Басты ақпарат

Астана ауласымен абат

Абаттанған аула шаһардағы тұрғын үйлердің шырайын ашып, тынысын кеңейтті. Жаңаша түрге енген ойын алаңдары үй алдын думанға бөлеп, балалардың мерейін тасытты, көршілердің бірлігін арттырды.

Елордада барлық қажетті құралдармен жабдықталған аулалар аз емес. Ондағы әртүрлі жастағы балаларға арналған ойнау алаңы мен футбол алаңы – жасөспірімдер құзырында. Бүлдіршіндер әткеншек теуіп, түрлі ойынның қызығына батқанда, баласын ойнатуға шыққан ата-ана да босқа тұрмай, жаттығу жасайды. Тая­ғына сүйенген қариялар да қауқылдасып, абыр-сабыр әңгіме-дүкен құрады. Сол сияқты белтемір мен қоссырық маңын торуылдаушылар да әсте азаймайды. Сонымен қатар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері де көптеп қарастырылған аулалар қалада жетіп артылады.

Еңбектеген баладан еңкейген қартқа де­йін жүретін мұндай аулалардың тіршілігі қауырт. Осындай аулаларда демалудың өзі бір ғанибет екенін айтады тұрғындар. Бірақ бес сау­сақ сияқты шаһардағы барлық аулалар бірдей деңгейде емес. Олардың арасында жөндеуді жаңғыртуды қажет ететіндері де бар.
Жалпы, Астанадағы аулалар саны 1500-ден асады. Оның 387-сі Алматы ауданына тиесілі. Бұл аулалардың 147-сі абаттандырылған. Биыл аталмыш аудандағы 203 аулаға жөндеу жүргізілмек. Ал Байқоңыр ауданында 234 ауланың 110-ы жөндеуді қажет етеді екен. Жоспар бойынша биыл соның 53-і жөнделмек.

Есіл ауданының еншісіндегі 268 ауланың 58-і 2012-2016 жылдар аралығында абаттандырылып, 42 спорт алаңы салыныпты. Бұл аталмыш аудандағы 118 көп қабатты тұрғын үйді қамтиды екен. Сонымен қатар, өткен жылы 11 тұрғын үйді қамтитын 5 аулаға қалыпқа келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, онда 5 балалар және 4 спорт алаңы қойылған. Енді бұл аудандағы 40 аулаға жөндеу жүргізіліп, оның 15-іне пандус салынуда.

Астанадағы ең ауласы көп аудан – ол Сарыарқа. Ондағы 540 ауланың тазалығына 16 мердігерлік ұйым қызмет көрсетеді. Бұл ауданда былтыр жасампаз жобаларды жүзеге асыру аясында 22 мекенжай бойынша тұрғын үйлердің ішкі орамдық аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Яғни асфальт төселіп, балалардың ойын алаңдары, төбешік, әткеншек, құмсалғыш, шағын сәулет пішіндері қойылған. Сонымен қатар, футбол және баскетбол алаңдарымен қоса, 61 жаттығу құрылғысы бар алты жаттығу алаңы салынған. Сол сияқты аудан аумағындағы 63 мекенжайдың ішкі орамдық аулалары мен өтпе жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button