Қала тіршілігі

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ИГІЛІГІ

инвестиция

Жалпы елімізде жылу тарататын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Елордада бұл көрсеткіш 59 пайызға тең. Қалада аталған осы олқылықты реттеу үшін біршама істер қолға алынды. Атап айтсақ, «Астана Теплотранзит» АҚ-ның үш жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарлама өзінің қорытынды кезеңіне жетіп қалды. Оның орындалуы қандай деңгейде жүргізілді? Соны анықтау мақсатында бейсенбі күні пресс-тур ұйымдастырылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Марат Мұстафиннің жол бастауымен қалалық мәслихат депутаттары, бас шаһардағы Кәсіпкерлік палатасының және қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер кәсіпорынның атқарған жұмыстарымен танысты.

«ЖАСТАРДА» ЖЫЛУ ҚҰБЫРЛАРЫ ЖАҢАРДЫ

Алматы ауданының әкімдігі жанынан қозғалған топтың бірінші болып тоқтаған жері «Жастар» шағын ауданы болды. Бұл жерде ТМ-6 нысанын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмысшылар су жаңа жылу құбырларын тартып жатыр екен. «Астана Теплотранзит» АҚ өндiрiс қызметiнiң басшысы Мәжит Шанаев бізге біраз мәлімет берді. Оның айтуынша, аталған ауданда желілердің жалпы ұзындығы – 1400 метр. Мұнда жылу жүйесіне 1600 пәтер қосылған. «Осы ауданда жылу желілері кеңес заманында тартылған. Тек 1997 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Содан бері де 20 жылға жуық уақыт өтті. Сондықтан жаңғыртуды қолға алғанымызда негізгі басымдықты осы учаскеге бердік. Мұндағы жұмыстар алдағы он күнде аяқталуы тиіс. Желі дұрыс тартылған жағдайда құбырлар 20-25 жылға шыдас бере алады» дейді ол.

Тартылып жатқан құбырлар қос қабаттан тұрады екен. «Мұндайды құбыр ішіндегі құбыр дейді. Бұлар бұрынғы құбырларға қарағанда мықты келеді. Біз негізінен отандық өнімдерді қолданудамыз. Өнімдер – Павлодар, Өскемен сынды қалаларда орналасқан зауыттарда шығарылады» дейді Мәжит Шанаев.

ЕҢБЕК АДАМЫНА ЕСКЕРТКІШ

Осы жерде мән-жайға қаныққан соң «Астана Теплотранзит» АҚ кеңсесіне бағыт алдық. Кеңсе аумағында тұрған «Слесарь Амантай» анықтамасы бар ескерткіш көпшілікті қызықтырды. Мәжит Шанаевтың айтуынша, тұғырдағы бейне – еңбеккер адамның жиынтық образынан хабар беріп, нағыз жұмысшы адамға құрмет көрсету мақсатында тұрғызылған. Алайда, ескерткіштің негізіне нақты өмірде бар кәсіпорын жұмыскерінің бет пішіні алынған. Жылу тарату мекемесіне биыл 50 жыл толса, бұл жұмыскердің осындағы жұмыс өтілі де сол шамаға жуықтады. Яғни, уыздай жас кезінде осында жұмысқа орналасып, арада қаншама жылдар өтсе де, мекемеге адалдығынан айнымай келеді. Қазіргі таңда бұл адам учаске басшысы қызметін атқарады екен.

УАҚЫТ ПЕН РЕСУРСТАРДЫ ҮНЕМДЕЙДІ

Ескерткіштен әрі қарай аттағанымызда қаз-қатар тізіліп тұрған жаңа техникаға көзіміз түсті.Кәсіпорынның бас механигі Темірболат Ахметжанов бұл техника сатып алынғалы бері жұмыс қарқыны күшейгенін айтты. «Былтыр 7, биыл 9 техниканы сатып алдық. Соның нәтижесінде бұрынғыға қарағанда жұмысымыз өне бастады. Мәселен, бұрынғы экскаватормен жерді үш күн қазсақ, жаңа экскаватормен 1-1,5 күнде қопарып тастаймыз. Сосын бұрынғы көліктеріміз жүз шақырымға 25 литр жанар май жейтін. Ал қазіргімізге осынша қашықтыққа 16 литр жетеді. Яғни, жаңа техника уақытты да, ресурстарды да үнемдеуге мол мүмкіндік беріп отыр» дейді ол.

Одан кейін өнімдерді дайындау цехына бас сұқтық. Мұнда да жаңа жабдықтар сатып алынған екен. Мысалы, дәнекерлеуге арналған және полиметан қоспаларын құю аппараттары жұмысшылардың қолын біраз ұзартыпты. Осы аппараттар кәсіпорынға жылына 10 миллион теңгені үнемдеуге ықпалын тигізетін көрінеді. Мұндай ақпаратты бізге Жөндеу-өндіру қызметінің басшысы Станислав Гера жеткізді.

ҚЫТЫ ОЙЛАП ҚЫСЫЛМАЙДЫ

Кеңсенің мәжіліс залында кәсіпорын басшылығы инвестициялық бағдарламаның орындалу барысымен кеңірек таныстырды. «Астана Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бекежан Сейітжанов бағдарламаны орындауға жалпы алғанда 3 457 544 мың теңге бөлінгенін жеткізді. Осы қаржының 80 пайызы жылу желілерін қалпына келтіруге және жаңғыртуға бағытталыпты. Бұған қоса бағдарлама аясында ескі жабдықтарды жаңаларға ауыстыру, көліктер мен арнаулы техниканы сатып алу және тағы басқа жұмыстар қарастырылған. Бағдарламаның үшінші, яғни соңғы кезеңінде ағымдағы жылдың 4 тамызы күніне дейін жылу желілері 56 пайызға қалпына келтіріліп, жаңғыртылған. Ал жалпы жыл аяғына дейін осы мақсатта 533 млн 933 мың теңгені игеру жоспарлануда. Сондай-ақ, осы кезеңде жылу энергиясын жоғалтуды 1,3 пайызға, арнаулы техниканы жалға алуды 13 244 теңгеге азайту көзделуде. Сонымен қоса жылуды тарату желілерінің тозуын 58 пайызға төмендету мақсаты да тұр.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Марат Мұстафин елордада жылу есептегіш құралдарын орнату жоспары 98 пайызға орындалғанын айтты. Бұл жағынан бас қаламыз елімізде жетекші орынды ұстап тұр екен. Оның айтуынша, инвестициялық бағдарлама біраз мәселенің басын қайыруға мүмкіндік берді. Ал, Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы бұдан да зор жұмыстарды атқаруға жол ашады. Тарифтер жөнінде сөз сабақтаған ол елордада су және жылу тарифтері өзге өңірлерге қарағанда төмен екенін жеткізді. «Былтыр осы тарифтерді өсіруге жол бергеніміз жоқ. Олар келесі жылдың қаңтарында қаралатын болады» деді Марат Мұстафин.

«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қабыкен Закарьянов, қалалық мәслихат депутаты Тимур Оразақов өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Жалпы, бағдарламаның орындалу барысы ойдағыдай  екені айтылды. Елорданың жылу желілерінде өткен қыста апаттар орын алмай, тұрғындар суық маусымнан жақсы шыққаны да қаперге салынды. Сөйтіп, атқарылған, алда атқарылар жұмыстардан соң бұған алаңдауға негіз жоқ екеніне сендірді.

P.S. Мәжіліс залында көзімізге түскен ереше зат – қазақтың киіз үйі болды. Іші де сол атауға әбден сай екен. Соған марқайып қалдық. Кәсіпорынның жартығасырлық тарихынан сыр шертетін музейді де араладық. Тек жұмысты ғана емес, руханиятты да ойлайтын басшылыққа ырза болдық.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

 

 

 

  

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button