Басты ақпаратМәселе

Тyйыққа тірелген тіршілік

Еліміз бойынша қаншама маман дабыл қағып, суицид мәселесін қозғап жатса да, қоғамда балалар, жасөспірімдер, ересектер арасында өзіне-өзі қол жұмсау азаймай тұр. Отбасындағы дау-жанжал, жалғыздық, әлеуметтік қиындықтар, желіден, адамдардан болған түрлі буллинг қиын жағдайға тап болған жандардың тіршілігін тоқтатуда.

Мәліметтер не дейді?

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі берген соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2023 жылдың 10 айында 6769 суицид фактісі тіркелген. Оның ішінде 3207-сі өліммен аяқталса, 3562 оқиғада суицид жасауға тырысу әрекеті анықталған.

Адамдардың өмірден қол үзіп, тұйыққа тірелуіне, суицид жасауына олардың ауыр материалдық жағдайы, жалғыз­дық, отбасындағы ажырасу, туыс-бауыр қатынасының тоқтауы, яғни олармен жанжал (ұрыс, сөзге келіспеу, тағы басқасы), ауыр соматикалық аурулар, дәрі-дәрмек қолданудың мөлшерін білмегендік (ауырсынуды басатын дәрілерді мөлшерден тыс қолдану, тағы басқасы), қолайсыз тұрғын үй жағдайы себеп болғанын мамандар айтып отыр.

Мысалы, мектепте біртоға момын балаларды бұзық мінезді балалардың үнемі басынуы, осындай біртоға балалардың әртүрлі шарадан шетқақпай қалып қорлануы, сабағының нашарлауынан әркез төменшік жүруі, үйінде ата-анасының да мейірім назарынан тыс қалуы, сөйте тұра осындай біртоға балалар «еліктегіш», «көргіш», «естігіш» секілді сергек балаларға қарағанда «сезгіш» болуы әлгіндей айналасынан келіп жатқан жайсыз әрекеттерден жан дүниесіне түскен ауыртпалықты ұзақ көтеруге шамасы жетпей, жас көңілі мына сұрқай өмірден әбден түңіледі екен.

Түңілудің соңы тұйыққа тірелу, алды тас қараңғы, ілгері басар жолы қалмаған, арты әлгіндей қатыгез. Міне, мойнына бір жіп салса болды, онсыз да бүкіл болмысы өлім торына келіп өзі түсіп тұр.

Биыл жыл басынан бері Астана қаласында барлығы 154 суицид фактісі тіркелді, 325 адам суицид жасамақ болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға төмендеді.

Суицидтің алдын алу жолдары

Әрбір факт бойынша полиция қызметкерлері суицидке барудың себебін, жалпы мән-жайды толық тексереді. Адамдарға психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі. Сондықтан да білім мекемелерінде оқушылардың, жасөспірімдердің қатысуымен ата-аналар және педагогтармен алдын алу іс-шараларын өткізу өте маңызды. Кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу жұмысында ведомствоаралық өзара іс-қимыл, түрлі іс-шаралар, дөңгелек үстел жиналысы өткізіліп, қоғамдағы осы бір өзекті мәселе жиі талқыланады. Онда қатысушылар кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жұмысында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау, ҚР Үкіметінің жол картасы пункттерін орындау шеңберінде бірлескен, әрі қарай шешімдер қабылдау мүмкіндігі қарастырылады. Қайтсек те суицидтік көңіл күйдің алдын алу іс-шараларына бей-жай қарамауымыз қажет. Осы тақырып ғаламтор жайлаған жаhандану заманындағы ең өзекті мәселенің бірі ретінде қала береді.

Биыл жыл басынан бері Астана қаласында барлығы 154 суицид фактісі тіркелді, 325 адам суицид жасамақ болған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №156 қаулысымен бекітілген 2020-2023 жылдарға арналған балалар құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі жол картасын орындау шеңберінде Астана қаласының Білім басқармасы елорданың мектептері мен колледждерінде бірқатар іс-шараны жүзеге асыруда. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлық қоғамдағы өткір мәселенің бірі болып қала береді. Бұл жұмыстың тиімділігін барлық құзыретті құрылымның нәтижелі ведомствоаралық өзара іс-қимылы арқылы ғана арттыруға болады.

Суицидтік іс-әрекеттің алдын алу бойынша мамандар, тиісті орган өкілдері айтқан ұсынысы ой саларлық, құп алуға тұрарлық.

– Мемлекет басшысы жақында осы бағыттағы жұмыстарды сынға алды. Онда құзыретті органдардың жастар арасында суицидтік ахуалды жақсарту жұмыстары көңіл көншітерліктей емес екенін айтты. Менің қызметім – Үкіметтен ақы алмайтын таза қоғамдық жұмыс, штатта мамандарымыз да жоқ, тәжірибелі педагог ретінде қолымнан келгенше мектеп-колледждерде жасөспірімдерге қандай психологиялық көмек бере аламыз деген мәселе. Ата-аналарға мыңдаған сауалнама жолдап, жауабын алған соң оны талдап, талқылай келе мынаған көз жеткіздік, суицидке әсер ететін жағдай: біріншіден, әлеуметтік желідегі әлімжеттік, буллинг, сосын отбасындағы ұрыс-керіс, кикілжің, өкінішке қарай, баланың өмірден баз кешуіне апарып соғады. Мектептерде балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша да біраз іс-шараны өткізіп жүрміз. Сонда байқағанымыз – тағы да мамандар жетіспеушілігі бар. Не істемек керек? Маман жетіспесе, мектептердегі сынып жетекшілеріне қиын жағдайға тап болғанда әрі дәрігер, әрі полиция, керек болса, психолог маман ретінде жедел әрекет етуге тура келетінін, солардың ғана қолынан шұғыл көмек боларын айтқымыз келеді. Жұдырықтай жұмылғанда ғана бар байлығымыз, бақытымыз – балаларға қызмет ете аламыз. Жұмылып істеген іс – ең маңыздысы. Әсіресе бұл істе ата-аналардың рөлін көтеру өте өзекті. Жаңа Қазақстан болуымыз үшін жүкті барынша жұмыла көтергеніміз абзал, – дейді Астана қаласы бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл Әсима Бимендина.

Мамандар тапшы

Кез келген індеттің емі болатыны секілді суицидтің де алдын алуға болатыны белгілі. Бірақ бәрі, түптеп келгенде, кадр тапшылығына келіп тірелетіні тағы бар. Балалар психологы өте аз, тікелей суицидтің алдын алумен айналысатын маманның лайықты біліктілігі жоқ, шетелде оқуға, тәжірибе алмасуға денсаулық сақтау органдарынан ұсыныс та жоқ, ықылас та жоқ, шетелге тәжірибе алмасуға маман емес, бұл проблемадан ауылы алыс кадрлар кетіп жүр, ал балалармен жұмыс істейтін мектеп психологтарының деңгейі шектеулі. Олар әрі кетсе скрининг пен тренинг жасаудан артылмайды. Ал қиын жағдайға тап болған жастарға, балаларға біліктілігін арттырған, осы мақсатта миллиондап қаржы жұмсаған білімді кадрлар керек. Олардың жалақысы да мардымсыз, сондықтан бұл саладан кетіп жатқандар да аз емес. Бұл мәселені Үкімет кешенді түрде шешпейінше, кадрлармен қамтамасыз етіп, жалақысын көтермейінше, бұл істе әлдеқандай бір ілгерілеу болуы неғайбыл… Қоғам осыған назар аударуы тиіс.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button