Қоғам

Қарасайдың қырлары

Қазақ ұлттық өнер университеті кәсіби әншілік өнер және оркес­тр­ді дирижерлау департаментінің доценті, күйші, ұстаз, кәсіби дирижер, сазгер, өнер зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері Қарасай Сайжановты алғаш рет 1991 жылы көрдім. Мен сол жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі едім.

Тоқсаныншы жылдың басында Қарағанды филармониясының қазіргі «Тәттімбет» атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестріне көркемдік жетекші әрі бас дирижері болып келді. Осы жылдың нау­рыз айында Қарағанды қаласындағы «Шалқыма» концерт залында аталмыш оркестрдің қатысуымен халық әртісі, профессор, композитор Кенжебек Күмісбековтің авторлық концерті болып өтті. Дирижері – Қарасай Сайжанов.
1994 жылы Қарасай Сайжановтың дирижерлік, күйшілік қабілетін байқаған КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы, композитор Нұрғиса Тілендиев Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филар­мониясының «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестріне дирижер болуға шақырады. Сол жылы композитор Балнұр Балғабекқызының авторлық кешіне арналған бағдарлама әзірлеп, концертке дирижерлік жасап, көрерменді талантына тәнті етеді.
Содан бері ширек ғасыр өтіп кетіпті. Қарасай ағамыздың жүріп келе жатқан жолына үңілсем, өнер өріндегі көп қырына қанық боламын.

Ұстаз

Арал өңірінің тумасы Қ.Сайжановтың өнер айдынында еркін құлаш сермеуіне елге есімі әйгілі ұстаздардан дәріс алуы зор ықпалын тигізді. Алматының П.И.Чайковский атындағы музыка училищесін және Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясын (домбыра және оркестр дирижері) бітірген Қарасай Ахметұлы – ҚР халық әртісі, күйші Қали Жантілеуовтің және профессор Хабидолла Тастановтың шәкірті. Халқымызға белгілі өнер тарландары – Батыр Әбдіқалықов, Мәлгаждар Әубәкіров, Кенжебек Күмісбеков және Нұрғиса Тілендиевтен дәріс алған.
Есімі мұқым елге мәлім ұстаздардан қанаттанған Қарасай Ахметұлы еңбек жолын ұстаздықтан бастады. 1975 жылы жоғары білімді кәсіби маман Жезқазған музыка училищесінде ұстаз болады. 1991 жылы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыка колледжінде дәріс берді. 1999 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп келеді. Бүгінде ҚазҰӨУ-дің доценті. Шәкірттері еліміздің орта және жоғары музыка оқу орындары мен кәсіби өнер ұжымдарында абыройлы еңбек етіп, көптеген республикалық және халықаралық конкурстарда лауреат атанды.
Қазақстанның мәдениеті мен өнеріне ерекше үлесін қосып жүрген шәкірттері аз емес.

Дирижер

Кәсіби дирижер Қарасай Ахметұлы халықаралық, республикалық деңгейде өткен концерттерде еліміздегі ең таңдаулы оркестрлерге дирижерлік етті. 1995 жылы КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 70 жылдық мерейтойында және Семей облысы Қарауыл ауылында өткен Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында «Отырар сазы» оркестріне дирижерлік жасады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Елім менің» атты Астана филармониясының халық аспаптары оркестрінің есеп беру концертінде, Қарағанды қаласында өткен «Әуенді Сарыарқа» XI халықаралық фестивалі, Тәттімбет атындағы академиялық ор­кестрінің 25 жылдығына арналған гала концертке дирижерлік жасады.
Тәуелсіз Қазақ елінің 24 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығы және өнер шығармашылығының 48 жылдығына арналған «Шынайы шеберлік» атты авторлық концерті өміріндегі жұлдызды сәттің бірі болып қалды..

Күйші

Мықты ұстаздардың алдын көрген Қ.Сайжанов 500-ден астам ән мен күйді, қазақ, орыс және шетел композиторларының классикалық шығармаларын оркестрге лайықтап түсірді. Өзі де музыканттарға арналған бірнеше оқу құралын шығарды. Домбыра ансамбліне арналған күйлер мен шығармалардан тұратын «Әлқисса – Аманат», қылқобыз бен қобызшылар ансамбліне арналған күйлер мен шығармаларға ар­налған «Екі жирен», дирижерлік машықтану пәні мен фортепиано ансамбліне арналған «Телқоңыр», «Жезкиік», шертер ансамбліне арналған күйлер мен шығармалардан құралған «Елім-ай!» атты оқу құралдары қазақ музыкасына қосқан үлесі.
Автордың «Батыр баба», «Ұмытпа, Ана әлдиін», «Желдірме-1», «Желдірме-2», «Қасиетті кең далам-1», «Қасиетті кең далам-2» авторлық партитуралар жинағы, «Назқоңыр», «Батыр Бауыржан» және «Жаным әке» авторлық ән-күйлер жинағы жарық көрді.

Сазгер

Дарын иесі қаншама ақындардың өлеңіне ән жазды, күй шығарды. Әнді ыңылдап, күйді шертіп ғана қоя салған жоқ, кәсіби музыкант осы інжу- маржандарды қазақ халық аспаптары оркестріне өңдеп, жазды. 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық жабық әндер байқауына қатысып, «Батыр Бауыржан» әні (сөзін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сланқожа Қарақыстық) жүлделі 2-орынды алып, лауреат атанып, «Үздік аспаптаушы» төсбелгісін жеңіп алды. Сазгердің «Қайран, Арал, Аралым» (сөзі: Шөмішбай Сариев), «Домалақ Ана» (күй толғау), Менің бабам Бәйдібек» (күй толғау), «Күй Сүлейлері» (Сыр бойының жырау-шайырлар рухына арнау күй), «Желдірме» (ұстазы, профессор Х.Тастановтың рухына), «Нұрлы Астана» (Тәуелсіз Қазақ елінің 20-жылдығына арналған), «Қасиетті кең далам…» (Елі мен жерін қорғаған батыр бабалар рухына арналған күй поэма) және тағы басқа да ән-күйлері мен шығармаларынан өнер шеберінің туған жеріне, ел аналарына, батырларына деген шексіз сүйіспеншілігін сезінеміз.

Өнертанушы

Өнертанушылық қырына Қарекеңнің «Жетіқарақшы» атты монографиясын тілге тиек етсек те жеткілікті. XIX ғасырда өмір сүрген күйші, халық композиторы Мырза Тоқтаболатұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеді. 2001 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда «ХІХ ғасырда өмір сүрген белгісіз халық композиторы Шал Мырза» баяндамасын жасады. Араға жеті жылды салып Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми тәжірибелік конференцияда Мырза күйлерінің орындаушылық ерекшеліктері туралы баяндама жасады.

Жұлдыз ТОЙБЕК,
журналист

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button