Басты ақпарат

«Астана хаб» болашаққа жетелейді

Елбасы «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ресми ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы іс-шара басталар алдында қазақстандық стартап-компаниялардың жобаларымен танысып, ғылыми-зерттеу зертханаларын аралап көрді, сондай-ақ IT-университеттің алдағы жұмысы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы жөніндегі баяндамаларды тыңдады.

Нұрсұлтан Назар­баев салтанатты ашы­лу рә­сі­міндегі құттықтау сө­зінде «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркін ресми түрде іске қосу ша­расына қатысушыларға ризашылық білдірді.
Қазақстан Президенті елі­міз бен қоғамымызды одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор екенін атап өтті.
– Заттар интернеті, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейн адамзат өмірінің бүкіл саласына белсенді түрде еніп келеді. Бұл – қазіргі заманның негізгі үрдісі. Цифрландыру мемлекеттердің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының біріне айналды. Бүгінде әлемнің жетекші елдері, сондай-ақ олардың G-20 және Еуропа Одағы сияқты бірлестіктері өздерінің цифрландыру жөніндегі стратегиялық құжаттарын қабылдады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі цифрландыру бағдарламасының жүзеге асырылу үдерісі мен осы бағытта қол жеткізілген нәтижелерге арнайы тоқ­талды.
– Қазақстан – ТМД-да мемлекеттік қызмет көрсету ісін электронды форматқа көшіруді бірінші болып бастаған елдердің бірі. Былтыр Қазақстанның үшінші жаңғыруына қадам бастық. Нақты жетістіктеріміз де бар, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі қазіргі ин­новациялық экожүйе­нің өзегіне айналуға тиіс еке­­нін айтты.
– Технопарктің жұмысына қатысушылар же­ңілдетілген виза және ең­бек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық және басқа да жеңілдіктер беріледі. Технопарк базасында тәлімгерлік институты құрылды. Оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқорлық жасайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұр­сұлтан Назарбаев ІТ-тех­нологияларды дамытуға тартылған дарынды жас­тарды қолдау қажеттігіне баса назар аударды.
Сондай-ақ, Елбасы Қа­­зақстанда Бизнес­ті жебеушілер клубын (Qaz­Angels), Венчурлік ка­­питалистер қауымдас­тығын және Бірлесе инвестициялау қорын құру мәселесі жөнінде айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты инновациялар мен цифрлық технологияларды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырып, бұл саланы ілгерілету үшін зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button