмыс істейді. Жалпы Астанада 800 ресейлік компания қызмет етеді, бір­қатар маңызды бірлескен жо­балар жүзеге асырылды. Алдағы уақытта қала үшін маңызды басымдықтардың бірі қаржылық хабты дамыту болады. Ғылым мен инновация саласында ынтымақтастықты бел­сенді ету де маңызды. Бү­гінде интеллектуалды инфра­құ­ры­лым құруға баса назар аударылады, ақылды қала технологиялары пайдаланылады.

Әзірлеген:
Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button