Басты ақпарат

 Кедергісіз қозғалыс кепілі

автобус

Елорда халқының үштен бір бөлігі қоғамдық көлік қызметіне жүгінеді. Осы жайт ескеріліп, өткен шілде айының аяғында Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының қолдауымен «Bus Lane» жобасы іске қосылды. Халықты керек жеріне жедел әрі қауіпсіз жағдайда жеткізу мақсатын көздеген аталмыш жоба аясында шаһар жолдарында қоғамдық көлікке арналған жолақтар салынды.

Әзірге мұндай жолақтарды Бауыржан Момышұлы (Абылай хан даңғылынан бастап Сарайшық көшесіне дейінгі аралық, ұзындығы – 2,84 км) және Бөгенбай батыр (Уәлиханов көшесінен Сарыарқа көшесіне дейінгі жол бөлігі, ұзындығы – 2,15 км) даңғылдары бойымен жүретін автобустар пайдалануда. Бірақ, жыл аяғына дейін олардың санын арттыру жоспарланған. «Астана LRT» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл аяқталғанша осындай жолақтар сол жағалауда салынады. Оң жағалауға қарағанда сол жағалаудағы жолдар кеңдеу келетіндіктен басымдық осыған беріліп отыр.

«Bus Lane» жобасының артықшылықтарын сөз етсек, ол қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін реттеп, кестеден ауытқу жағдайларын төмендетеді және жолдағы қауіпсіздікті күшейтеді. Сондай-ақ, автобустардың орташа жылдамдығын 20 пайызға арттырады. Қарапайым тілмен айтсақ, қоғамдық көлік жүргізушілері бұл жоба арқылы тәртіпке үйренеді. Жолақтар салынған жолдарда бірі екіншісімен жарыспай, жолаушылардың және өздерінің өміріне жауапкершілікті сезіне бастайды.

Айта кетер жайт, көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығында автобус жүргізушілері үшін «Bus Lane» жобасы бойынша қосымша сағаттар қосылған. Жобаның қыр-сырымен олар сол жерде танысуда.

Бұл жоба іске қосылған уақыттан бері екі апта өтті. Алғашқы кезеңде жүргізушілер бұған үйренсін деген ниетпен автобус жолағына кіріп кеткен өзге көлік түрлерінің иелері ешқандай жауапкершілікке тартылмады. 11 тамыздан бастап қана арнайы жолақтар толыққанды жұмыс режиміне енді. Яғни, сол күннен бастап жолаққа кіргендер айыппұл төлейді. Айыппұл көлемі 5 айлық есептік көрсеткішке тең немесе 9910 теңге. Қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бақытжан Алтыбаевтың айтуынша, екінші мәрте сәйкес ережені бұзғандар үшін айыппұл екі есеге көбейеді. Бір ескертер жайт, арнаулы органдардың көліктеріне дабыл қосып аталған жолақтармен жүруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, өзге көлік иелеріне жолаушыларды мінгізіп, түсіру үшін де бұл жолақтарға кіруге болады.

Қазіргі таңда ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша жолақтарды салу мәселесі шешілуде. Нақтырақ айтсақ,  оларды орналастыру жері бойынша сәйкес сызбалар жасалуда.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button