Үйренетін үрдістер

ҒАЛАМ ҒАЖАПТАРЫ

12

ҒАРЫШҚА ЛИФТІМЕН КӨТЕРІЛЕМІЗ

 Жоғары қабаттарға жедел жеткізетін саты – лифтілер алғаш қолданысқа ене бастаған кезінде елең еткізер жаңалық болып еді-ау. Енді, міне, ғарышқа да лифтімен көтерілмекшіміз. Адамзат өміріне үлкен өзгеріс әкелетін бұл жаһандық жобаны канадалық ғалымдар ұсынып отыр.

  Идея авторлары бұл кешен ғарышқа ұшуды үш есе жеңілдететініне әрі табиғатқа әсері де әлдеқайда аз болатынына сендіреді.

«Thoth Technology» аэроғарыш компаниясы тарихтағы ең бірінші үрлемелі ғарыш лифтін жасауды патенттеді. Лифтке «Thoth» деген атау берілді. Алып жобаның құрылысы АҚШ-та жүргізілмек.

  Ғарыш лифтісінің құрастырылуы әлі де адам сенгісіз жайт. Алайда, ғалымдар мен инженерлер бұл идеяның жүзеге асуы мүмкін екеніне сеніп отыр.

 «Thoth» лифтісінің биіктігі 20 км-ді құрамақ. Құрылымның ұшар басында ғарыш айлағы орналасады. Лифттің негізгі бөлігін үрлемелі күшейтілген сегменттер құрамақ. Алып мұнараның ішінде бірнеше лифт жұмыс істейді.

 

 

ҚАҢҒЫБАСТАР ҚАБЫРҒАДА ТҮНЕЙДІ

 Қаланың қуыс-қуысынан пана іздеген қаңғыбастар қашанда қамқорлыққа мұқтаж. Ағылшындық Джеймс Фурзер атты жас дизайнер үйсіз-күйсіз жүргендер үшін ерекше жоба ұсынды.

 Көшедегі әр ғимараттың қабырғасына жапсырып, оңай орналастыра салатын қорапшалар қаңғыбастар түнейтін қолайлы жай болмақ. Кішкентай үйшіктің жатын орны мен терезесі ғана бар. Қорапша қабырғаға екі болат тіреуіш арқылы бекітіледі. Ішінің қалыпты температурасын сақтап тұру үшін жылыту едендері төселеді.

Үйшіктер көшедегі адамдардың еркін жүруіне кедергі келтірмейтін биіктікте тұрады. Ал оған жиналмалы саты арқылы кіреді.

Идея авторы бұл жоба үй-күйсіздердің мәселесін шешудің жолы емес, қаңғыбастарға қамқорлық жасаудың бір қадамы ғана екенін айтады. Джеймс Фурзер қорапшаларды алдымен Лондон көшелеріне, одан соң басқа қалаларға орналастырмақ. Қазір құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаржы көздерін іздестіруде.

ЕҢ ҮЛКЕН ҚОЛШАТЫР – ҚЫТАЙДА

 Қытайдың Синцзы уезі Цзянси провинциясында әлемдегі ең үлкен қолшатыр жасалды.

 Қолшатырдың биіктігі – 14,4 метр, диаметрі – 23 метр, ал салмағы – 5,7 тонна. Алып шатыр жауып тұрған аумақ – 418 шаршы метр. Қолшатыр автоматты түрде ашылып-жабылады. Бұл үдеріске 14 минут уақыт кетеді.

Гиннестің рекордтар кітабының супервайзерлері Қытайға арнайы барып, аталмыш жобаны әлемдегі ең ірі қолшатыр ретінде тіркеді. Оның құны 113 000 долларды құрады. Қолшатырды жасауға жарты жыл уақыт кеткен.

Осыған дейін ең үлкен қолшатыр деп саналып келген құрылым Үндістанда 2010 жылы орнатылған еді. Оның биіктігі – 10,97 метр, диаметрі – 17,09 метр,  салмағы – 2,2 тонна.

 

ҮНДІСТАНДАҒЫ «ТІРІ» КӨПІРЛЕР

Үндістан халқы асқан төзімділікпен қаншама жылдар бойы ағаш тамырлары арқылы «тірі» көпір өсіріп шығарған. Мұндай көпірлерді Үндістанның солтүстік-шығысындағы Мегхалая штатынан және Черрапунджи, Нонгрите қалаларынан кездестіруге болады.

 Мегхалая – әлемдегі ең ылғалды мекендердің бірі. Ондағы өткел бермес өзендердің ағысының қаттылығы сонша, одан өту – өте қауіпті. Осы мәселені шешу үшін жергілікті тұрғындар табиғатпен үйлесімде, зиян келтірместен тамаша дүние жасаған. Олар өзеннің екі жағын қаптап өскен баньян ағашының тамырларын иіп, «тірі» көпір өсірген.

Осы ғажайып көпірді тұрғызуға 15 жыл уақыт кетеді екен. Мұндай көпірлер тұрғындарға 500-600 жыл қызмет көрсетеді. Олардың кейбірінің ұзындығы 30 метрге дейін жетеді. Көпір бір уақытта 50 адамды еркін көтере алады.

Мегхалая тұрғындары бұл дәстүрдің қашан басталғанын нақты дәл басып айта алмайды. Ең алғаш «тірі» көпір жайлы мәлімет қағаз бетіне 1844 жылы түсіпті. Осындай ғажайып көпірді жасау техникасы ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button