Жаңалықтар

Автобус парктерін аралады

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бастаған комиссия бірнеше автобус паркін аралап, көшпелі отырыс өткізді. Онда олар жолаушы тасымалдаушылардың мәселелерін тыңдап, автобустардың жағдайымен танысты.

Астана халқына сегіз автобус паркі (1 коммуналдық, 7 жекеменшік) қыз­мет көр­сетеді. «Астана ЛРТ» ЖШС бас­қар­масының төрағасы Бекмырза Игенбер­диновтің айтуынша, қоғамдық көліктің сараланған тарифі енгізілгеннен кейін тасымалдаушылардың ресми кірісі орта есеппен 30 %-ға артты.
Алайда, автопарк өкілдері қаражаттың әлі де жеткіліксіздігін айтады. Олар автобустардың үздіксіз жұмысын қам­тамасыз ету және жүргізушілердің санын көбейту үшін субсидиялар көлемін ұлғайту мәселесін көтерді. Әкімдік өз тарапынан автопарктер жұмысына халықтың берген бағасына сүйенетіндерін айтты. Мәселен, iKomek жедел әрекет ету орталығының мәліметі бойынша соңғы екі айда қоғамдық көлік қызметі сапасының нашарлығына байланысты 7721 шағым және көлік қызметін жақсарту бойынша 623 ұсыныс түскен. Орташа есеппен алғанда, күн сайын қоғамдық көлікке қатысты 112 қоңырау қабылданады.
«Сіздер ақша сұрайсыздар. Сараланған тариф енгізілгеннен кейін ресми кірістеріңіз 30 %-ға артты. Бірақ бірде-біреуіңіз шы­ғындарды оңтайландыру және жұмыс тиімділігін арттыру туралы жақ ашқан жоқсыздар. Барлық мәселені субсидиялау есебінен шешуге тырысып, кәсіпорын «экономикасын» қайта қарастырмайсыздар. Бұлай болмайды!» деген Бақыт Сұлтанов әкімдік субсидиялау мәселесіне қатаң қарайтынын ескертті. Оның сөзінше, субсидиялар кемшін тұстарды түзетуге ғана емес, сонымен бірге кәсіпорынның тиімділігін арттыруға қызмет етеді.
Отырыс қорытындысында әкімнің тапсырмасымен әкімдік жанында қоғамдық көлік кәсіпорындарының жұмысын арттыру және олардың шығындарын оңтайландыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button