Әлеумет

БІРЖАН САЛДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ «БИЗНЕС»

1398665091_ezlaqsiz-qadin-ayaq

Бизнесті тырнақшаға алып, бүркемелеуімізде бір гәп бар. Бұл «бизнес» сіз бен біз білетін бизнестен бөлек. Мәселе жезөкшелік жөнінде болып тұр.

         Арнайы тапсырма алғаннан кейін, әр минут қымбат. Жедел елорданың теміржол вокзалына тартып кеттім. Ондағы мақсат жезөкшелікті қалай «өркендеп» жатқанын өз көзіммен көру болатын. Вокзалға келген соң алдын торуылдап біраз жүрдім. Бірақ, көзіме оғаш ештеңе шалына қоймады. Ішке кірсем де күнделікті тіршілік қайнап жатыр. Әр тарапқа асыққан жолаушылар, келер пойызын күтіп сарылғандар, әйтеуір, басқалай назар аударар ештеңе байқамадым. Содан соң вокзал ішіндегі полиция пунктіне кіріп, арнайы сұрауға тура келді.

         – Жезөкшелік мәселесін біз түбегейлі шештік. Қазір вокзалдан оларды көре алмайсыз. Бәрін сонау «Дәулет» сауда үйіне дейін ығыстырдық. Олар жайлы мәліметті Сарыарқа аудандық ІІБ-нің №20 тірек пунктінен алуға болады. Ол мына «Сапаржайдың» жанында орналасқан, – деп жол сілтеп жіберді кезекшіліктегі полиция капитаны.

         Ол жерге барсам, бір келіншек полиция майорына шағым айтып отыр екен. Жанында отырған капитанды ымдап шақырып алдым да, жөнімді айттым.

         – Мына Гүлайым деген келіншек тура сіз айтқан мәселемен келіп отыр. «Дәулет» сауда үйінде сатушы болып істейді. Сауда үйіне келгендерді «жеңгетайлар» сүйрелеп маза бермейді екен. Иә, ондай мәселе бар. Қызметтік куәлігіңізді көрсетіп, өзіңізді таныстырсаңыз. Мәліметтерді беруге болады, – деді. Жұмысқа жаңа кіргенімді, әлі куәлік ала қоймағанымды айтқан соң.

         – Сіз онда Сарыарқа аудандық ІІБ-нің әкімшілік полиция бөліміне барыңыз. Сол жақтағылар көмектесер, – деп шығарып салды.

         «Жазған құлда шаршау жоқ» деген, ішкі істер басқармасына бет алып келе жаттым да, «әуелгі мақсатым жеңіл жүрістілерді өз көзіммен көріп, «қызмет» жағдайларымен жете танысу еді ғой» деген ойым есіме түсіп, жүрісімді баяулаттым. Вокзалдың алдындағы И.Гете көшесін қиып өтіп, Біржан сал көшесіне түскенім сол еді, көзіме 40-45 жас шамасындағы екі келіншек түсті. Олар маған сәл бұрылып, бірдеңе айтқысы келгендей ыңғай білдірді. Бірақ мен бөгелмедім. Шынына келгенде, сасқанымнан қаттырақ жүріп кеткенмін ғой. Сосын жүрісімді сәл баяулаттым. Жоқ іздеген жандай жан-жағыма көбірек қарағыштауды да ұмытпадым. Сөйтсем, Біржан сал көшесінің бойында бұл «сауданың» түрі қызып тұр екен. Әр бұрышта, екі-үш адамнан жүреді. Бәрінің жас шамасы 35-45 шамасындағы әйелдер. Түрлері базарда, күннің өтінде сауда жасайтындарға көбірек ұқсайды екен. Беттері жел мен күнге тотыққан әйелдердің үстеріне киген киімдері де көнетоздау. Бұлар «клиент» іздеушілер болып шықты. Негізгі «қызмет» көрсететіндер басқа жерде екен, оны кейін білдім.

         Адамның не іздеп келе жатқанын жазбай танитын, «кәсібін» әбден меңгерген бір «жеңгетай» жанаса беріп, «жас қыздар бар» деп жайымен айтып қалды. Құдды «бізде тәтті тоқаш бар» деген сияқты етіп, әдемілеп айтатынына еріксіз таң қалдым.

         – Қанша? – дедім салған жерден.

         – Үш мың жарым, – деді ол да. «Енді не десем екен» деп сәл ойланған түрімді байқаған келіншек:

         – Үш мыңға болады. Жас қыз, өкінбейсің. Кіріп қарап шық, ұнамаса басқасын көрсетеміз, бері жүр, – деп қара келіншек ойлануыма мұрша бермей, жол бастай жөнелді. Маған соңынан ілесуден басқа амал қалмады. Аула жаққа айнала бергенде:

         – Бірінші кіреберіс, домофонға барып, 58-ді бассаң, өздері ашады. Сосын бесінші қабатқа көтерілесің. Оңаша квартира. Бара бер, өзің біртүрлі ұялшақтаусың ба, немене, – деп келіншек ұрысып қояды.

– Үш мың қымбат қой, ақшам да жоқ еді, – дедім, сәлден соң есімді жинап.

– Онда неге басымды қатырып тұрсың.  Келіншек ашулы кейіпте кері бұрылды. Қасына жанаса беріп:

– Жас қыз ба еді? – деп сұрадым.

         – 22-23-тегі қыз тақияңа тар келетін бе еді?

         – Қазақ па? – дедім қарап тұрмай.

         – Кетші басымды қатырмай, сөзі көп еркектерді жек көремін, – деп келіншек бұл жолы бірден теріс айналып кетті.

         Сәл де болса бойым үйренейін деді ме, әлде шынымен бірнәрсе іздеген жаңға ұқсап келем бе, «Дәулеттің» алдына жете бергенде, екі кексе келіншектің бірі жеңіме жармаса кетті.

         – Жас қыз бар, «узбечка».

  • Шын «узбечка» ма?
  • Әрине, үш мың жарым, жүр кеттік.

– Ондай… әрі қарай ештеңе айтып үлгермедім, келіншек алдыма түсіп зулап барады. Үйдің артына айналып барамыз. Қайда бастар екен деп, сәл сабыр сақтағам. Бір күміс түстес «Тойота камри» автокөлігіне келіп, алдыңғы жағына отырып жатыр. «Бол, отыр, отыр»  деп қояды маған да.

– Үш мың жарымыңыз қымбат қой, маған мың жарымға болса…

– Болады, болады. Барған соң өзімен келісесің, – деді. Жүргізуші жігіт те «бол, бол!» деп асықтырып барады.

– Одан кейін ақшам қалмайды екен, жә кейін көрермін, – дедім басқа сөз аузыма түспей. «Қызық адам екенсің» деп бұл келіншек те ренжіп қалды.

Қазақта «көп жүрген жыланның аяғы көрінеді» деген бар емес пе. Біржан салдың бойымен екінші қайтара жүргенде келіншектер мені нұсқап бір-бірімен «осы жігіт тегін жүрген жоқ» деп сезіктене қарады. Одан бұл арадан жүріп келе жатқанда қастарында орта жастағы, 30-ды еңсерген жігіттер барын байқағанмын. Келіншектер маған тап бергенде, олар жалт бұрылып, сәл әрірек кетеді. Бірақ, анадайдан барлап тұрғаны көзге анық байқалады. Мен қастарынан ұзағанда бір-бірімен сөйлесіп жатқандарын да бірнеше рет көзім шалған.

«Аш пәледен қаш пәле» деген. Енді тезірек көзімді жоғалтпасам, бір пәлеге ұрынатынымды әлдебір түйсік арқылы сезіндім. Ол сезігім бекер болмады. «Дәулеттен» ұзап бара жатып, соңыма қарасам, бір орта бойлы, екіншісі ұзындау екі жігіт соңымнан ілесіп келеді екен. Бір нәрселерді қызықтай қалған болып, сәл аялдасам, олар ұялы телефондарын шұқылап, сол маңнан ұзай қоймайды. Жүрсем, қайта ілеседі. Ең дұрысы, таксиге мініп, зытқан-ау деген ой келді де, жол шетінен ағылған көліктерге қол көтере қойдым…

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button