ӘлеуметБасты ақпарат

Аула клубы – тәрбие орталығы

Өскелең ұрпақтың әлеуметтiк жағдайын арттырып, елiне лайықты азамат етiп қалыптастыру – мемлекетiмiздiң жастар саясатының алға қойған басты басымдығының бiрi. Осы мақсатта елордада жастар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына және уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізетін аула клубтары құрылды. Бүгінде мұнда 3500 бала тәрбиеленіп жатыр.

Қазіргі уақытта қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшілігімен қала аумағында 20 аула клубы жұмыс істейді. Аула клубтарының негізгі қызметі жасөспірімдерді бұқаралық спорт, шығармашылық үйірмелерге тартуға және өмірлік қажетті дағдыларға үйрету арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Үйірмелер мен аула клубтарының секцияларына қатысу тегін негізде жүргізіледі. Елорданың 5 ауданы бойынша оларға 3500-ге жуық тәрбиеленуші қатысады. Оның ішінде Алматы ауданында – 6 («Қыран», «Темірлан», «Жас қанат», «Tahtay», «Мирас», «Армандастар-2»), Байқоңыр ауданында – 5 («Бәйтерек», «Астана», «Береке», «Береке-спорт», «Шымыр»), Сарыарқа ауданында – 5 («Жас барыс», «Динамо», «ProFit», «Батыр», «Дүкенұлы»), Есіл ауданында – 2 («Interpro» және «Ақжол») және Нұра ауданында – 1 («Үркер»). Жасөспірімдер барлығы 130 үйірме мен секцияға қатыса алады. Олардың қатарында бокс, карате, түрлі би үйірмесі, сурет салу, қолөнер, тоғызқұмалақ, бағдарламалау, тілдерге оқыту, еркін күрес, музыкалық аспаптарға үйрету, асүйге баулу сынды 76 спорт секциясы және 54 шығармашылық үйірме бар. Нұра ауданының «Үркер» аула клубында зейнеткерлерге де арнайы сағат бөлінеді. Яғни бұл уақытта олар немерелерімен бірге келіп, бос уақытын тиімді өткізе алады.

«Аула клубтары» әлеуметтік жобасы елордада соңғы 8 жыл бойы тұрақты негізде жүзеге асып келеді. Бұл туралы «Астана жастары» ЖРО аула клубтарын дамыту бөлімінің маманы Жангүл Қамбар айтып берді.

– Аула клубтарының қызметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға, балалардың денсаулығын жақсартуға және олардың уақытын пайдалы өткізуге тікелей әсер етеді, сондай-ақ патриотизмнің дамуына ықпал етеді. Жыл сайын өтеусіз негізде аула клубтарында халықтың әлеуметтік осал топтарынан, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жүздеген бала тәрбие­ленеді. Сондай-ақ қалалық Ішкі істер департаментінің ювеналды полиция бөлімшесінде есепте тұрған кәмелетке толмағандар аула клубтарына барады. Қазіргі таңда баланың қызығушылығына септігін тигізіп, икеміне қарай жаңа қырынан танылуына, өмірлік жолын анықтауда аула клубтарының маңызы зор. Бұл жастар мен жасөспірімдердің болашақта жан-жақты, білімді, мәдениетті, ең бастысы көрегенді әрі тәрбиелі боп қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Себебі аула клубтарына қатысқан балалардың басым бөлігі жан-жақты дамып қана қоймай, рухани дем алады және қоғамдық шараларға өз үлесін қосып келеді, – деді маман.

Тәрбиеленушілер өзіне ұнайтын үйірмеге қатысып, одан бөлек, осы бағытта түрлі жарыстан бақ сынай алады. Мәселен, елорда аула клубтарының қатысушылары – бүгінде Болгария, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Италияда және елімізде өткен бірқатар жарыстың жүлдегері. Мұндай сайыстар кейін жасөспірімдер үшін оқуға түсу барысында не портфолио жинауда септігін тигізеді. Бұл бағытта жас спортшылардың қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауда «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы өз тарапынан аула клубтарының тәрбиеленушілері үшін кәсіби спортшыларды шақыртып, шеберлік сағаттары мен кездесулерді ұйымдастырады. Осылайша, қала жастары үшін аула клубтары көпфункционалды мәдени-спорттық орталық қызметін де атқарады.

Аула клубында тәрбиеленіп, шетелдегі жарыстарда көзге түсіп жүрген балалардың қатарында Іздәш Айзере бар. «Темірлан» аула клубының оқушысы жақында Түркияның Алания қаласында 64 шаршылы дойбыдан әлем чемпионатына қатысып, 3-орын иеленді.

– Бұл жарысқа әлемнің 14 мемлекетінің 200-ге жуық спортшысы қатысты. Мен өз аула клубымның атынан осы сайыста жүлделі орын алғаныма қуаныштымын. «Темірлан» орталығына тегін қатысып жүргеніме біраз уақыт болды. Клубтағы жаттықтырушылар жарыстар мен олимпиадаларға қатыстыру арқылы қабілемді шыңдай түсті. Дойбыдан «спорт шеберіне кандидат» дәрежесін алуыма да ықпал етті. Менің қатарластарым да түрлі секция бойынша жақсы нәтиже көрсетуде. Осы тұста аула клубтарының жасөспірімдерге берер пайдасын айтқым келеді. Біз мұнда жаңа орта тауып, бір-бірімізбен араласып, сабақтан кейін не каникул уақытында баруға асығамыз, – деді оқушы.

Тегін үйірмеге немесе секцияға жазылу үшін баланың туу туралы куәлiгінің көшірмесі, ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаты, баланың денсаулық жағдайын растайтын медицина құжаты және 3х4 сурет тапсырылуы қажет. Аула клубтары бойынша толық ақпаратты @ast_aula.clubs Instagram парақшасынан білуге болады.

«Әл-ауқаты төмен отбасы балалары үшiн аула клубтары – үлкен көмек. Олардың бос уақыты тиiмдi ұйымдас­тырылып, қатысам деушілер бірнеше үйірмеге қатар жазыла алады. Аула клубтарының тағы бiр ерекшелiгi – балалар тұрғылықты жерiнен алысқа бармайды. Өзi өскен жерiнде қоғамның бiр бөлшегiндей өзiнiң қажеттiгiн түсiнедi. Аула клубтарының ашылуының да, көрсетiлiп жатқан қамқорлықтың түпкi мәнi де осында жатыр» деді Ж.Қамбар.

Жасөспірімдердің қызы­ғушылығына, икемiне қарай жаңа қыры ашылып, өмiрлiк жолын анықтауға да аула клубтары септiгiн тигiзедi. Өз ортасында жүрген баланың жауапкершiлiгi де артады. Олардың тұлға ретiнде қалыптасуына, мектептен бөлек, өз достарының ықпалы күштi. Бұл орта – көшенiң қалтарысында не иесiз қуыста емес, аула клубтарында өркен жаймағы құптарлық. Мұндай ортада өскен баланың тәрбиесi мен болашағына сенiмiмiз мол. Жасөспiрiмнiң мәдени-рухани қажеттiлiгiн өтейтiн аула клубтарының осы тұрғыда да үлесi мол. Оның жұмысына барлығы қамтылады, бәрiне де қолжетiмдi. Жыл өткен сайын бағдары да айқындалып, дәстүрi қалыптаспақ.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button