SportЖаңалықтар

Астанада алғаш рет триатлоннан жарыс өтті



Астанада алғаш рет үш сайыстан тұратын триатлон жарысы өтті. Елордадағы «Астаналық» саябағында өткен шарада көпшілік суда жүзіп, велосипед теуіп, одан әрі қарай жүгіріп жарысты.

ыфмфымфым

Жарыс кезінде қатысушылардың еркін әрі қауіпсіз қозғалысы үшін Тұран даңғылында «Тұлпар» көпірінен бастап әуежайдың айналма жолына дейін көлік қозғалысы шектелді. Спортшылар алдымен Есіл өзенінде жүзуден жарысты. Су үстіндегі меже – 350 метр. Ұйымдастырушылар бұл спорт түрін жарысқа бірінші рет қосқандықтан, қашықтықты қысқа етіп белгілепті.

Сонымен, старт судан басталып, жүзіп шыққан жұрт велосипедке қонды. Суға малынған спортшылар дереу киімдерін ауыстырып, демдерін алмастан жарысты жалғастырып кетті. Қос доңғалақты көлік үшін берілген аралық – 20 шақырым.

Айналма жолға дейін барып, айналып қайтқан жүйріктер велосипедтен түсе сала, жүгіріп жарыса кетті. Шаршап, шөліркеп қалған желаяқтарға жолшыбай қолдап, қиқу қосқандар су ұсынды.

Жарыстың көп бөлігін артта қалдырған оларға енді 2,5 шақырымды еңсерсе, жетіп жатыр. Осы кезеңнің өзінде кімнің оза келетіні белгілі болғандай көрінді. Өйткені велосипедпен бірінші жеткен төрт қатысушы қалғандарына қарағанда оқ бойы озық тұрған еді.

«Бүгін осынау жарысқа қатысқан қала халқына ризашылығымызды білдіреміз. Белсенді тұрғындар демалыс күні таңғы ұйқыларын қиып келіп, көпшілікпен бірге бой қыздырып, қолдау көрсетіп, көңіл көтерді. Ауа райы да қарасып, күн ашық болды. Барлығы 147 адам бүгінгі жарысқа қатысты. Олардың ең жасы 14 жаста болса, үлкені – 65 жасқа келген қариялар. Жүзден жүйрік шыққандардың жүлделері де – қомақты. Бірінші келгендерге – тоңазытқыш, екінші жеткендерге – теледидар, үшіншілерге ноутбуктер табысталады», – дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.

Қаншама қашықтықты талмай табандылықпен бағындырғандардың арасынан жеңімпаздар төрт санат бойынша анықталды. Солардың ішінде бәрінен Автушко отбасының мерейі үстем болды. Осы жарысқа арнайы Оңтүстіктен ат терлетіп келген қала қонақтарының еңбегі еш кетпеді. Ерлер арасында үш сайысты 54 минут 48 секундта аяқтаған Александр Автушко абсолютті жеңімпаз атанды. Ал оның жұбайы Анастасия Автушко барлық қашықтықты 1 сағат 9 минутта бағындырып, әйелдер арасында бәрінен үздік болды. Отбасылық жұп триатлонмен айналысқандарына он жылдан аса уақыт болғандығын айтып, осы жарыстың тамаша ұйымдастырылғанын атап өтті.

Тағы бір сондай қатысушылардың бірі астаналық Сабыржан Қосақ төртінші орында келіп, алғашқы үздік үштікке ене алмай қалғанына еш қынжылмайтынын айтты. Өйткені аз ғана уақыттың ішінде осы жарысқа дайындалып, жүзудің қиынға соққанына қарамастан, осындай нәтиже көрсеткенін әжептәуір жетістік санайды екен.

«Біздің федерация осыдан үш апта бұрын Бурабайда триатлоннан «Қазақстан кубогын» өткізді. Федерацияның құрылғанына екі жыл болды. Осы уақыт аралығында 14 жарыс өткіздік. Ал бүгін елордасы Астанада қаншама халықтың басын қосып, тағы бір думанды жарысты ұйымдастырдық. Жарысқа әуесқойлармен бірге ұлттық құраманың спортшылары да қатысты. Қазір триатлоннан ұлттық құрамада буын алмасып жатыр. Жаңа буынды анықтауда осы жарыстардың септігі мол. Бұл дәстүр жалғасын тауып, 20 тамыз күні Қапшағай қаласында жарыс өтеді», – дейді Қазақстан Триатлон федерациясының президенті Мұратхан Тоқмәди.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, думанды триатлонды дәстүрге айналдырып, келесі жылы да өткізу жоспарда бар екен.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button