Басты ақпаратСараптама

Билік пен бұқара бір болса, шешілмейтін түйін жоқ

Мемлекеттік мекемелердің халықпен ашық жұмыс істеуі, диалог құруы неге дұрыс жолға қойылмайды? Бұл мәселені ел Президенті жыл сайынғы Жолдауларында, Парламент өткізген мәжілістерде де қадау-қадау мәселе ретінде үнемі айтып жүр. Осыған орай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Еститін мемлекет» атты тұжырымдамалар қабылданғаны да белгілі.

Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Яғни билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді, міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады.

Халықтың сөзін кім естиді?

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату болса, қоғамдағы ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел түрде назар аудару – басты басымдықтың бірі. Цифрландыру дәуірінде, электронды Үкімет қарқынды дамып жатқан кезде бұл іс кешеуілдемейтін шығар деген үмітте болғанымыз рас. Тұрғындардың көп бөлігі солай ойлады. Мемлекеттік органдар мен олардың өкілдері, басшылары әлеуметтік желіде өз парақшасын жедел ашып, танымал топтарға тіркеліп, тікелей эфирге жаппай шығуы байқалды. Тікелей эфирдегі кейбір өзекті сауалдарына тұрғындар әп дегеннен жауап ала алған жоқ, мемлекеттік қызметшілер көбіне ресми түрде сұраныс жіберу керегін алға тартты. Жекеге келетін сұрақтар көбіне жауапсыз қалатын. Бұл тенденция әлі де жалғасып отыр.

Азаматтардың құқықтық сауаттылығы қандай деңгейде?

Жалпы, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың тиімділігін арттыру – еліміздегі прокуратураның басты назарында. Өйткені соған қарап халық мемлекеттік билік органдарының қызметінің тиімділігіне баға береді. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері – бұл заңдылықтың ең объективті көрсеткіші екені баршаға мәлім.

Елімізде қолданыстағы заңдар шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық және көпшілікпен байланыс жұмыс­тары жақсы жолға қойылуы тиіс еді. Бұл ресми органның ашықтығын, пәрменділігі мен жариялылығын, беделі мен мәртебесін нығайтудағы баспасөздің маңызды екеніне тағы көз жеткізе түсеміз. Алдағы уақытта да билік БАҚ-пен байланысты жақсартуға міндетті. Ал енді азаматтарымыз өз құқықтарын қаншалықты біледі, олар құқықтық сауаттылық дегенді қалай түсінеді? Дегенге келсек, құқықтың адамдар арасындағы қоғамдық қатынасты жақсарту үшін, реттеп, жүйелеп отыру үшін жасалғанын білеміз. Ал құқықтық сауаттылық – өзіңіздің және өзгенің құқығын, заң шеңберіндегі міндеттері мен мүмкіндіктерін білу және оны орнымен дұрыс жүзеге асыру.

– Барынша өз міндеттерімді, құқығымды білуге тырысамын. Яки әлеуметтік желіде азаматтардың құқықтары жайлы жазылса оқып, есте сақтап аламын. Алайда құқықтық сауаттылығымды 20-30% деп бағалар едім. Шыны керек, біздің қоғамда құқықтық сауаттылық аса бір жоғары емес. Мектептерде құқық сабағы өткенімен, ол жерде сабақ құқыққа қарағанда бір тарих іспетті, сабақ көбінесе заң туралы өз пікірін білдірген ойшылдың өмірбаяны мен қанатты сөздерін оқу арқылы жүзеге асырылады. Әлеуметтік желіге кіріп өз құқықтарымды оқуға тырысқан кездерім болған. Алайда түйгенімнен түсінбегенім көп болды. Тым ғылыми-теория­лық тілде жазылған, – дейді Әйгерім атты астаналық оқырман редакцияға келгенінде.

Бұрындары баспасөздің пәрменділігін биліктің баспасөзді уақытында оқып, кемшілікті тез арада түзетуінен көрінетін. Газет беттерінде, телеарналарда көрсетілген кемшіліктер көпшіліктің талқысына түсіп, олқылықтар айтылып, сыннан қорытынды шығарылатын, тіпті шенеуніктер орынтағынан айырылып жатқан оқиғалар жиі кездесетін

– Құқықтық сауаттылық әр адамға керек. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл – әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқиссасы. Сонымен тағы нені білуіміз керек дегенде, мыналарды ескерген жөн. Еліміздегі әр тұрғын тегін орта білім алуға, тегін медициналық тексерістерден өтуге құқылы. Бұл – мемлекеттің өз азаматтарына жасаған дүниесі. Әлеуметтік желіге көз салсаң, еңбекақысын ала алмаған, орынсыз орнынан қуылған немесе тегін алатын қызметін ақы төлеген, тағысын тағы түрлі шағымдар жетерлік. Бұл жерде адамның құқығы тапталып жатыр. Адам өз құқын қорғау үшін де заңмен танысып, болмаса заңгерлермен кеңесуі қажет, – дейді елордалық Қуандық есімді азамат.

Жуырда бір әріптесіміз желіге жазады: «Еліміздің ең ірі қаласының бірінде бір сыныпта бастауыш сынып оқушыларына тегін тамаққа пайдалану мерзімінен 2 жыл өтіп кеткен йогурт берген… Негізі, Қазақстан бойынша түгел тексеру керек. Жемқорлардан неше түрлі сұмдық шығады» деп. Оған шулап, билікті даттаған есепсіз комментарийлер кетті. Сонда желіде отырғандардың ең болмаса біреуі «аталған ресми органға арнайы шағым жазып, ресми хат жолдау қажеттігін, шағым арнайы тіркелмей, меморганнан жауап болмайтындығын» айтқан адам жоқ. Желіде шулайды да қояды. Көпшіліктің Заңдарды біліп, өз құқын қорғау жолында білігі аз, оған ықыласы да жоқ.

Мысалы, осы шағымға заңды білген кісі былай деп жауап қатуы керек еді: «Жалпы, мектептер жұмысын бастаған кезде санэпидқорытынды алу қажет. Егер мектепке шағым болған жағдайда, шағымданушы ата-ана фактінің күнін, уақытын белгілі бір қосымша арқылы анық жазып, фото, видеоматериалды қосымша тіркеп, шағымданушы адам жеке куәлігі мен ЖСН-мен ресми органға жаза алады». Ілгеріде осы салада жұмыс істегендіктен, бар білгенімді комментарий ретінде жазуыма тура келді. Білгеніңмен бөлісу де – парыз.

Билік БАҚ-қа назар аударса…

Үнемі айтып жүргеніміздей, елдегі бұқаралық ақпарат құралдары билік пен бұқара арасындағы алтын көпір болуға міндетті. Бақ атаулының орын алған кемшіліктерді көзге шұқып көрсетуі – бұқара алдындағы парызы. Оны биліктегілердің басым бөлігі жақсы біледі. Сондықтан телеарналар мен мерзімді басылымдарды қалт жібермей қадағалап, бүгінгі жағдайдың қандай бағыт алып жатқанына жіті назар аударып отырады. Әрине, бәрі бірдей емес. БАҚ-тың мәні мен атқаратын рөлін түсінбейтіндер лауазымдылар арасында жетерлік. Олар үшін БАҚ босқа далбақтаған тобыр болып көрінеді. «Айтады да қояды, ауыз өздерінікі ғой» деген ұғымда ондайлар. Осындай таяз ойлайтындар көбіне саяси жағынан сауат­сыз боп келеді. «Билік өзіміздің қолда тұрғанда олар не бітіреді?» деген менмендік соқыр сеніммен жүреді. Ондайлар жан-жағында орын алған жағдайдың кез келген кезде өзгеріп кету мүмкін екенін түсінбейді.

«БАҚ туралы заңға» иек артсақ журналистерге ақпарат алуға ешқандай кедергі жасалмауы керек, оған қоса басылымда жазылған мәселеге байланысты жергілікті орындар жауап беруге міндетті. Өйткені журналист жергілікті биліктен өзі үшін нан, я ақша сұрап барған жоқ. Мақалада қоғамдағы орын алған кемшіліктер көрсетілгендіктен, соның себебін және оны түзетуді оқырман, яғни бұқара білуі қажет, оны талап етуге құқылы. Бірақ, бұл заңдылық көп жағдайларда сақталмайды.

P.S: Қазір қайда не айтылса да, кім көрсетілсе де ешкімнің жанайқайға басы ауырмайтын болып алды. Бедірейген, безбүйрек қоғамға айналып барамыз. Бәрінен де осы қорқынышты. Сондықтан да, халық қалаулылары заңдарды қабылдағанда да осы БАҚ-та жарияланған проблемаларды жою жолындағы БАҚ-тың пәрменділігіне қатысты да арнайы баптар енгізуі керек екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өркениетті елге ұмтылып, демократиялық қоғам орнатамыз десек, осы мәселеге ерекше назар аудару қажет-ақ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button