Sport

Азия біріншілігінен – 10 алтын

Бокстан жастар арасында Таиландтың астанасы – Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстанның жігіттер және қыздар құрамалары 10 алтын медаль жеңіп алып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сөйтіп, екі ұжым да командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.

Сәуірдің 21-27-сі аралығында шаршы алаңды шайқаған шайқастарда Ғалымбек Кенжебаевтың
ұландары 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді қор­жынға салды. Қоржынында 3 алтын, 2 күміс және 2 қола медалі бар таиландтықтар екінші болса, 1 алтын, 4 кү­міс және 2 қола медаль алған өзбек боксшылары үшінші орынға орналасты.
Бізден Азия чемпионы деген атаққа Махмуд Са­бырхан (49 кг), Талғат Шәй­кенов (64 кг), Ермахан Жақпеков (69 кг), Сағындық Тоғамбаев (81 кг), Айбек Оралбай (91 кг), Дамир Тойбай (+91 кг) қол жеткізді. Ал күміс медаль Нұрбек Оралбайдың (75 кг), қола жүлде Бейбарыс Жексеннің (56 кг) еншілеріне жазылды.
Алмас Қуатбек жаттықтыратын қыздар командасы түгел жүлделі орындардан көрінді. Олар 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медальді қанжығаға байлады. Екінші орынға үнді қыздары көтерілсе, үшінші орынға тай бойжеткендері жайғасты.
Жерлестерімізден Жансая Әбдірайымова (51 кг), Надя Рябец (75 кг), Гузалия Садықова (81 кг), Дина Исламбекова (+81 кг) құрлық чемпиондары атанды. Күміс медаль Айзада Исламғали (54 кг), Еркежан Дәулетқызы (57 кг), Майя Бейсебаева (69 кг) сынды қыздарымыз­ға бұйырды. Қола медальді Әнел Құдайберген (48 кг), Мария Гладкова (60 кг), Жұлдыз Тойкова (64 кг) мойындарына орады.
Енді осында жүлдегер атанған спортшылардың бәрі алдағы тамызда Вен­грия­да жалау көтеретін жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысады.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button