Сұхбат

Асxат Оралов, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы: ЕРІКТІЛЕР КӨРМЕ КЕЗІНДЕ ӨМІРЛІК ТӘЖІРИБЕ ЖИНАЙДЫ



– Жастар саясаты мәселелері бас­қармасы «ЭКСПО-2017» халық­ар­а­­­лық көрмесінде 1500 ерікті дайындады. Еріктілерді іріктеп алуда қандай талаптарға мән бердіңіздер?

16602961_367782083592731_6486324685333025895_n
– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруда жастар­дың белсенділігі жоғары болды. Мәселен, 2015 жылдан бастап басқармаға қарасты «Астана жастары» ведомствоаралық мекемесімен бірлесіп, еріктілерді дайындауға ерекше мән бердік. Жалпы, халықаралық көрмеге еріктілерді Астана қаласының әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы дайындады. Мысалы, біз қаламыздағы мәдени-бұқаралық нысандарға келген қонақтарға қызмет көрсетсек, ұлттық компания дайындаған еріктілер ЭКСПО аумағында жұмыс жасайды.
– Халықаралық көрмеде қызмет көрсетіп жатқан еріктілер неше тілді меңгерген?
– Астанаға табаны тиген турист ең алдымен халықаралық әуежай мен теміржол вокзалына келеді. Шет тілін еркін меңгерген еріктілер өзге елден келетін қонақтарды ақжарқын әрі жылы жүзбен қарсы алып жатыр. Жалпы, біздің еріктілер ағылшын, қытай, испан, түрік, француз, итальян, неміс, орыс, өзбек, қырғыз тілдерін еркін меңгерген. Алайда 1500 еріктілердің барлығы бірдей бірнеше тілді біледі деп айта алмаймын. Мысалы, бірі ағылшын тілін білсе, екіншісі қытай, үшіншісі испан тілдерінде қызмет көрсетуге қабілетті. Негізі, әуежай арқылы келетін қонақтардың көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейді. Сондықтан да біздің еріктілердің 40 пайыздан астамы ағылшын тілін өте жоғары, ал 40 пайызы орташа деңгейде меңгерген. Ал қалған 20 пайызы орташадан төмен деңгейде ағылшын тілін біледі.

zhastar-1
– Еріктілер әуежай мен теміржол бекетінен басқа қай жерлерде қызмет көрсетіп жатыр?
– ЭКСПО басталмай тұрып еліміздегі барлық құзырлы органдар еріктілер дайындап беру туралы тапсырыс­тар берді. Солардың ішінде ҚР Ішкі істер министрлігі, Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінен көп сұраныс болды. Мәселен, қазіргі таңда аталған департаментте біздің 110 ерікті жұмыс жасап жатыр. Өйткені адамдар ең көп хабарласатын «102» пультында тергеу, жедел алдын алу қызметтерінде еріктілер қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы бойынша «103» пультында, қаладағы балалар мен ересектерге арналған аурухана және емханада 20 ерікті жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша қызмет көрсететін еріктілер «Астана» медициналық университетінің түлектерінен жасақталды. Өйткені болашақ дәрігерлер ауырып тұрған науқастың жағдайын бірден түсінеді. Ал Жергілікті полиция қызметі бойынша осы саланы жақсы білетін, мінезі өткір азаматтарды іріктедік. Бұдан бөлек, білім саласы бойынша 20 ерікті ЭКСПО көрмесіне жан-жақтан келетін оқушыларға қызмет көрсетеді. Олардың міндеті – вокзалдан оқушыларды қарсы алып, көрме, жалпы Астананың көрікті жерлеріне апару. Сонымен қатар, мәдениет саласы бойынша дайындаған еріктілердің санын 20-дан 30-ға дейін көбейтіп отырмыз. Себебі театрдан бастап әртүрлі мәдени ошақтарға баруға шетелдік қонақтар ерекше қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде біздің еріктілер қызмет көрсетіп жатыр.
– Еріктілерге әкімдік тарапынан нақты қандай жағдай жасалған? Үш ай бойы тегін қызмет көрсету оңай емес қой…
– Еріктілер емін-еркін жұмыс жасау үшін Астана қаласы әкімдігі оларға барлық жағдай жасап отыр. Еріктілер туралы 2016 жылы шыққан Қазақстан Республикасының заңында олардың міндеттері ашық көрсетілген. Мәселен, ерікті 18 жасқа толған әрі Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Осы талаптарға сай азаматтар жеке немесе мемлекеттік органдардың мүддесі үшін әлеуметтік маңызды іс-шараларға өтемақысыз қызмет көрсете алады. Сондықтан да көрмеде қызмет көрсететін еріктілер тегін жұмыс жасап жатыр. Алайда біз 93 күн бойы қызмет көрсететін еріктілердің мәселелерін шешіп беріп отырмыз. Ең біріншіден, біз барлық еріктілерге шет тілін тегін оқыттық. Сонымен қатар, шетелдік қонақтың алдында ерікті өзін қалай ұстап, сөйлесуі керек деген сияқты әртүрлі этикалық мәселелерді үйреттік. Мысалы, ислам елдерінен келген әйел адамдармен қол алысып амандасуға болмайды, керісінше, өзге елден келген қонақтар қол ұсынса, оның сәлемін қабыл алу керек. Бұдан бөлек, еріктілер оқыс жағдай болған кезде алғаш­қы медициналық көмек көрсетуге бейімделді.

erm_8686
– Әлеуметтік желіде «3 ай бойы тегін ерікті болып жұмыс жасау – еріккеннің ісі» деп жазып жатқан­дарды байқап қалдым. Жалпы, ерікті болу жастарға қандай пайда береді?
– Шыны керек, кез келген еріктінің жаз айында қандай да бір компанияға орналасып, табыс табуына болады. Бірақ біздің жастар елімізде жүргізіліп жатқан саясатты қолдап әрі азаматтық борышын сезініп, ерікті болуға өздері қуана-қуана келді. Біріншіден, олар ЭКСПО көрмесінің еліміз үшін үлкен мүмкіндік екенін жақсы түсінеді; екіншіден, көрмеде қызмет көрсету – жастар үшін тарихи сәт. Жастар көрме арқылы өмірлік тәжірибеге ие болып, ертең қандай да бір қызметке орналасқан жағдайда, олардың көрмеде ерікті болғаны көп пайда әкеледі; үшіншіден, Астана қаласы әкімдігі жастарға жақсы мотивация беріп отыр. Мәселен, әкімдік тарапынан 500 еріктінің жататын жері мен ыстық тамағы тегін болып отыр. Сондай-ақ, оларға жол жүру билеттерінен бас­тап киімдеріне дейін тегін берілді. Бұдан бөлек, Астана қаласында болып жатқан кез келген мәдени-бұқаралық іс-шараларға еріктілер тегін кіре алатын болады. Ең бастысы қала әкімі Әсет Өрентайұлы ақылы бөлімде оқитын студенттерге арнап 20 білім беру грантын беріп отыр. Бұл деген – жастар үшін үлкен мотивация.
– Еріктілер мен шетелдік қонақ­тардың арасында атап өтерлік қандай байланыстар болып жатыр. Нақтырақ айтсам, еріктілердің жұмысына турис­тер қандай баға беруде?
– Мәселен, «Нұрлы жол» теміржол вокзалында біздің еріктілер Германия­дан келген ерлі-зайыпты қонақтарға қызмет көрсетті. Олар Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы «Алжир» мұражайына қалай баруға болатынын сұраған екен. Біздің еріктілер ағылшын және неміс тілдерінде Ақмол ауылына қалай бару керек екенін жан-жақты түсіндіріп беріпті. Сондай-ақ, Египеттен келген қонақ өзінің әмиянын жоғалтып алып, полиция қызметкерлеріне арызданғысы келген. Міне, осы кезде біздің еріктілер дер кезінде көмекке келіп, оның затын тез арада тауып беруге ықпал етті. Жоғалған дүниесінің тез арада табылғанына таң қалған турист полиция қызметкерлері мен ерік­тілерге қайта-қайта алғыс айтыпты.

zhastar-3
– Жастар десе, жұмыссыздық пен баспана мәселесі алдымыздан шыға­ды. Осы екі күрделі мәселеде басқарма нендей жұмыстар жасап жатыр?
– Жұмыссыздық жөнінен Астана қаласы алдыңғы қатарда тұрған жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Елорда болғандықтан атқарып жатқан жұмыстар өте көп. Біз, ең біріншіден, жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, мектеп оқушыларының таңдаған мамандығы бойынша болашақта жұмыс табыла ма, жоқ па деген сұрақтарға еңбек нарығын зерттей отырып жауап береміз. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын бітірген мамандарға арнап бос жұмыс орны жәрмеңкелерін өткіземіз. Бұл бағытта Астана қаласы Жұмыспен қамту басқармасы үлкен жұмыстар жасап жатыр. Ал енді баспана мәселесі жастардың ғана емес, сонымен қатар, үлкен азаматтардың да күрделі мәселесі болып отыр. Жалпы, пәтер мәселесімен Тұрғын үй басқармасы айналысады. Ал біздің басқарма тұрғын үйге қатысты бағдарламаларды жастарға жан-жақты түсіндіруге көңіл бөліп отыр.

Сұхбаттасқан:
Серік ЖОЛДАСБАЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button