Қала мен Сала

Бас қаланың азық-түлік белдеуі

Сейсенбі күні Үкімет отырысында 2018-2022 жылдарға арналған Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жаңартылған жол картасының жобасы талқыланды. Онда азық-түлік белдеуі аймағындағы өндірістерді дамытуға бағытталған іс-шаралар қарастырылған. Жұмыс негізгі төрт бағытта жүргізіледі. Жол картасының жобасын Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев таныстырды.

Біріншіден, 2018-2019 жылдары Астанада (Ақмола облысында) жетіспейтін ет өнімдерінің көлемін өндіру үшін қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет өңдейтін кешен салу жоспарланған. 2020-2021 жылдары сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру мақсатында 16 тауарлық сүт фермаларын (Ақмола облысында – 5 және Қарағанды облысында – 11) іске қосу ұйғарылып отыр. Сондай-ақ, 2019-2020 жылдары көкөністің жетіспейтін көлемін өсіру үшін суармалы жерлер қалпына келтіріледі.
Екіншіден, азық-түлік белдеуі аймағында өндіруге қолайсыз азық-түлік тауарларының өзге өңірлерден тұрақты жеткізілуіне жағдай жасау көзделуде. Ол үшін «Елорданың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін беру тетіктерін енгізу жоспарланып отыр. Мұндай қадам, өз кезегінде, шаруаларға коммуналдық нарықтарды қоса алғанда, қаланың тұтыну нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Астана қаласында көтерме-бөлгіш орталық салынады. Мұндай орталық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге көтерме бағамен сатып алушылар нарығына шығып қана қоймай, сонымен қатар өнімнің сақталуына кететін шығындарды азайтып, тауар айналымын ұлғайта түседі.
Төртіншіден, нарықты сапасыз өнімдерден қорғау шараларын жандандыру қарастырылған. Жауапты министрлік аталған жобаны республикалық және жергілікті бюджеттің, сонымен бірге шаруашылық субъектілерінің өзінің және несиеге алған қаражатының есебінен жүзеге асыруды ұсынды.
Басқосуда елорданы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету ба­ғытында жүргізіліп жатқан жұмыс­тар туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Қарағанды об­лысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров баяндады. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өз кезегінде Астана тұрғындарының қажеттіліктерін азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен қамтамасыз ету бойынша шаралар туралы баяндап берді.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев елорда халқының жыл сайын тез өсіп келе жатқанын, қала тұрғындары мен қонақтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті екенін қадап айтты. Ол жаңартылған жол картасын іске асыруға қатысты министрлер мен әкімдерге бірқатар міндеттер қо­йып, нақты тапсырмалар берді. «Жол карта­сының жобасында азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігіне баса көңіл бөлінген. Дегенмен бұл өнімдердің түпкі тұтынушыға қандай бағамен жеткізілетінін де ұмытпау керек. Ұлттық экономика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Ақмола, Қарағанды облыстарының және Астананың әкімдіктерімен бірлесіп, азық-түлік белдеуіне қатысушылар жеткізетін азық-түлік тауарларының бағасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын» деп мәлімдеді Үкімет басшысы.
Бақытжан Әбдірұлы жол картасында елорданы азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлерімен қамту бойынша 20-дан аса іс-шара қарас­тырылғанына, бірақ оның орындалуын бағалауға мүмкіндік беретін индикаторлардың жоқтығына назар аударды. Осыған орай, мақсатты индикаторларды айқындап, әрбір министрлікпен және әкімдікпен жеке-жеке меморандумдар жасауға тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша 2018 жылдың 9 айында қала кәсіпорындары 138806 тонна өнім өндірген. Биылғы маусым айынан бері Астанада 17 жәрмеңке өткізіліп, онда құны 2 млрд теңгеден асатын 7286 тонна та­уар сатылған.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button