Басты ақпаратРуханият

Еленбей келген ескі қателіктер

(немқұрайдылық, сауатсыздық, еліктеушілік...)

Енді осы орайда айтылғанға айғақ ретінде немқұрайдылықтан түзетілмей келе жатқан, қазіргі қазақ тарихына қатысты ірілі-ұсақты жайлардың кейбірін алға тартып, ортақ ой тезіне салып көрелік. Соның түзетілуі оңай ең қарапайымынан бастасақ, ол мынау:

Еуропалық таным-түсінікпен жазылған ресми тарих ғылымында оқиғаның қашан болғанын білдіретін ертеден қолданылып келе жатқан «Христос туғанға дейін» («до Рождества Христова»), «Христос туғаннан кейін» («после Рождества Христова») деген тұрақты сөз тіркесі бар. Осы тұрақты сөз тіркесі кейін «біздің эраға дейінгі» («до нашей эры»), «біздің эрадан кейінгі» («после нашей эры») дегенге өзгертілді. Қазір орыс тілінде жазылған еңбектердің бәрінде осының тек соңғысы ғана қолданылады. Қысқаша «до н. э.», «после н. э.» деп беріледі. Христиандық таным-түсінік негізінде алынып, ғылымға енген бұл сөз тіркесінің ұғымдық мәні христиандар үшін қалай қолданылса да түсінікті. Мұнда ешқандай екіұштылық жоқ. Ал христиан емес халықтардың тарихында қолданылғанда олай емес. Сондықтан оны тікелей сөзбе-сөз тәржімалау христиан емес халықтардың төл таным-түсінігімен үндеспей, нақтылықты тұмандатып, екіұшты ұғым туғызады. Олай болмас үшін оның дәл мағынасын беретін балама сөз тіркесін табу қажет. Бұл – ғылымның талабы. Бірақ бұған мән беріп жатқан қазақ тарихшылары жоқ. Содан да болар бүгінге дейін қазақтың қатардағы ізденушілерден бастап академигімізге дейін осы «до нашей эры», «после нашей эры» тұрақты сөз тіркестерін әркім өз қалауынша аударып, өзінше қолданып келеді. Олар, негізінен:

«Біздің заманымызға (заманға) дейінгі» («б. з. д.); «Біздің заманымыздан (заманнан) кейінгі» (б. з. к.);

«Біздің дәуірге дейінгі» (б. д. д.); «Біздің дәуірден кейінгі» (б. д. к.»);

«Біздің эраға дейінгі» (б. э. д.); «Біздің эрадан кейінгі» (б. э. к.);

«Біздің жыл санауымызға дейінгі» (б. ж. с. д.); «біздің жыл санауымыздан кейінгі» (б. ж. с. к.);

«Жаңаша жыл санауға де­йінгі» (ж. ж. с. д.»); «Жаңаша жыл санаудан кейінгі» (ж. ж. с. к.) деген секілді болып келеді.

Көріп отырғанымыздай, қолданыста жүрген осы аударма тіркестердің қай-қайсысы да басқа діндегі халықтар үшін христиандық ұғымды білдірмейді. Өйткені «до нашей эры» тіркесінің дәл осылай тікелей тәржімалау жолымен берілген баламаларының қай-қайсысы болса да, христиан емес халықтардың нақа бір ресми тарихты оқып жүрген сауаттылары болмаса, қалғандарының мұндағы «біздің заман», «біздің дәуір», «біздің эра», «біздің жыл санауымыз» деген ұғымдарды өздеріне бейімдеп, өз халықтарының басынан кешірген заманы, дәуірі, өздерінше жыл санау деп қабылдап, түсінік нақтылығынан айырылады. Қалай дегенде де, қай халықтың болсын әрқайсысының бастан кешкен өз заманы, өз дәуірі, өз оқиғалары бар ғой.

Мұның сыртында ғылымда тұрақты бір ұғымды білдіретін сөз бен сөз тіркесі сол ұғымның төл аты, төлқұжаты іспеттес. Оны әркімнің өз қалауына қарай, көркем шығармадағыдай құбылтып, синоним сөздермен ауыстырып, сапырылыстырып қолдана беруіне болмайды. Бұл да ғылым талабы. Мұның солай екені және сауатты жанның бәріне мәлім. Бірақ бойына тарап, бойкүйез еткен немқұрайдылық дерті оны түзетуге әлі күнге мойын бұрғызбай келеді. Ештеңеге мән бермес баяғы немкеттілік. Әйтпесе бұл тарихшылардың «до нашей эры» тіркесін аудару қажеттілігі туған алғашқы күні-ақ бірден ортақ бір шешімге келіп, түзете салуға болатын шаруа ғой. Бұл ретте, мысалы, біз өз тарапымыздан, христиан халықтарының ұғымын танытатын «до нашей эры», «после нашей эры» тіркестерін христиан емес халықтардың, нақтырақ айтқанда, түріктектес халықтардың тарихында «христиан эрасына дейінгі» («х. э. дейінгі»), «христиан эрасынан кейінгі» («х. э. кейінгі») деп бірізділікке түсіруді ұсынар едік. Мұнда, тіпті, «эра» сөзін «дәуір» деп аударудың да қажеті жоқ.

Тағы бір мысал: қазіргі таңда Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихына қатысты қалам тартқандар: «Қазақстан – көпұлтты мемлекет, 130-ға жуық ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде» деген тіркесті жиі қолданады. Мұны, әділдігіне жүгінсек, тек тарихшылар ғана емес, тә­уелсіздік алғаннан бергі өткен ширек ғасырдағы елдің хал-­ахуалы жайында пікір білдірген ғалымдар да, саясаткерлер де, журналистер де, жазушылар да ұмыт қалдырған емес, әсіресе саяси науқан кезінде бәрі жарыса жазып, жарыса айтып жатады. Осылайша жиі қайталанып, құлаққа сіңісті болғандықтан ба, жалпы көпшілік мұны өмірдің шынайы бір тұжырымы ретінде қабылдайды.

Бұл тіркестің өмірге келуінің бастапқы негізінде отарлаушылардың әр кезде әдейі қолдан ұйымдастырған қасап қырғындарының нәтижесінде мейлінше азшылыққа ұшырап қалған жергілікті халықтың құйқалы жерін иелену мақсатында түрлі сылтаумен (саяси қуғын-сүргін, тың көтеру, екпінді құрылыстар салу және т. б.) сырттан қаптатып әкелген келгінбайлармен толтырған жұлмыр саясатын бүркемелеу үшін кешегі советтік жүйе идеологтарының ойлап тапқан: «Қазақстан – ұлттар достығының лабораториясы» деген жасанды тұжырымның жатқаны хақ. Сол советтік жүйенің мектебінен шыққан біздің бүгінгі шенділердің Қазақстанда «ұлт» пен «ұлыстың» санын жасанды түрде көбейте беруге құмарлығы да, соны мақтанышпен айтатыны да содан. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес, ол – өз алдына жеке мәселе. Біздің айтпағымыз: осы тұрақты тіркеске айналған құрмалас сөйлемдегі атау сөздердің өз мағынасында қолданылмай, теріс ұғым беретіні, соның осылай екенін біле тұрып, тарихшылардың оны түзетуге ұмтылмайтын керанау немкетті немқұрайдылығы.

Алдымен, қадап айтар мәселе: Қазақстан ешқашан да көпұлтты мемлекет болған емес. Қазақ қазақ аталып, өз алдына жеке мемлекет құрғанынан бастап, қашан патшалық Ресейдің бодандығына өткенге дейінгі арада қазіргі қазақ жерінде қазақтан басқа өзге ешбір халық та, олардың өкілдері де мекендеп тұрмаған, тек бірыңғай қазақтар ғана болған. Ал бодандықтан кейінгі патшалық Ресейдің тұсында келген қарашекпенділер де, совет дәуіріндегі жер аударылған халықтың өкілдері де, тың көтерушілер де ешқашан өз алдына жеке халық болып қалыптасқан да, ұлт болып ұйысқан да емес. Олардың бәрі де сырттан, саясаттың ызғарлы желінің өтінде қоныс аударып келген әр түрлі жұрттың өкілдері, яғни қазіргі ұғыммен айтқанда «диаспора» ғана. Бұл арада олардың санының көп, болмаса, аздығы еш рөл атқармайды. Олардың ұрпақтары қазір де сол диаспора күйінде Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Сондықтан жоғарыдағы тұрақты тіркесті құрайтын құрмалас сөйлемнің «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген алғашқы басыңқы сөйлемі ұғымдық-мағыналық жағынан тарихи шындықты танытпайды, қате түсінікті қалыптастыруға қызмет етеді. Ал құрмалас сөйлемнің екінші бөлігіндегі «ұлт пен ұлыстың өкілдері» дегендегі «ұлыс» сөзі өзінің төл мағынасында емес, басқа мағынада, тіпті, қате қолданылып келеді. Өйткені «ұлыс» сөзінің «диаспора» ұғымына атаулық мағынасы жағынан ешқандай қатысы жоқ, ол – «мемлекет» деген ұғымның баламасы. Оның солай екенін, ең ғажабы, тарихшылар да, басқалар да жақсы біледі. Өйткені басқаны былай қойғанда, қазақ халқы жылда Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні» деп тойлайды. Ал бұл – басқаша айтқанда: «Наурыз – мемлекеттің, елдің ұлы күні, ұлы тойы» деген сөз. Ел халқы бұл күні бір-біріне: «ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп тілегін білдіріп, құшақтасып көрісіп жатады. Мұның қай-қайсысында да «диаспораның ұлы күні» немесе «диаспораның тойы» деген ұғым атымен жоқ. «Ұлыстың ұлы күні» тіркесі бұл арада, қай тұрғыдан алсақ та, тек «қазақ елінің, қазақ мемлекетінің ұлы күні, мерекесі» дегенді ғана білдіріп тұр. Бірақ осыған, яғни бүкіл халықтық ортақ танымның бірлігіне қарамастан, бір кезде бір аудармашының орыстың «наций и национальности» деген тіркесін қазақшаға аударғанда жіберген қатесі бүгінге дейін түзетілмей, сол күйі қолданылып келеді. Басқа мамандық иелеріне қарағанда өздері тарих жазғанда «Жошы ұлысы», «Шағатай ұлысы», «Үгедей ұлысы» деп жиі қолданып жүрген тарихшылардың ұлыстың «мемлекет» деген ұғымды білдіретінін және оның «диспораға» ешқандай қатысы жоғын жете біле тұрып, осынау басы ашық қателікке қарсылық білдірмей, үнсіз қостап, өздерінің де солай жазып келе жатқанын олардың өз кәсібіне деген немқұрайдылығы демегенде не деуге болады?! Егер олар өз кәсібіне кішкене жауапкершілікпен қараса, аудармашылардың кезінде жіберген қатесіне өріс бермей, оны сол пайда болған сәтінде-ақ түзеп, орыстың «наций и национальности» деген ұғымын, ең болмағанда, «ұлт пен жұрттың» деп аударып, дұрыстап жіберуіне болатын еді ғой…

Бірақ өкінішке қарай, олай істелген жоқ. Одан да өкініштісі: дуалы ауыздан шыққан бір ескертпеден, болмаса білікті тарихшының дәлелді бір мақаласынан тағдыры шешіліп, жөнге келуге тиіс осындай ұсақ-түйекке дер кезінде мән берілмегендіктен, кейін олар біріне-бірі жалғасып, түсінікті тұмандатып, халықтың өз тарихын шынайы төл болмысында тануына кері әсер етер танымдық ірі қателіктер мен кемшіліктердің орын алуына себепкер болып отырғаны. Мұның сыртында мұнда бойымызға еркін тарап, ерік-жігерімізді билеп алған немқұрайдылыққа қоса өзгенің айтқанын ойсыз қабылдай беретін тарихи сауатсыздығымыз бен сыртқа еліктегіштігіміздің де үлесі бар екенін мойындауға тура келеді. Соның салдарынан бұл күнде қазақ халқының түптегі деп қабылданып жүрген: сақ, ғұн, сәнби, жужан, түрік, татар, моңғол деген атаулармен танылған халықтардың тарихы түріктік таным-түсінік тұрғысынан өз болмысында әлі толық танылмай келеді. Бар бітіргеніміз кезінде еуроцентристік, русоцентристік көзқарас негізінде жазылған тарих деректерін сол күйі қайталау ғана. Соған орай бұл халықтардың атына да, затына да бұл күнде талас көп. Бұған қатысты өз пікірімізді «Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс» атты кітабымызда біршама тарата айтқан да едік.

Тереңдей зерделесек, сондай пайымдауларды бір мыңғұлдар емес, жаңағы, жоғарыда аты аталған, халықтардың қай-қайсысына да қатысты жасауға болады. Бірақ бұл арада біздің мақсатымыз отарлаушылар жұқтырған немқұрайдылық дертіне дем берген тарихи сауатсыздық пен еліктеушілік зардаптарына жұртшылық назарын аударту ғана болғандықтан, олардың себеп-салдарын саралап жатпаймыз. Ол – өз кезегінде арнайы қозғалар жеке әңгіменің арқауы. Сондықтан қазір тек айтылғанға айғақ ретінде ресми тарихтың ХІІІ-ХV ғасырларда Еуразия кеңістігінде дәуірлеген ірі империяның аты ретінде қолданылып жүрген «Алтын Орда» атауы төңірегіндегі қысқаша ой түйіндеулермен шектелмекпіз.

Қазақстан ешқашан да көпұлтты мемлекет болған емес. Қазақ қазақ аталып, өз алдына жеке мемлекет құрғанынан бастап, қашан патшалық Ресейдің бодандығына өткенге дейінгі арада қазіргі қазақ жерінде қазақтан басқа өзге ешбір халық та, олардың өкілдері де мекендеп тұрмаған, тек бірыңғай қазақтар ғана болған

Атақты Шыңғыс ханның көзі тірісінде өзі жаулап алған ел мен жерді бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына еншілеп, бөліп бергені тарихтан жұрттың бәріне белгілі. Осыған байланысты іргесін Шыңғыс хан қалаған далалық алып империя бір орталыққа бағынған төрт мемлекетке бөлініп, оның әрқайсысы еншілік үлесі ретінде билік тізгінін қолға алған әлгі төрт ұлдың атымен: «Жошы ұлысы», «Шағатай ұлысы», «Үгедей ұлысы», «Төле ұлысы» деп аталған болатын. Бұл ретте «Қазақстан тарихы»: бүгінгі «Қазақстан аумағы моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысының; Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысының; Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді» (Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. Алматы. 2010. 77-б.) деп атап көрсетеді.

Осының «Жошы ұлысы» осы ұлыстың негізін қалаушы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан өлгеннен кейін мұрагерлік жолмен әке орнын басып, таққа отырған Батый (Бату) (Жошының Орда-Еженнен кейінгі ұлы) ханның тұсында, нақтырақ айтсақ, 1243 жылдан бастап «Ұлы Ұлыс» деп аталады. Оның бұлай аталуы тарихи заңдылық еді. Өйткені Ұлы дала тұрғандары құрған мемлекеттің бәрі қай деңгейде екеніне (ірілі-ұсақтығына) қарамастан, ежелден қалыптас­қан заңдылық бойынша ішкі құрылымы рулық-тайпалық жүйеге негізделгені мәлім. Соған орай далалық мемлекеттердің ішкі құрылымдық сатылары да рулық-тайпалық жүйе заңдылығына негізделген. Мұнда кемі екі, болмаса бірнеше аталықтың бірігуінен «ру» құралады. Сол секілді бірнеше рудың бірігуінен «тайпа», бірнеше тайпадан «бектік», бірнеше бектіктен «хандық», бірнеше хандықтан «қағандық», бірнеше қағандықтан «ұлыс», бірнеше ұлыстан «ұлы ұлыс» құралады.

Шыңғыс хан өлгеннен кейін сегіз жылдай уақыт өткен соң, Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің бас қосқан құрылтайы өтіп, сонда Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау жөнінде шешім қабылданады. Жорықты басқару Шыңғыс ханның сүйікті немересі, Жошының жауынгер баласы Батыйға жүктеледі. Жеті жылға созылған осы жорықта Батый хан Еділ болғарларын, орыс княздіктерін талқандап, Солтүстік Кавказды бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, Валахияны, Трансильванияны ойрандап, Адриат теңізінің жағасына жетеді. Сөйтіп 1242 жылы өзінің ордасы орныққан Еділдің сағасына үлкен жеңіспен қайтып оралады. Осылайша шетелдік бірнеше ұлыстарды (мемлекеттерді) қосып алу нәтижесінде Батый хан иелігіндегі жер Алтайдан Дунайға дейін кеңейіп, орасан алып аймақты құрайды. Соған орай бұрынғы бір «Жошы ұлысы» жаңадан қосылған бірнеше ұлыстармен ұлғайып, күшеюі­не байланысты енді «Ұлы Ұлыс» деп аталады (Ұлы Ұлыс – еуропалықтар танымындағы «империя», «держава» атауымен мағыналас – Қ.С.).

Міне, осыдан бастап, нақтырақ айтқанда, 1243 жылдан қашан Ұлы Ұлыс ыдырап кеткенге дейінгі аралықта өткен екі ғасырдан астам уақыт ішінде бұл елдің елдік атауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ішкі-сыртқы жұрт та, осы Ұлы Ұлыстың негізін қалаған Батый ханнан бастап, оның ең соңғы билеушісі болған Тоқтамыс ханға дейінгі аралықта билік тізгінін ұстаған ел билеушілерінің бәрі бірдей өз елін «Ұлы Ұлыс» деп атаған, өздерін осы Ұлы Ұлыстың билеушілеріміз деп таныған. Мұның солай екеніне Ұлы Ұлыс­тың соңғы ханы Тоқтамыстың Литва королі Витовитке жазған хатының аяғына «Ұлы Ұлыстың билеушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп қолын қойып, мөрін басуы да айғақ. Өйткені өзі басқарып отырған мемлекет «Ұлы Ұлыс» деп аталмаса, оның солай аталатыны сырт елге әйгілі болмаса, Тоқтамыстай білікті хан осындай маңызды ресми құжатқа «Ұлы Ұлыстың билеушісімін» деп қол қояр ма еді?!

Бірақ осындай басы ашық айғақты жайларға қарамастан, қазіргі ресми тарих ғылымында елдің «Ұлы Ұлыс» деген төл атауы аталмай, оның орнына «Алтын Орда» атауы қолданылып келеді. Басқаны айтпағанда, мұның солай екенін Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жазылған «Қазақстан тарихының» 2010 жылы жарық көрген көптомдығының екінші басылымының екінші томының: «Қазақ халқының қалыптасуы. Қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы» деген бөлімінің бірінші тарауының түгелдей «Алтын орда» деп аталғанынан (Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. Алматы. 2010. 76-100-бб.) да көруге болады. Неге бұлай? «Алтын Орданың» Ұлы Ұлыстың атауы болып, басқа емес, академиялық еңбекке еніп, заңдастырылуы неліктен?

Бұл сұраққа «ресми тарихтың мемлекет атауын «Ұлы Ұлыс» деп атамай, «Алтын Орда» деуі қате. Өмірде «Алтын орда» деген мемлекет те, империя да болмаған» деп қысқа қайырып, жауап беруге болар еді. Бірақ далалықтарға «көшкіншілер» (номад, кочевник) деп ат қойып, айдар тағып, халқын жабайылар (варварлар) санап, олардың елдік есімін де, халықтық атауында өздерінің қалауына қарай бұрмалап қолдана беретін еуропалықтар мен бастау тарихын солардың таным-түсінігіне бейімдеп жазған сырт елдің еуроцентристік, русоцентристік көзқарасымен жазылған тарихпен тарихи санасын қалыптастырған бүгінгі жұртшылықты бұл жауап қанағаттандырмайды. Қанағаттандырмағаны былай тұрсын, оны ойласарлық пікір ретінде қабылдай да алмайды. Оның солай болатынын, басқаны қойып, Жошы ұлысының негізі қаланып, шаңырағы көтерілген аймақтың байырғы тұрғындарының бүгінгі ұрпақтары – өздерін осы ұлыстың тікелей мұрагеріміз деп есептейтін қазіргі Қазақстанның ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі тарихын жазып отырған кәсіби тарихшыларының өзі Ұлы Ұлыстың тарихын «Алтын Орда тарихы» деп жазып отыр­ғанынан-ақ аңғару еш қиындық туғызбайды. Сондықтан айтқанымыз түсінікті болуы үшін, оқырмандардан кешірім сұрай отырып, «Алтын Орда» деген мемлекет те, империя да болмаған» деуіміздің мәнісін басынан бастап, ежіктей түсіндіруге тура келеді.

Сонымен, әңгіменің әлқиссасын «Алтын Орда» атауындағы «орда» сөзінің сөздік төркіні мен атаулық мағынасын талдаудан бастайық.

Бұл ретте ой қайталап, сөзді көбейтпес үшін, «орда» сөзінің мән-мағынасына қатысты өзінен бұрынғы біраз зерттеушілердің топшылауы мен түйіндеуін талдай келіп, өз пікірін білдірген «История Отечества» атты еңбектің авторы Қалибек Данияровтың: «Көптеген түріктанушылар «орда» сөзі түріктің «орта» деген сөзінен шыққан деп есептейді. Басқаларға қарағанда осы шындыққа келеді. Қалай болғанда да, «орда» мемлекет сөзінің баламасы (синонимі) емес, «орталық», «астана» деген мағынаны білдіреді» (Данияров К. История Отечества. Алматы. 2000. Стр. 24.) деген тұжырымына ғана тоқталамыз.

Мұндағы алғашқы сөйлемдегі автордың көптеген түріктанушылардың «орда» сөзінің төркінін айтылуда азғантай дыбыстық өзгеріске түскен, нақтырақ айтқанда, «д» әрпі «т»-ға өзгерген түріктің «орта» деген сөзі деп тануын да және оны «басқа пікірлерге қарағанда дұрысы осы» деп қабылдауын да, біз өз тарапымыздан дұрыс тұжырым деп қабылдай алмадық. Өйткені бұл, бар болғаны, атау сөздің төркінін ғылыми талдау арқылы емес, ел билеушісінің ордасы қалайда елдің ортасында болуға тиісті ғой деген жалаң қисынға сүйенген, «орда» мен «орта» сөзінің ұқсастығынан басқа дәлелдік ешқандай негізі жоқ тиянақсыз тұжырым. Сондықтан бұл тұжырымның авторларымен келісу қиын.

Бұл орайда біз де, өз шама­мыз­ға қарай, біраз ізденіп көрдік. Соның нәтижесінде көңіл тояттарлық дұрыс жауапты жазба дереккөздерінен де, тікелей осы мәселемен айналысқан ғалымдардың зерттеулерінен де емес, халықтың өзінің ауызша тарихынан тапқандай болдық.

Ауызша тарихтың дерегі бойынша: «орда» сөзі этимологиялық тұрғыдан алғанда түріктің «ор» сөзіне «да» жал­ғауы жалғану арқылы жасалып, әуелгіде тура мағынасында «ордың ішінде», «ордағы» деген ұғымды білдірген. Содан «қайда» деген сұраққа жауап беретін осы ор-да сөзі уақыт өте келе ұғымдық мәніне қарай кейінгі қолданыста ауыспалы мағынаны иеленіп, «не» деген сауалға жауап беретін атау сөзге айналған. Оның бұлай мағыналық өзгеріске түсуінің себебі елдің мынандай дәстүрлік тірлігіне байланысты шыққан.

Есте жоқ ескі замандарда далалықтар жаз шыға жайлауға көшіп, жайылым жағдайына қарай жазыла орналасқанда ел билеушісінің қызмет кеңсесі болып белгіленген үйі міндетті түрде қазіргі стадиондардағы футбол алаңмен шамалас кең жазық аумақты қоршай төрт бұрышты етіп қазылған терең ордың ішінде қолдан биіктетіп үйілген арнаулы орынға тігілген. Арнайы дайындалған мұндай орынды халық «шыт» деп атаған (ретіне қарай айта кетелік, осындай шыттың жел мүжіп, жаңбыр шайып әбден ескірген көне қалдығын (жұртын) ежелгі түрік қағандары ордасын тіккен әйгілі Ұлытаудың теріскей шығысындағы кең жазықтан 1965 жылы жергілікті көнекөз қарттың бастауымен арнайы іздеп барып, өзіміздің де көргеніміз бар).

Шыт үшін төрт бұрышты етіп үйілген топырақтың төрт қабырғасы мен беті түгелдей осыған арнап басқа жақтан арнайы әкелінген көк шөпті шыммен көмкеріледі екен. Арнайы күтімге алынған шымның көк шөбі сонау қоңыр күзге дейін түрін өзгертпей, сары далада үнемі жасыл кілем жапқандай ерекше көз тартып тұратын болған.

Қазақтар арасында бүгінге дейін қолданылып жүрген, ине-жіптен жаңа шыққан киім киген адамға айтылатын «шыттай киініп», тұтынылғанмен, өңін бермеген затқа айтылатын «шыттай жаңа» деген тұрақты тіркестер тікелей осы шытқа байланысты шыққан көрінеді. Жаугершілік заманда ел билеушісінің қауіпсіздігі үшін шытты қоршай қазылған орға су жіберілген. Шамасы шыттардың дала өзенінің бойына таяу орналасатыны осыдан болса керек. Біз көрген шыттың орны да өзен аңғарынан елу-алпыс метрдей жерде орналасқан.

Міне, әуелдегі сөздік мағынасы «ор ішіндегі», «ордағы»; кейінгі қолданыстағы мағынасы «ел билеушісінің әкімшілік үйі, кеңсесі» дегенді білдіретін «орда» сөзі осылайша пайда болған көрінеді. Бұл ретте зерттеуші Қ.Данияровтың: «қалай дегенде де орда «мемлекет» сөзінің баламасы (синонимі) емес» деуінде жан бар. Расында да, «орда» атауы ешқашан мемлекеттің атауы болмаған. Көптеген дерек көздерінде оның жеке айтылмай, көп жағдайда «ханның ордасы», «қағанның ордасы» деп біреуге еншіленіп айтылатыны да содан болса керек. Осындай хан мен қаған ордаларының кейбірі «Алтын Орда» деп аталып, ерекше әспеттелгенмен, олардың да атқаратын қызметі басқа жай ордамен бірдей мағынада. Екеуі де, яғни «орда» да, «алтын орда» да, бар болғаны мемлекет билеу­шісінің әкімшілік үйі, қызмет жасайтын кеңсесі, еуропалық түсінікпен айтсақ, резиденциясы. Бар айырмашылық: ханның немесе қағанның кеңсесі болған осындай үйдің, яғни орданың сән-салтанатын асыру үшін керегелерінің басын, уықтарының қарларын, шаңырағының шеңберін алтынмен аптап, сәндеп әшекейлеуінде ғана. Мұндай алтын ордалар және Батый құрған Ұлы Ұлыстан бұрын да болған. Бұл ретте, басқаны айтпағанда, өзіміз тарихтан білетін Бірінші Шығыс Түрік қағанатының атақты қағаны Дизабулдың Византия елшісі Земархты осындай іші-сырты алтынмен апталған Алтын Ордада қабылдағаны белгілі. Ал мұны нақты Шыңғыс хан заманына тураласақ, мысалы, Рашид ад-Дин өз еңбегінде Қарақорымда мың адам сыятын үлкен үй тігілгенін, оның уықтарының алтынмен апталғанын, ол үйді «Алтын Орда» деп атайтынын жазады (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т. 2. Стр. 41). Сол секілді Плано Карпини ұлы хан Күйікті таққа отырғызу рәсімін өткізген үйдің де «Алтын Орда» деп аталғанын айтады. Кейінгі Қыпшақ даласының ұлы ханы әз-Жәнібектің (1341-1357 жж.) үйінің де «Алтын орда» аталғаны мәлім (Салғараұлы Қ. «Қазақтың қилы тарихы». Алматы. 1992. 79-б.). Бұлардан басқа да алтынмен апталғанына орай «Алтын Орда» аталған ұлыс хандарының ордалары баршылық.

Міне, осылардың өзінен-ақ ешбір «орданың», тіпті, «Алтын Орда» аталса да, ешқашан мемлекеттің аты болмағаны анық аңғарылады. Мұны, оқырман түсінігін одан әрі нақтылай түсу үшін салыстырмалы түрде айтсақ, мысалы, «Алтын Орда» дегеніміз далалықтардың мемлекеті үшін, қай заманда да болсын, бар мән-мағынасы қазіргі АҚШ-тың «Ақ үй», болмаса Ресейдің «Кремль» дегенімен бірдей. Бірақ осылай екен деп ешкім Америка Құрама Штаттарын «Ақ үй мемлекеті», Ресей Федеративтік Республикасын «Кремль мемлекеті» деп атамайды, бәрібір «осылай десек те жұрт түсінеді ғой» деп, оны ғылымға мемлекет ­атауы ретінде енгізбейді. Алайда осыған қарамастан, қазақ тарихшылары әлі күнге, жоғарыда айтқанымыздай, ресми тарих оқулықтарында да, академиялық ғылыми зерттеулерде де «Алтын Орданы» Ұлы Ұлыс атауының баламасы ретінде ешқандай түсінік, ескертпесіз қолдана береді. Ең ғажабы, білмегендіктен емес, біліп тұрып осылай істейді. Мұның тарихи сауатсыздық; өз елінің мемлекетінің мемлекеттік құрылымына, оның атауына деген немқұрайдылық; өзгелердің айтқаны мен жазғанын ойсыз қайталай беретін ессіз еліктеушілік екенін елеп, ескеріп жатқан жан және жоқ.

Осы орайда «от жанбаса, түтін шықпайды» деген қағидаға сүйеніп, «Алтын Орданың» неліктен мемлекет атауына айналып, ғылыми айналымға еніп кеткені жөнінде де бір ауыз сөз айта кету қажет сияқты. Бұған қатысты айтылар ой түйінін айтсақ, «Алтын Орданың» мемлекет атына айналып, тарихқа еніп кетуінің негізгі күнәҺары – русоцентристік көзқарастағы орыс тарихшылары. Оның негізі олардың Орыс империясының құрамына енген, өздері «бұратана» деп санайтын халықтардың бәрін жабайылар санап, соларға қатысты айтылған өз пікірін талдауға, сынауға жатпайтын ғылыми тұжырым ретінде ғылымға (тарихқа) енгізуді әдетке айналдырған өзімшіл менмендігінен бастау алады. Ал қазақ тарихшыларыныкі бар-жоғы солардың осы сыңаржақ тұжырымдарын ойсыз қайталау ғана. Мұның солай екенін тарихи деректер арқылы көрсетуге болады.

Қарақорымда өткен құрылтайдағы моңғол ақсүйектерінің шешімі бойынша Жошы ұлысының билеушісі Батый ханның басшылығымен Батыс елдеріне жасалған орасан шапқыншылық жорықтан кейін орыс кінәздіктері иеліктерінің түгелімен Ұлы Ұлыстың құрамына еніп, соның боданына айналғанын жоғарыда қысқаша қайырып, айтқан болатынбыз. Міне, сол кезден бастап, қашан Ұлы Ұлыс ыдырағанға (1480) дейін олар сол бодандықтан босаған жоқ. Ұзаққа созылған осы бодандық кезеңде кешегі советтік дәуірдегі одақтас республика басшыларының Бірінші хатшылық қызметіне беку үшін Мәскеуге баратыны сияқты, сол кездегі орыс кінәздері де Ұлы кінәздікке бекуге Ұлы Ұлыс билеушісінің ордасына арнайы барып, оның келісімін алатын болған. Орыс кінәздерінің осындай шаруамен Ұлы Ұлысқа барған сапарларын жазған орыс жылнамалары олардың барған мемлекетінің атын атамай, оның орнына оларды қабылдаған билеушінің кеңсесінің, яғни ордасының атын көрсеткен. Ұлы Ұлысқа барған сол кінәздердің «Алтын Ордаға кеттік», «Алтын Ордадан келдік» деген ауызша мәліметтерін қағазға түсірген орыс жылнамаларында: «Ұлы кінәз пәленше Алтын Ордаға кетті», «Алтын Ордада мынандай жайлар болды», «Ұлы кінәз Алтын Ордадан елге оралды» тәріздес ақпарат деректері пайда бола бастайды. Бір қызығы, мұның өзі Жошы ұлысы Ұлы Ұлысқа айналған 1243 жылдан емес, арада жүз жылдан астам уақыт өткеннен кейін, яғни ХV ғасыр­дың орта тұсынан басталады. Оған дейін «Алтын Орда» атауы жылнамаларда да кездеспейді. Осыған қарағанда, билеуші ордасын «Алтын Орда» деп атау Ұлы Ұлыстың атақты ханы, кезінде халқы әулие тұтып «әз» атандырған Өзбекұлы Жәнібек ханның ордасынан басталған секілді. Бұл орданың алтынмен қалай апталғанын осында болған шетел саяхатшылары (Ибн Батута) тамсана жазғаны және оны Бердібек хан өлгеннен кейін Хызыр ханның талқандап қиратқаны тарихтан белгілі. Бұдан басқа, яғни Батыйдан бастап осы әз-Жәнібек ханға дейінгі билеушілердің ордасын «Алтын орда» деп атаған дерек еш жерден кездеспейді. Қалай болғанда да кейінгі тарих жазушылардың орыс жылнамаларында кездесетін осы «Алтын Орданы» ешқандай негізсіз, ғылыми талдап, зерттеусіз өз қалауларынша Ұлы Ұлыстың баламасына айналдырып жібергені анық байқалады. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, ол да бірден солай болып кетпеген секілді. Алғашқыда тек орыс тарихшыларының қолданысында ғана болған «Алтын Орданың» Ұлы Ұлыстың аты ретінде халықаралық деңгейде ғылыми айналымға енуі В.Г.Тизенгаузеннің «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы» атты еңбегі жарық көргеннен кейін басталған тәрізді (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды». Санкт-Петербург. 1840). Осыдан кейін еуропалықтар да, басқалар да «Ұлы Ұлыс» атауының орнына жаппай «Алтын Орда мемлекеті», «Алтын Орда империясы» дегенді қолдана бастағанын көруге болады.

***

Бірінде жаңсақтығы, бірінде қателігі басым, ал енді бірінде ғылыми нақтылығы жоқ осындай кемшіліктер, ең өкініштісі, қазақ тарихында осы жоғарыда айтылғандармен шектелмейді. Негізі еуропалық таным-түсінікпен жазылған тарихтан мұндай олқылықтың бір емес, бірнешеуін кездестіруге болады. Мұның солай екенін, тіпті, басқаны айтпағанда да, далалықтардың түптегі деп танылған ежелгі көне халықтардың бәрінің бірдей тарихын тарата талдап жатпай-ақ, олардың тек халықтық атаулары мен тарихи тұлғаларының есімдерінің өзін тарихшылардың қалай өз қалауларынша бұрмалап, әртүрлі қолдана беретінінен де анық көруге болады. Айталық, қазақ тарихшылары түріктектес халықтардың арғытегі ретінде сақтар мен ғұндарды атап, төл тарихының әлқиссасын солардың тарихын баяндаудан бастайды. Алайда, солай болғанмен, осының «сағ»-ын еуропалықтар «скиф» деп атайды, оларды «үндіеуропатілдес халық» деп танып, өздерінің арғы тегі санайды. Сондықтан олардың бұларды түріктектес халықтарға жуытқысы жоқ. Ал бұған керісінше ғұндардың түріктілдес халық болғанына таласпайды. Солай екенін бәрі бірдей мойындайды. Бірақ сөйте тұрып, олар Шығыста осындай бір халықтың болғанынан және олардың құрған империясының х. э. дейінгі ІІІ ғасырдың аяғы мен х. э. кейінгі І ғасырдың соңына дейінгі аралықта (300 жыл!) өмір сүріп, Қытайдың әйгілі Хән (Хань) империясын ұзақ жылдар бойы салық төлеп тұруға мәжбүр еткенінен мәлімет берер жалғыз дерек көзінің дерегін ешқандай негізсіз мансұқ етіп келеді. Бұл – жалғыз дерек көзі қытайдың әулеттік шежірелері, нақтырақ айтсақ, Чин (Цинь) мен Хән (Хань) империяларының тарихын жазған қытайдың атақты тарихшылары Сыма Чиән (Цянь) мен Бан Гудің тарихы. Мұнда біздің қазіргі таңда «ғұн» деп атап жүрген халқымыздың қытайша аты – «Сиуңну» (бұрынғы оқылуда: «хунну»). Оның қытай иероглифімен берілген таңбасы мынау: «匈奴». Бұдан басқа бұл халықтың халықтық атауына қатысты нақты немесе қосымша мәлімет беретін нақты ешқандай дерек көзі жоқ. Сондықтан осы халықтың тарихына қатыс­ты қалам тартқан қай елдің қандай ғалымы болсын, бәрі өз пайымдауын тек осы дерек көзіне сүйену арқылы жасауға мәжбүр. Басқа амалы жоқ. Солай болғандықтан, бұл халықтың қытайша берілген «сиуңну» деген атының мән-мағынасын ашатын нақты басқа айғақты дерек тауып, қашан ғылыми ортаны мойындатқанша, оны әркімнің өз қалауы бойынша бұрмалауына немесе басқа атқа өзгертуіне болмайды. Бұл – ғылымның талабы. Өзгерту үшін, мысалы, көнеқытайлықтардың х. э. кейінгі VI ғасырда Шығыста осындай далалық империя құрған басқа бір халықты «Тугю» (Туцзюэ)     («突厥») деп атаған атауын ХІХ ғасырдың аяғында Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі тасқа жазылған жазулардың оқу кілтін дат ғалымы В.Томсен тапқаннан кейін және оның дұрыстығын жалпы жұрт мойындаған соң ғана, оны «Түрік» деп атап, ғылымға енгізілгені сияқты бұлтартпас айғақ, нақты факті керек. Онсыз жасалған болжам да, тұжырым да негізсіз, жай бопса болып қалмақ.

Бірақ осындай ғылым талабына қарамастан, қазіргі ресми тарих ғылымында әр халық өз тарихтарында «сиуңну» атауын өз қалауынша бұрмалап, бұзып жазып келеді. Нақтылық үшін айтсақ, мысалы, бұл халықты қазір орыстар: «хунну» (олар кейін орыс синологтарының Қытайдан келген В.С.Таскин, А.Г.Малявкин секілді жаңа буын өкілдерінің ықпалымен бұрынғы Н.Я.Бичуриннің аудармасы бойынша қолданылып келген бұл атауды «сюнну»-ға өзгертті – Қ.С.); еуропалықтар «гунны»; татарлар «хуннар»; Түркия түріктері, қырғыздар және башқұрттар «хун»; түрікмендер мен өзбектер «гунн»; тывалар «гуннар»; чуваштар «хунсам»; «қазақтар «ғұн» деп атайды. Ең ғажабы, бұлардың бірде-біреуі көнеқытайлықтардың «сиуңну» деп атаған атауын неге бұлай өзгертіп алғанына ешқандай ғылыми талдау жасамайды, түсініктеме бермейді. Бейне бір түріктектес ежелгі халық болса болды, оның атын әркімнің өз қалауынша өзгертіп ала беруі ғылыми заңдылық сияқты.

Шындығына келсек, тек халықтық атаулар (этнонимдер) ғана емес, сол халықтың тарихи тұлғарының есімі (антро­понимдер) де осындай күй кешіп келеді. Бұл ретте, басқаны былай қоя тұрып, осы Сиуңну империясының негізін қалаған айтулы тұлғаны алыңызшы. Оны орыстар: «Модэ», еуропалықтар «Маудун», түркиялық түріктер «Мете», қазақтар: «Мөде» және осылар сияқты етіп алып, ғылымға енгізді. Неге бұлай? Әлемнің ежелгі көне халықтарының бірде-біреуінің (дамып алға кеткендерінің де, артта қалғандарының да) халықтық атауларын, кісі есімдерін бұрмаламай төл атымен атайтын зерттеушілердің тек түріктектестердің халықтық атауына келгенде жарыса «тап­қырлық» танытып, оларды өз қалауынша бұрмалай беретіні неліктен? Тек бұл ретте ғана емес, жалпы ежелгі түріктектес халықтардың тарихына қатысты қойылар осы «неге?», «неліктен?» деген сұрақтарға тарихшылардың жауап іздемейтінін қалай түсінуге болады? Түптеп келгенде, тарихты ғылымға айналдыратын да осы сұрақтардың жауабы емес пе?

Қалай болғанда да ертелі-­кеш бұл сұрақтарға бір жауап берілуі керек қой. Өйткені бұл сұрақтарға нақты жауап берілмейінше, шындыққа жету мүмкін емес. Сондықтан бұл жолы ғана емес, алда да талай қайталанатын осы «неге», «неліктен» деген сұрақтардың жауабын бізден де гөрі айтары мол кәсіби тарихшылардың бергені мақұл. Сол себепті осы орайдағы өз пікірімізді ірге тұрып, бұл әңгімені әзірге осымен тәмамдап, соларға кезек беруді жөн көрдік. Солардың игілікті ісіне сәттілік тілелік. Ізденісі сапалы, табысы мол болғай!

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,

жазушы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button