Елорда тынысы

Балалар қуанышқа бөленді

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Балалар жылын өткізу туралы бастамасын қолдау мақсатында елордалық балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін кинотеатрға тегін бару ұйымдастырылды.

«Keruen city» сауда-ойын-сауық орталығының кинотеатрында Астана қаласы әкімдігінің, «Кинопарк» кинотеатрлар желісінің, «PRO Food» тамақтандыру компаниясының қолдауымен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Астана қалалық филиалының ұйым­дастыруымен, астаналық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап тегін мультфильм көрсетілді.

Іс-шараға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Ақұлан Тастемірдің айтуынша, мұндай іс-шара жылына кемі екі реттен өтеді.

– Дәстүрлі түрде елордадағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған игі іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде әскери-патриоттық және мотивациялық бағыттағы фильмдер көрсетілімі бар. Мұндағы негізгі мақсат – отаншыл, рухты жастарды тәрбиелеу, оларды әскерге баулу. Балалар бұған дейін «Время патриотов», «Қазақ хандығы» фильмдерін тамашалаған еді, – деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек өз сөзінде.

Тегін мультфильмді тамашалағаннан соң, жас жеткіншектерге «PRO Food» тамақтандыру компаниясының атынан тәтті тағамдар таратылды.

«Киноға баратынымызды естігенде қатты қуандым. Біздің мұндай жиындарға шықпағанымыз көп болды. Сондықтан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын» деді балалар үйінің тәрбиеленушісі Рустам Талғат.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button