Басты ақпаратМәдениет

Астанада жаңғырған «Дон Кихот»

«Астана Опера» театрының репертуары тағы да бір премьерамен толықты. Әлем елдерінің сахнасынан 150 жылға жуық уақыт бойы түспей келе жатқан әйгілі «Дон Кихот» балеті Астанада да қайта жаңғырып, кеше тұсауы кесілді.

donkihot

«Дон Кихот» – дәстүрлі испаниялық қойылым. Людвиг Минкустың музыкасына қойылған балет әлем театр­ларының репертуарынан түспей келеді. Оның Аста­надағы нұсқасының қоюшы балет­мейстері – Ресейдің халық әртісі мен «Астана Опера» балеттік труппасының көр­кемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Классикалық туындыны көрерменге қаз-қалпында жеткізуге ортағасырлық киімдер мен декорациялар көмектесті. 147 жылдық тарихы бар «Дон Кихот» балетіне арнап екі жүзге жуық костюм тігілді. Оларды «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино мен Эцио Фрид­жерио бірлесіп әзірледі. Италиялық суретшілер кос­тюмдерде қара және қанық қызыл түсті көптеп пайдаланыпты. Киімнен бөлек, шеберлердің декорацияларды шынайы етіп жасауы, анимацияны ұтымды қолдана білуі балеттің бітім-болмысын ай­шықтай түсті.
Белгілі балетмейстер Алтынай Асылмұратованың айтуынша, балет жылдар бойы бірнеше рет редакцияланған. Осы қойылымның ерекшелігі – сыған және фанданго биінің енгізілуінде. Сондай-ақ, балет екі актіге дейін қысқарып, декорациялардың ауысуы жиіледі. Бұл балетті тамашалаған көрерменді таң­дай қақтырғаны сөзсіз.

donkihot

«Дон Кихот» оқиғасының желісі әркімге түсінікті, қабылдауға жеңіл. Пантомима мен кейіпкерлердің қай-қайсысы да маңызды. Езуіңе еріксіз күлкі үйіреді. Мақсат – сахнаның әр жерінде, әр бұрышында өмірдің қайнап жатқан көрінісін беру» дейді әйгілі балерина.
Романнан айыр­ма­шылығы сол, басты назарда қаһарман Дон Кихоттың өзі емес, Кит­ри пен Базиль есімді ғашықтар. Китридің әкесі Лоренцо қызын бай дворян Гамашқа ұзатпақшы болады. Алайда Дон Кихот оған тосқауыл болып, жастардың махаббаты үшін күреседі.
Өз рөлін шебер ойнап шыққан әртістердің еңбегін елемеу мүмкін емес. Китридің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева және Гауһар Усина сомдаса, Базильді Бақтияр Адамжан мен Арман Оразов ойнап шықты. Саяхатшы Дон Кихоттың партиясы Жәнібек Иманқұловқа бұйырды. Көңілді Санчо Пансаны Бос­тан Қожабеков, ал Лоренцоны Жанәділ Бейсембиев сахнада жандандырды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button