Мәслихат

Шеткі аймақтардың шетін мәселесі

Қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, жол-көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.

3 жылға – 857 млрд теңге

Жиынның күн тәртібінде Астананың 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттік жобасы талқыланды. Алғашқы болып сөз алған Стратегиялық және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов бюджеттен басқармаларға 3 жылға қандай жұмыс­тар атқару үшін қанша қаржыдан бөлінетінін баяндады.
– Бұл жоба Астананың 5 жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді. 3 жылға 857 миллиард теңге бөлінсе, соның ішінде 2019 жылға 272,5 миллиард теңге болады деп күтілуде, – деді ол.
Басқарма басшысының мәліметінше, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының еншісіне 3 жылға – 158,6 млрд теңге, соның ішінде 2019 жылға 51,7 млрд теңге аударылмақ. Мұнда 3 жылдағы жол жөндеудің өзіне 15 млрд 855 млн теңге жұмсалмақ. Ал келер жылы жол жөндеуге 4,8 млрд теңге қарас­тырылып отыр екен. Сондай-ақ Расул Оразғұловтың есебінше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, белгілерді орнату жұмыстарына алдағы жылға – 505 млн теңге, инфрақұрылым жұмыстарына – 24,2 млрд теңге, ал жолдың техникалық жабдықтары мен
8 бағдаршам орнатуға және жолды бақылау жұмыстарына 438,5 млн теңге қарастырылған. Ал Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының шығындарына 3 жылға – 48 млрд теңге, соның ішінде 2019 жылға 31,5 млрд теңге бөлінбек. Атап айтқанда, апатты және ескі үйлерді сүру бойынша 3 жылға – 60 млн теңге, 2019 жылға 20 млн теңге бөлінеді екен.

Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 2019 жылға – 51,7 млрд теңге, соның ішінде жол жөндеуге 4,8 млрд теңге қарастырылып отыр

Сауал көп, Жауап біреу

Өз кезегінде Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин бұл қаражаттың жеткіліксіз екенін, жоспардағы жұмыстарды атқару үшін қосымша қаржы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары 36 жоба және 14 жобалау бойынша жүргізіледі.
Асхат Қарағойшиннің баяндамасы аяқталған соң депутаттар өздерінің округтеріне қарасты көшелердің мәселесі бойын­ша сансыз сауалдарын қойды. Депутат Рамзия Умербаева «Шұбар» және «Тельман» ықшам аудандарының мәселелерін көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болғанын, осы аумақтың түйткілдері қашан шешілетінін сұрады. Алайда нақты жауап болмады. Асхат Қарағойшин 2019 жылдың жоспарына сәйкес жол жөндеуге бөлінген 4,8 млрд теңге тек қаланың орталықтағы көшелерін ғана жөндеуге жұмсалатынын кесіп айтты. Оның айтуынша, бұл қаржы қаланың барлық аумағын жөндеуге жеткіліксіз. Бұл тұрғыда Рамзия Умербаева «Шұбар» ықшам ауданының қаланың қақ ортасында тұрғанын, тіпті министрліктер үйіне жақын маңда орналасқанын да тілге тиек етіп, ондағы мәселені көпке созбауды өтінді. Сондай-ақ ол Отын-энергетика және коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасына да
«Шұбар» ықшам ауданын­дағы екі көшенің жарық­тандырылмай тұрғаны туралы құлаққағыс етті. Басқарма басшылары бұл аумақтың мәселелерін келесі жылдың жоспарына енгізетін болып уағдалас­ты. Жалпы, депутаттар тек қана қаланың орталық көшелерін ғана емес, елорданың сыртқы аумақтарын да қаперлерінен шығармау­ды тапсырды. Өз кезегінде Зейнолла Шібкенов «Өндіріс» ықшам ауданында ешқашан жөндеу жұмыс­тарының жүргізілмегенін еске салды. Сайлаушылары алдында ыңғайсызданатындықтарын айтқан халық қалаулылары Асхат Қарағойшинге «жыл са­йын орталықтағы көшелерді жөндеудің қажеті қанша?» деген сауал да жолдады. Оған басқарма басшысы былай деп жауап берді:
– Барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргі­зілуде. Жыл сайын тек бір ғана көшелер жөнделеді деген – жаңсақ пікір. Оның өзінде де бір көше толығымен емес, оның тек белгілі бір учаскелері ғана жөнделуі мүмкін. Ал жөндеу жұмыстарының кепілдік мерзімі – 5 жыл.

Апатты және ескі үйлерді сүру бойынша 3 жылға – 60 млн теңге, 2019 жылға 20 млн теңге бөлінеді екен.

24 әлеуметтік нысан салынады

Ал екінші күні өткен мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі комиссияның отырысында елордада 3 жылдың ішінде 24 әлеуметтік нысанның салынатыны туралы айтылды. Қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғали Исқалиевтің мәліметінше, Сарыарқа ауданындағы Күмісбеков көшесінің бо­йында нашар көретін бала­ларға арналған 90 орындық балабақша салынады. Онда мүмкіндігі шектеулі балалардың таңнан кешке дейін болуына мүмкіндік қарас­тырылады.
– Бұл жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жалпы, біз­дің басқарманың бюджеті дамыту жобалары­мен байланысты. 3 жылдың ішінде 24 білім беру нысаны салынады деп жоспарлануда. Оның 16-сы – мектеп, 8-і – мектепке жапсарлас ғимараттар. Сондай-ақ келер жылы №65, №83 мектептердің лифттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал абаттандыру бойынша Есіл мен Сарыбұлақ өзендерінің арналарына күрделі жөндеу жүргізіліп, қаңғыбас ит-мысықтар тұрағының құрылысы мен әлеуметтік сала мамандарына арналған жатақхана құрылысы және өрт сөндіру депосының жобалау жұмыстары да аяқталады деп жоспарлануда. Бұл шаралардың барлығына жергілікті бюджеттен 1 млрд 994 млн теңге қарастырылып отыр, – дейді Ғали Исқалиев.

Сарыарқа ауданында нашар көретін балаларға арналған 90 орындық балабақша салынады. Онда мүмкіндігі шектеулі балалардың таңнан кешке дейін болуына мүмкіндік қарастырылады.

Монумент жаңартылуы тиіс

Сондай-ақ жиында Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсенбаев «Отан қорғаушылар» монументі­нің тозығы жетіп тұрғанын, оған жөндеудің қа­жет екенін мәлімдеді. Ай­та кету керек, «Отан қор­ғау­шылар» монументі 2001 жылы Жеңіс күніне қарсы ашылған болатын. Ортаңғы тұсындағы қоладан құйылып жасалған, қолына шыныаяқ ұстаған ананың сұлбасы бейнеленген стела биіктігі – 24 метр. Оның екі жағына Отан қорғаушы жауынгерлер мен қазақ батырлары кескінделген. Бейресми деректерге сүйенсек, бұл ескерткішке 63 тонна қола жұмсалған көрінеді.

– 10 шақты жылдан бері бұл монументке жөндеу жүргізілмеді. Әр жылғы 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде қиындық тудырады. Плиткалары сынып қалған. Міндетті түрде сапалы жөндеу жүргізу қажет. Мамандардың есебінше, монумент пен оның алдындағы алаңның жөндеу жұмысына шамамен 100-150 млн теңге керек, – деді ол.
Бұл тұрғыда депутат Ирина Манжанова аталмыш монументке осыдан 7-8 жыл бұрын ағымдағы жөндеу жұмыс­тарының жүргізілгенін атап өтті.
– Иә, граниттері ауыс­тырылған болатын. Бірақ енді ағымдағы жөндеу жарамайды. Расымен де, күрделі жөндеу жүргізу керек. Егер жөндеу жүргізілген жағдайда, ондағы мәңгі­лік алау маңына гранит төсеуді ұсынамын, – деді Алматы ауданының әкімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button