Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНА АЙШЫҚТАРЫ

 

era_5071

Елорда төрінде бой көтерген Қазақстан Республикасы Ұлттық музейін көруге келетіндердің қатары күн санап көбейіп келеді. Ондағы Астана залына қойылған экспонаттар жас қаланың өткені мен бүгінінен сыр шертіп, сырттан келген шетелдік қонақтарға Астана ұлттық идеяларды орнықтырушы, ел мақтанышы екенін паш етіп тұрғандай әсер береді. Бүгін – ел астанасының Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіп келген күні. Осы датаға орай біз Астана залының айшықтарымен танысып қайтқан едік.

era_5204

Бозоқ қалашығы бай мұрамыз

Ұлттық музейде он зал болса, соның бірі – Астана залы. Мұнда Қазақстанның елордасы ретінде Астана қаласының пайда болуы, қалыптасуы және дамуы тарихын бейнелейтін маңызды құжаттар мен материалдар топтамасы ұсынылған.
Бірінші витрина атақты археологиялық ескерткіш Бозоқ қалашығына арналған. Қала шетіндегі басты тарихи нысандардың бірін 1998 жылы Кемел Ақышев бастаған экспедиция ашты. Ал ескерткішті қазу жұмыстары 1999 жылдан басталған екен. Мұнда сол жылдары табылған темір жебелер, ат әбзелдері, әшекей мен шақалардың бай коллекциясы бар. Әсіресе, Бозоқ қалашығы орамдарын тарихи суреттерден көруге болады. Мәселен, орамның ішкі алаңында киіз үйлер тігілген. Бекініс қабыр­ғасындағы қақпа арқылы сауда керуені кіріп келеді, оны Бозоқ қалашығының тұрғындары қарсы алуда.
Байқағанымыздай, 1830 жылдары Ресейге ыңғайлы транзиттік пункт Ақмола болған екен. Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шат­қалы далалық форпост орны болып таңдалған. Уақыт өте келе кішкентай әс­кери бекініс Ақмола қаласына айналған. Мұның айғағы ретінде сол кездегі алғашқы құрылыстар, әскери бекіністердің, Ресей империясы шақаларының фотосын көруге болады.
Ақмола облысының ел­таң­басы туралы да аз-кем дерек берілген. Фотоға назар ау­дар­сақ, аталмыш елтаңба ұшы төмен қаратылған жасыл қалқан түрінде жасалған. Ортасында алтын жарты ай мен күмбезі, екі ұшты мұнаралары бар. Қалқан ежелгі патша тәжімен безендіріліп, Александр лентасымен көмкерілген екен.
Сол кездері Ақмола ірі сауда орталығына айналған. Сатушылар арасында ағайынды Қосшығұловтардың, Хал­финдердің, Кубриндердің, Забировтің, Силиннің, Мои­сеевтің есімдері айтылады. Тіпті, Қосшығұловтар мен Кубриннің сол кездегі үйлерін көруге болады.

Ақмола саяси күрес аренасында

Бәрімізге белгілі, Ақмолада қазақ халқының патша үкіме­тіне қарсы көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтеріліске қазақтарды тыл жұмысына жұмылдыру жөніндегі патша жарлығы себеп болды. Витринадан осы жарлықтың өзін көруге болады. Сонымен қатар, Қазақстанда Кеңес өкіметін құруға белсене қатысушы Амангелді Има­новтың, мемлекет қай­рат­кері Сәкен Сейфуллиннің суреттері берілген. Бұл жерде Сәкен Сейфуллиннің қызметі Ақмоламен байланысты екенін айта кету керек. Ол заңсыз қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы атылды. Бүгінде Астанада оның құрметіне кө­шелердің бірі аталды, музей және қола мүсіні ашылды, Аграр­лық мемлекеттік университетке Сәкен есімі берілді.
Сонымен қатар, бұл бөлім Ұлы Отан соғысы жылда­рын­дағы ақмолалықтардың ерлігіне арнайы тоқталған. 310, 387, 29-атқыштар дивизиясы мен Шпагиннің пистолет-пулеметін көруге және майдан хаттарын оқуға болады.
Ұлы Отан соғысы жылда­рындағы ақмолалық 41 жауынгер ең жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған, оның 7-еуі – «Даңқ» орденінің иегерлері. Олардың арасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш, генерал-майор Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, «Халық Қаһарманы» алтын жұлдызына ие болған Сағадат Нұрмағамбетов және «Халық Қаһарманы» Рақымжан Қош­қар­баевтың фотолары бар.

Целиноградтың өлкесінің астанасы

Қазақ тарихындағы елеулі оқиғаның бірі – тың жерлерді игеру жылдары. Мұнда сол кездегі жағдайды көз алдына әкелетін сарғайған суреттер көп. Олардың қатарында Алматы қаласынан тың игерушілер келген алғашқы пойыз, Ақмола стансасына Украинадан тың игерушілер эшелонының келуі, Халық шаруашылығы Тың игеру кеңесі, Целиноград қаласының құрылысшылары бар. Тың игеруге үлкен үлес қосқандардың да марапаттары қойылған.
1960 жылдары Мәскеудің бастамасымен Қазақстанның бес облысы кіретін қазақ жерлерін бөліп алуға тырысқан тұста Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев қарсы шыққан болатын. Осы батыл әрекеті үшін оны екі айдан кейін қызметінен алып тастайды. Витринада қазақ жерінің тұтастығын қорғап алған Жұмабек Тәшенев туралы кеңінен ақпарат берілген.

erm_2666

Астана тәуелсіз Қазақстанның орталығы

1992 жылы Целиноград Ақмола қаласы деп өзгертілді. Ал 1994 жылы 6 шілдеде елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы тарихи Қаулы қабылданды. Витринаға тарихи Қаулы қабылданған күнгі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің отырысы, мемлекеттік қызметкерлердің алғашқы эшелондары, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың КСРО халық сәулетшісі К.Монтақаевқа сыйлаған сағаты және С.Жолымбетовке берген алғыс хаты ілінген.
1997 жылы 8 қарашада Қа­зақстан Республикасы Мем­лекеттік рәміздерінің эталондары – Ту, Елтаңба және Президент штандарты ресми түрде жаңа астанаға берілді. 1998 жылы 6 мамырда ел Президенті «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласына өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылы 10 маусымда жаңа елорданың халықаралық тұсаукесері өтті. Қазақстан Республикасы елордасының тұсаукесері құрметіне белгіленген «Астана» медалі, қаланың символдық кілті, Астана қаласының ал­ғашқы әкімі Ә.Жақсыбековтің «Астана қаласының құрметті азаматы» лентасы мен куәлігі – бәрі келушілердің назарына ұсынылған.

Әрбір маңызды жобада Елбасының қолтаңбасы бар

Бүгінде Қазақстанның жаңа астанасының құрылысы ең ауқымды жоба ретінде тарихқа енді. Қаланың сәулеттік тұ­жырымдамасын жасауда Елбасының қалаға еуразиялық келбет беру жөніндегі идеясы ескерілді. Астананың сәу­леттік келбетінде Қазақстан Президентінің көптеген идея­лары іске асырылды. Витри­наға қойылған Мемлекет бас­шысының өз қолымен сызған эскиздеріне қарап, Астананың бірде-бір сәулеттік кешені немесе бірде-бір қоғамдық ғимарат оның қатысуынсыз салынбағанын білуге болады. 2008 жылы 5 маусымда қа­лалық мәслихаттың кезектен тыс 16-сессиясында Қазақстан астанасының жаңа елтаңбасы мен туы бекітілді. Витринадан Астананың рәміздерін көруге болады.
Сондай-ақ, Астананы салуға үлес қосқан бір топ атақты сәулетшілердің сызбасы мен марапаттары, құрылыс ком­паниялардың жобасы сәтті таныстырылған.
Жалпы, Астана қаласының құрылысына түрік, итальян, израиль және басқа да шетелдік фирмалар белсене қатысқан көрінеді.

Астана алған асулар
Астана провинциялық орта­лықтан ірі мегаполиске қалай айналғанын салалық бөлімдерге арналған экспонаттардан білуге болады.
2013 жылғы 9 желтоқсанда Астанада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты ашылды, оның қуаты жылына 25 тонна алтын және 50 тонна күміс шығара алады. Мұнда қойылған сол құй­ма­лардың макеті мен алтын және күміс түйіршектер елдің табиғи байлығын көрсетіп тұр.
Астанада болашақта бой көтеретін жобаларға қарап тамсануға болады. Әбу-Даби Плаза, Ғарыштық байланыс­тар орталығы, Ботаникалық бақ, Зообақ және ЭКСПО макеті қайталанбас сәулетімен ерекшеленеді.
Қазіргі таңда қала экономикасында технопарктер, жоғары технологиялар секілді тиімді тетіктер қолданылуда. Қазақстан үшін өнеркәсіптің жаңа салалары, тепловоздар, вагондар, тік­ұшақтар өндірісі, күн батареялары модульдері дамып келеді. «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» тікұшағының макеті, локомотив макеті, «Боинг 757» ұшағының макеті, «2007 жылғы ТМД-дағы үздік әуежай» кубогы, теміржол вокзалы, Тұлпар-Тальго, Есілдегі кеме, көлік және жол айрықтары, BRT жүрдек автобустары – соның дәлелі.
Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласында жеткен жетістіктердің өзі ауыз толтырып айтарлықтай. Инновациялық денсаулық нысандары, дарынды балаларға арналған зияткерлік мектептер, елордалық университет­тер, музейлер, театрлар, мұра­ғаттар, цирк, көрмелер, көр­кемсурет шеберханалары, концерттік алаңдар елорданы үздік дәстүрлер мен мәдениет жетістіктерінің орталығы ре­тінде көрсетіп тұр.
Қазақстанның қазіргі аста­насының халықаралық деңгей­дегі танылуын баяндайтын витрина «Астана – халықаралық әлемдік және еуразиялық сая­саттың ортасында» деген та­қырыпты ашу үшін фото­құ­жаттық материалдар мен экс­понаттарға сүйенген. Аста­нада Әлемдік және дәстүрлі дін­дер съезі, Астана экономи­калық
форумы және басқа да ха­лық­ара­лық маңызы бар жиын­дар өткі­зіліп келеді. Бас қалада ЕҚЫҰ-ның тарихи съезі, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерей­тойлық саммит­тері өтті. 2017 жылы халық­аралық EXPO көрмесі өтеді.
Бүгінде елорда дүние жүзінің 20-дан астам қалаларымен бауырлас. 1999 жылы шілдеде Астана ЮНЕСКО-ның «Әлемнің бейбітшілік қаласы» сыйлығына лайық деп танылды. 2000 жылдан бастап Қазақстанның басты қаласы елордалар мен ірі қала­лар­дың халықаралық Ассам­блея­сының мүшесі саналады.

3 D болашаққа саяхат

Астана залында ең мықты за­ма­науи технологиялар ке­ңінен қолданылған. Әсем әуен ырға­ғында еден астынан шыға­тын Астананың қазіргі және бола­шақтағы бет-бейнесін көрсететін макет еріксіз таңдай қақтырады. Сәулеті мен дәу­леті келіскен қалада әлі талай жо­балар дүниеге келеді. Бірегей иілген экран арқылы Қазақ­стан­ның табиғаты туралы, Астана жайында фильмдер көрсе­ті­леді. Медиа-еденге 800-ден аса монитор орнатылған екен. Ас­тананың қазіргі орталық бөлі­гінің серпінді макеті, үш тілде аудиогидтер, сенсорлы дүңгір­шектер орналастырылған. 3D турлардың арқасында елор­даның көрнекті жерлеріне вир­туальді түрде саяхаттап, бола­шағына көз жіберуге болады.
Бір сөзбен айтқанда, Астана залының материалдары хро­никалық-деректі тәртіппен ұйымдастырылған. Ол қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі аралықты жан-жақты шолуға мүмкіндік береді.

erm_2754

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button