Басты ақпаратҚала мен Сала

Рұқсатсыз қоқыс төгілетін орындар жойылады

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді. Соның бірі – рұқсатсыз күл-қоқыс төгілетін орындардың санын азайту. «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы ғарыш мониторингінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың 30 қазанына дейінгі ахуалды алып қарасақ, Астана аумағында 338 бейберекет қоқыс шашылған учаске анықталған. Соның ішінде 3-еуі рұқсат етілген орын болып шыққан. Бүгінгі таңда Астана қалалық әкімдігіне қарайтын аудандар 338 учаскенің 190-ын жойып, оларда жинақталған 102 мың тонна тұрмыс қалдықтарын тиісті қоқыс төгетін орындарға тасымалдаған.

Көш басында – Нұра ауданы

Құзырлы басқарманың қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бөлімінің жетекшісі Айдар Рашид, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде жоғарыда аталған қоқыс төгілген орындардың санын екі есеге дейін азайту міндеті тұрғанын айтады.

«Биылғы 30 қазандағы ахуал бойынша айтатын болсақ, Алматы ауданында 62 бейберекет қоқыс төгілген учаске анықталса, соның ішінде 58-і жойылды, оларда жиналған 16300 тонна қалдықты тиісті жерлерге тасыдық. Байқоңыр ауданында 46 учаске анықталды, соның ішінде 44-і жойылды, 8058 тонна қалдықты қоқыс үйілетін жерлерге апардық. Бұл ауданда 33 учаске жекеменшік болғандықтан Экономика департаментімен бірлесіп, жеке адамдарға қоқыс туралы ережені сақтауды ескерттік. Есіл ауданында 84 учаске анықталып, соның ішінде 36-сы жойылды. 35 мың тонна қоқыс тиісті жерге тасылды. Нұра ауданында ең көп қоқыс төгілген жерлер бар, олардың саны – 123 учаске. Бүгінге дейін 31 учаске жойылды, олардан 24100 тонна қоқыс тасып шығардық. Сарыарқа ауданында 23 учаске анықталды, 31-і жойылды, 19560 тонна заңсыз төгілген күл-қоқысты тиісті жерге тасыдық» деп түсіндірді жасалған жұмыс барысын А.Рашид.

400 млн-нан аса қаржы жұмсаймыз

Мемлекет жыл сайын бейберекет күл-қоқыс төгілетін орындарды жоюға 400 млн-нан аса қаражат жұмсайтынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Мәселен, тартылған темекінің қалдығын жерге тастаған адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша (ұсақ бұзақылық) жауапкершілікке тартылады. Ол адамға жаза ретінде 5 АЕК көлемінде (17250 теңге) айыппұл салынады не болмаса 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын құлатқаны үшін, қалалардың жасыл желегін жойғаны және бүлдіргені үшін алғашында ескерту жасалады, 1 жыл ішінде осындай әрекет қайталанса, 30-дан 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Мұны әр азамат білуі керек.

Қазіргі кезде құрылыс компаниялары қала аумағында бейберекет қоқыс төгуге тыйым салынғанын біледі. Қалалық қатты тұрмыс қалдықтары полигонының аумағында бұған арнайы жер бөлінген. Биылғы 26 шілдеден бастап ол жерде аралас қалдықтарды қабылдап алатын уақытша алаң белгіленді.

«Аудандық әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс аумақтарынан қалдықтарды тасуға арнайы талон беріледі. Қалдықтарды тасымалдайтын арнайы техниканың жұмыс жоспары бар. Қазіргі кезде қоқыс жиналмай қалған нүктелер Есіл мен Нұра ауданында бар. Бұл мәселені тездетіп шешу үшін бірқатар іс-шара жүзеге асырылды» деп түсіндірді Қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бөлімінің жетекшісі.

Оның айтуынша, салынып жатқан айыппұлдар мен әкімшілік жазалар қоршаған ортаға келтірілген зиянды толық қалпына келтіре алмайды.

«Жыл сайын біз орташа есеппен 14 мың заң бұзушыны анықтаймыз, оларға шамамен 130 млн теңге айыппұл саламыз. Бірақ бұл сома табиғатқа келген зиянның, бюджеттен бөлініп жатқан шығындардың орнын толтырмайды» дейді Айдар Рашид.

Ол қалдықтарды басқару тұрғысынан біз көптеген дамыған елдерден қалып қойғанымызға қынжылады.

«Атап айтқанда, нормативтік базаның жетілмегені, нақты ережелердің, іс-әрекеттер шешімінің, әрбір қалдыққа қатыс­ты тетіктердің жоғы қынжылтады. Мысалы, шетелде экология заңын бұзу әрекеті үшін үлкен көлемде айыппұл салады. Егер оның іс-әрекеті қайталанса, қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін шара қолданады. Осындай тәжірибе АҚШ, Жапония, Сингапур, Ирландия, Австралия елдерінде бар. Біздің заңнаманың солқылдақтығы шығар, өзінің жазаланбайтынын сезінген алаяқ кәсіпкерлер тіпті қолданыстағы экология талаптарын бұзып отыр» дейді ол.

Құзырлы органдар құлақ аспайды

Астана әкімдігі соңғы 2 жылда экология заңнамасын бұзған жандарға жазаны қатайту жөнінде құзыретті мемлекеттік органдарға бірнеше рет ұсыныс жіберген. Мәселен, бейберекет күл-қоқыс төгетін орындарды көбейткендерге техникалық құралдарын тәркілеу, 6 айдан 12 айға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдардың көлемін 10 есеге дейін, яғни 100 АЕК-тен (306300 теңге) 1000 АЕК-ке ( 3063000 теңге) дейін ескертусіз арттыру туралы ұсыныс берілген. Алайда құзырлы органдар бұл бағыттағы ұсыныстарға ешқандай да қолдау білдірмей, тиісті іс-шаралар қабылданбаған.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button