Жаңалықтар

Аязды жылытқан шуақ

Биылғы ақпан айы ақырып келді. Алдымен боран, оның соңы қызылшұнақ аязға ұласып, адамдарды біраз әбігерге салды. Мектеп оқушылары сабақтан босатылып, жылу мекемелерінің жұмысы күшейтілді. Осы төтенше жағдайға байланысты елорда басшысы Бақыт Сұлтанов тұрғындарды бір-біріне жанашырлық көрсетуге үндеу жолдады.

Шын мәнінде, осы аязды күндері елорда халқының бірлігі мен қамқорлығы ерекше болды. Мәселен, бас шаһардағы мешіттер «Астана – мейірімділік қала» қайырымдылық акция­сы аясында мұқтаж отбасыларға көмір мен азық-түлік алып беріп, далада жұмыс істеп жүрген адамдарға ыстық тамақ мен шай таратты. Сондай-ақ аялдамада тоңып тұр­ған адамдарды үйлеріне апарып тастады. Әсіресе, «Нұр Астана» мешітінің қыз­меткерлері мен басқа да азаматтар бірігіп, көмекке зәру адамдарға 18 «тегін такси» көлігін ұйымдастырды.
7 ақпан күні қалалық әкімдік «ASTANA TAXI» мекемесімен бірлесіп «Жылы сапар» акциясын өткізді. «ASTANA TAXI» жүргізушілері қалалық автобус бағ­дарларымен жүріп, жо­лаушыларды үйлеріне тегін жет­кізді. Ал кеше сол жа­ғалаудағы «Нұржол» автотұрағы күннің суықтығына байланыс­ты тегін қызмет көрсетті.
Бұл игілікті бастаманы ірі және шағын бизнес өкілдері де іліп әкетті. «Asia Park» ойын-сауық орталығы тегін шай үлестіру акциясын жариялап, адамдарға ыстық шай берді. Мұндай ізгілікті шараны кәсіпкер Сиявуш Таиров пен Виллаят Каримов те жасады. Сондай-ақ көлігі қатып қалған тұрғындарға машинасын тегін қыздырып берген азаматтар да болды.
Қысқасы, аз күнгі ауа райының қолайсыздығы елордалықтарды бір-біріне жақындата түсті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button