Sport

«АСТАНА» – АЛТЫН! «АҚТОБЕ» – КYМIС! «ҚАЙРАТ» – ҚОЛА!



3611-6-fk_astana_stanovitsya_c_ru

Қазақстан чемпионаты премьер лигасының 2014 жылғы футбол маусымы мәресіне жетті.
«Астана» – алтын, «Ақтөбе» – күміс, «Қайрат» қола жүлдегер атанды.

Чемпионат басталғалы қызу бәсекеге түскен «Астана» мен «Қайрат»  командалары арасын осыдан бір жарым ай бұрын  8 ұпай бөліп тұрған еді. Біріншіліктің соңғы ойынында да осы екі клуб бір- біріне қарсылас болды. Несін жасырамыз, сонда жанкүйер қауым «Қайрат» енді чемпиондық атақты ешкімге ұстата қоймас деген ойда болған едік. Алайда, алматылықтардың соңғы турлардағы сүреңсіз ойындары, есесіне астаналықтардың жинақы ойындары чемпионаттың соңын нағыз тартысқа айналдырып, нәтижесінде «Астана» командасы  өз тарихында бірінші рет ел чемпионы атағын жеңіп алды.

Айта кетелік, осыған дейін «Астана Арена» стадионында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдап жеңіске жеткен, сонымен қатар ұлттық біріншілікті де алдын ала ұтып алған «Астана» клубы ойыншылары мен бапкерлеріне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков алтын медальдарын салтанатты жағдайда табыс етті. Команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов бас сыйлықты басынан биік көтеріп тұрып, өз жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді.

Ал енді  9 қараша күні өткен соңғы ойынға айналып соқсақ,   «Қайрат» 6000 жанкүйері алдында негізгі қарсыласын тізе бүктіргісі келгені, әрине, түсінікті еді. Бірақ, бір тур  бұрын-ақ  чемпиондық атақты алып қойған астаналықтар бұл ойында да бар шеберлігін паш етіп, өте тартысты бәсекеде алаң иелерін 3:2 есебімен ұтып кетті.

16Басқа ойындарда мынандай нәтижелер тіркелді:   «Қайсар» – «Шахтер» 2:1, «Ордабасы» – «Ақтөбе» 1:3, «Атырау» – «Тобыл» 0:3, «Жетісу» – «Ертіс» 1:0, «Тараз» – «Спартак» 1:0.

Чемпионаттың ең мерген ойыншысы болып «астаналық» Фокси Кетевоама танылды. Ол қарсыластар қақпасына 16 гол соғып, 16 рет дәл пас шығарып берді.

Биыл ғана премьер лигаға шыққан «Спартак» командасы қайтадан бірінші лигаға оралатын болды. Ал премьер лигада 11-ші орынға табан тіреген ұжым жоғары топта қалу үшін бірінші лигада екінші орыннан көрінген командамен сынға түседі. Қай жеңгені премьер лигада ойнайтын болады. Ал, осыған дейін бірінші лигада жеңімпаз атанған Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы күштілердің қатарына қосылып қойған.

Сонымен, жанкүйер қауымды талай қызыққа батырған Қазақстан чемпионаты – 2014 мәресіне жетті. Алдағы жылы «Астана» УЕФА-ның Чемпиондар лигасында, «Ақтөбе», «Қайрат» және «Ордабасы» Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын болады.

Дайындаған: Ғалым ҚОЖАБЕКОВ




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button