Руханият

Ұлағаты ұрпаққа үлгі

Бүгін біз көзі тірі болса 100 жасқа толатын Ұлы Отан соғысының ардагері, өзінің саналы өмірінің 30 жылға жуық уақытын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз Сағиым Рысжанұлы ағайымыздың қиын да қызықты өмірінен сыр шертпекпіз.

1922 жылдың 20 желтоқсанында Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ елді мекенінде Рысжан ата мен Белбеу ананың тұңғышы дүниеге келеді. Қуанышы қойнына сыймаған жас ата-ана ұлының атын азан шақырып Сағиым деп қояды. Сол кездегі ауылдағы жеті жылдық мектепке өзі қатарлас балалармен бірге барып, оқушы болған кезінде әкесі мен анасы қатты қуанған еді. Алғашқы күннен-ақ білуге деген құштарлығы өзге балалардан ерекше болатын. 12 жасында кенеттен әкесі дүниеден озғанда Сағиым бақытты балалық шағымен біржола қоштасқандай болады.

1938 жылы жеті жылдық мектепті жақсы бітірген Сағиым Темір қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Осында білім алып жүргенде, Ресейден жер аударылып келген Опрасимова деген еврей ұлтының өкілі, өте білімді кісі орыс тілінен сабақ береді. Не нәрсеге де жауапкершілікпен қарайтын Сағиым аға сол ұстаздан күндіз-түні жаттап жүріп, орыс тілін жақсы меңгеріп алады, сауатты жазуды да тез үйренеді. Училищені 1940 жылы бітіріп, ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады. Жас маман асқан қызығушылықпен балаларға сабақ беріп, ұстаздық жолын бастайды.

1941 жылдың 30 қарашасындағы Темір аудандық оқу бөлімінің №131 бұйрығына сәйкес, мұғалімдік лауазымынан босатылып, Сағиым аға 19 жасында соғысқа аттанады.

Әкесінің інісі Айжан ағасы болса жаз айында-ақ бірден майданға аттанып кеткен. Соғыс ұзаққа созылар болса, ауылда қалған жұрттың, жалғыз шешесі мен інісі Нағиымның, қарындастары Маруса, Азиялардың жоқшылықтан қиналып қалатынын ойлап, ауылдан 70 шақырым жердегі Темір қаласынан атшанаға ілесіп барып, бір үлкен жәшік шырпы сатып әкеледі. Ондағы ойы соғысқа көп күкірт керек қой, сондықтан бұдан былай елде шырпы тапшы болуы мүмкін, анам мен бауырларыма қысылғанда бір пайдасы тиер дегені еді. Шындығында да, сол үлкен жәшік тола шырпының пайдасы бүкіл ауылдасының қажетін өтеп, айырбасқа кеткен шырпы анасы мен бауырларын нан мен сүттен, ұн мен тарыдан мұқтаждық көрсетпей, қиын кезеңнен алып шығады.

1941 жылдың қақаған аязында Белорус жеріндегі майдан шебіне жетіп, кеудесін жауға деген өшпенділік оты шарпыған жігерлі жас жігіттер біраз дайындықтан кейін байланыс ротасына жіберіледі. Ол кезде байланыс ротасы соғыста батальон, полк, дивизия және басқа ірі бірлестіктер мен армияның еститін құлағы, көретін көзі еді.

1942 жылдың қысында Сағиым аға бағана басына шығып, үзілген сымдарды жалғау кезінде жақын жерде снаряд жарылып, құлап бара жатқан бағананың ұшар басынан жерге қарай секіріп кетеді. Бірақ орнынан тұрам дегенше бағана үстіне құлап түсіп, ол кісінің оң жамбасы сынып, ауыр жараланады, қанша жаны қиналса да шыдап бағып, госпитальға жатуға қарсылық білдіреді. Жамбас сүйегі біткенше арбаға салып сүйреп, өздері тамақтандырып жүрген бөлімшесіндегі жауынгер достарының көмегімен екі ай шамасында жазыла бастайды. Тәуір бола бастағанда арбаға ілесіп, балдақпен біраз жүріп, қатарға қайта қосылыпты. Содан кейін байланыс ротасында гвардия сержанты, бөлімше командирі лауазымында болып, соғыстың аяғында лейтенант шеніне дейін жоғарылаған.

Сонымен бірге ержүрек жауынгер Украина, Прибалтика жерлерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, Жеңіс күнін немістің Кёнигсберг қаласында қарсы алған. Сұрапыл соғыс жылдарында екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ», «Құрмет» белгісі орденімен, медальдармен марапатталған.

Зеректігінің арқасында орыс тілін жетік білетін сауатымен, тас­қа басқандай көркем жазуымен 1943 жылдан бастап соғыстың аяғына дейін дивизия штабында писарлік міндетін де атқарған.

Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін ерлігімен ел қорғаған Сағиым ағамыз жеңіс туын желбіретіп, аман-сау елге оралады.

1946 жылы Кеңқияқ орта мектебіне математика пәнінен мұғалім болып орналасады. 1949 жылы Темір аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы лауазымына тағайындалады. Ал 1950 жылы ол кісіні Жақсымай ауылының жеті сыныптық орталау мектебінің директоры етіп жібереді. Сол жылы білімі мен біліктілігін жетілдіру мақсатында Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мемлекеттік екі жылдық мұғалімдер институтына сырттай оқуға түсіп, 1952 жылы физика және математика пәні мамандығы бойынша толық курсын бітіріп шығады. Ал бес жылдан кейін – 1955 жылы Кеңқияқ орта мектебінің оқу бөлімінің меңгерушісі етіп жіберіледі. Осы бұйрықтың үшінші тармағында ол кісінің жұбайы Алмаш Сағидулинаны да осы мектептің мұғалімі етіп орналастыру ұсынылады.

Сағиым ағай сонау 1944 жылы майданда жүріп партия қатарына да өтіп алған екен.

Бір дәуірдің барлық қиыншылығын қара нардай арқалаған Сағиым ағайымыздың адал еңбегі бағаланып, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ел алғысына, шәкірттерінің ерекше құрметіне бөленді.

Ол кісінің жұбайы, бастауыш кластың балаларына алғаш қаламсап ұстатып, мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалар жанының қыр-сырын терең түсінетін, жаны нәзік Алмаш апай да тамаша ұстаз еді. Сағиым ағай екеуі өздерінің ұзақ та ұлағатты өмірінде бақытты ата-ана, үлгілі жанұя болды. Дүниеге әкелген 3 ұл, 2 қызының бойына білім мен біліктіліктің, ар мен адамгершіліктің дәнін септі. Ол кісілер Абай атамыздың «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылым мен еңбекке баулы» деген ұлағатты нақыл сөздерін алдына мақсат етіп қойған аяулы жандар еді.

Қалдыбай ЕРМҰХАМБЕТОВ,

Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button