Руханият

Балалар кітапханаға бара ма?

Небәрі 20 жасқа келген елордамызда ашылғанына биыл 40 жыл толған орталық балалар кітап­ханасы бар екенін білесіз бе? Иә, Астана қалалық орталық балалар кітапханасы 1978 жылдан бастап өз оқырмандарын қабылдаған. Қазіргі таңда күніне 200-ге тарта кітапсүйер оқырман осында келіп, 150-200 шамасында кітап алып оқиды.

Таяуда кітапхана меңгеру­шісі Галина Көпжасаровамен әңгімелестік. Осы мекемеде жұмыс істеп жүргеніне 30 жылдан асқан кітапханашы бірден қызықты мәліметтерін алға тартып, бізге өз ісінің шебері екенін бірден аңғартты.
Кітапхана меңгерушісінің айтуынша, мұнда №2, 3, 6, 7, 25, 62 мектеп және музыка мек­тебінің оқушылары жиі келеді екен. «Балалар көбінесе қандай кітаптар алып оқиды?» деген сұрағыма «фантастикалық жанрдағы шығармалар мен әлем әдебиетін оқиды» деген жауап алдым. Бұған қоса, балалар Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовтің кітаптарын, 5-сыныптан бастап «Абай жолы», «Қан мен тер», «Ұшқан ұя» кітаптарын іздеп келіп оқитын көрінеді. Бұл мектептен берілетін қатаң тапсырма ма, жоқ балалардың әдеби кітапқа, романға деген ерте жастан қызығушылығы ма, қайсысы болса да, бұл – ­қуанарлық жағдай.
Кітапханадан кітап алып оқу үшін оқырман өзіне талон жаздырады. Ол талонның тиімді жері, басқа кітапханалар­да­ғы­дай ай сайын жаңартып отырмайсың, 1 рет қана жазыласың және кез келген уақытта келіп кітап оқи аласың. Әңгіме осы тұсқа келгенде Галина Алек­сандровна бір мысал келтіре кетті: бұрындары бірінші сыныпта оқитын кішкентай қыз анасымен келіп кітапханаға жа­зылған екен, сол уақыттан бастап үзбей келіп жүріпті. Ке­йін мектеп бітіргенше осы орталықтың оқыр­маны болған.
Кітапханада танымал кітаптардың орысша және қазақша аудармалары бар және олар жеке секторда орналасқан. Сек­торларға тоқталып өтсем, кі­таптар мұнда әр сыныптағы балаларға, жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, жүйеленген екен. Әртүрлі ғылым түрлеріне арналған мысалы, биология, астрономияға арналған серторлар да бар. Студенттерге ар­налған шағын газет-журнал секторы да бар екен.
Кітапхананың әр қабырғасына бір-бір көрме қойылған. Солардың ішіндегі ерекше екеуін айта кетейін. «Тірі кітап» көрмесі – мереке сайын балаларға қызықты кітап авторларымен кездесу өткізуге арналған көрме. Авторларға оқушылар өзін қызықтырған сұрақтарын қоя алады. «100 жаңа оқулық» көрмесі – шағын әрі қызықты. Бұл жерде Елбасы ұсынған 100 жаңа оқулықтың 18-і қойылған. Бұл көрме жалпы оқу залында орналасқан.
Жалпы оқу залы – кең, мұнда топпен жұмыс жасауға және жеке отырып оқуға арналған орындар мен дивандар қо­йыл­ған. Соңғы 8 жылдан бері бұл залда интерактивті тақта орнатылған, тақта арқылы балалар мультфильмдер көре алады. Ме­рекелерде залда оқырмандарға арналған театр
қойы­лым­дары ұсынылады.
Бұл, сөз жоқ, кішкентай оқыр­мандардың кітапханаға келуге қызығушылығын арттырады. 4 сыныпқа дейінгі балаларға арналған жеке оқу залы бар. Бұл залда әртүрлі ертегі кітаптар қойылған. Мұнда кіргенде сіз балалар атмосферасына тап болғаныңызды бірден сезі­несіз.
Себебі бөлме ойыншық­тар­мен, суреттермен безендірілген. Үстелдері де шағын әрі ыңғайлы. Үшінші зал – CD залы. Компьютерлермен жабдықталған, интернет қосылған бөлме. Галина ханымның айтуы бойынша, осы жерге 1 айдан соң жаңа компьютерлер қойылады екен, қазір тапсырыс жасалып қойған.

Жадыра ШЫНАРБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button