Басты ақпарат

АСТАНАДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ КЕРЕК

IMG_5812

Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиын барысында тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы, инвестиция тарту, жаңа оқу жылына қала мектептерін дайындау және тағы да бірқатар өзекті мәселелер талқыланды деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Өткен аппараттық жиындардың бірінде елордадағы супермаркеттердің, сауда орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері, сондай-ақ, өзге де әлеуметтік нысандардың халыққа көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру бойынша мәселе көтерілген болатын. Бұл мәселеге тұрғындар да үн қосты. Шара басшысы атап өткендей, қалалық құрылымдардың басты жұмыс бағыты елордалық сервис деңгейін және халыққа көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің сапасын арттыру болуы керек.

Әкімнің пікірінше, бюджет саясатында мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетіктерін жиі пайдаланып, инвесторларды тарту қажет. Елорда басшысы Астанада инвестициялық қолайлы жағдай жасау ең өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Елордада 27-30 қазан аралығында өтетін «Astana Invest – 2015» VI халықаралық экономикалық форумы да осы түйткілді мәселелерді шешуге арналады.

– Бұл жұмысқа немқұрайлы қарамау керек. Кедергілерді жою жөніндегі менің қойған талаптарым шұғыл түрде жүзеге асуы қажет, – деді әкім.

Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы және олардың жағдайы жақсы болғанымен, әкім бірқатар кемшіліктерге де тоқтала кетті.

– Көптеген қала мектептерінің аулаларында санитарлық жағдай бақыланбайды. Мәселен, салбырап тұрған электр сымдары балаларға жарақат салуы мүмкін. Мектеп аулаларында тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдардың жүруі де дұрыс емес. Мұның бәрін мектеп директорлары ғана емес, қаланың құзіретті органдары да қадағалау керек, – деді Ә.Жақсыбеков.

Тағы бір өзекті мәселе – вокзал аумағындағы жағдай. Қайыршылар мен «түнгі көбелектердің» қызметін ұсынатын «жеңгетайлар» және басқа да вокзал аумағындағы қым-қуыт тірліктің бәрі қала тұрғындары мен қонақтары тарапынан көптеген сынға түрткі болады.

– Мысалы, «Вечерняя Астана» газетінің сенбілік нөмірінде тілші өзге қаладан келген адам ретінде көрініп, вокзал аумағындағы өмірдің барлық қыр-сырын ашып берген. Бұл кеше ғана орын алған жағдай емес. Ішкі істер департаментінен вокзал аумағын тазарту жөнінде шара қабылдауды талап етемін, – деді әкім.

Қала басшысының айтуынша, ПИК төрағалары тұрғындармен тікелей байланыста болып, әрбір шағым мен өтінішке дер кезінде жауап қатулары керек.

Елорданың безендірілуі де, әкімнің пікірінше, көп сынның астында қалып жатады. Астананың күндізгі және түнгі безендірілуі қазіргі елорданың бет-келбетіне сай емес.

– Ескі материалдар, гирляндалар, жарық диодты шамдар қолданылған. Мұның барлығы да ескіріп біткен. Жаңа, жоғары технологиялық материалдарды пайдалану керек. Бәрі бірыңғай қағидаға бағыну керек, – дей келіп, әкім осы жұмысты бақылауды Қала құрылысы және сәулет басқармасына тапсырды.

Қорытындылай келе, Ә.Жақыбеков Астана қаласында тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы елорда мәртебесіне сай болуы керектігін тағы бір атап өтті. Сондықтан, қала құрылымдары тұрғындар мен қала қонақтарына ыңғайлы жағдай жасау үшін барлық салалардағы кемшіліктерді жоюлары керек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button