Ел тынысы

Дәстүрлі Жаһандық медиа форум жалғасын тапты

Түркияның Алания қаласында жылдағыдай Жаһандық журналистер конфедерациясының (KGK) ІІІ Жаһандық медиа форумы өтті. Биыл 2-5 қарашада әлемнің 32 елінен 50-ге жуық шетелдік және Түркияның өзінен 200-ге тарта жергілікті БАҚ өкілдері бас қосқан жиынға қазақстандық журналистер де қатысып қайтты. Форум аясында «Зорлық-зомбылықпен күрестегі БАҚ-тың маңызы мен қызметі» тақырыбында пікірсайыс жиыны да өтті.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қорының қолдауымен бір топ қазақ журналистері аталған ауқымды медиа форумның ортасынан табылды. Қор президенті Нәзия Жоямергенқызы бастаған қазақстандық БАҚ өкілдері форум аясында Ресей, Швеция, Финляндия, Солтүстік Македония, Әзербайжан, Моңғолия, Сирия, Сауд Арабиясы, Үндістан және тағы да басқа елдерден келген әріптестерімен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Түркияның танымал курортты қаласындағы Alanya Eftelia Marin қонақүйінде форум шеңберінде өткен семинарда халықаралық ауқымдағы көптеген маңызды мәселелер талқыланды. Шетелдік журналистерге түсінікті болу үшін ағылшын және орыс тілдеріне ілеспе аудармамен қатар онлайн аударма қызметтері көрсетілді.

-Біздің көзқарасымыз бір. Ең маңыздысы достық пен өзара сыйластықты сақтауды көздейміз. Басты мақсатымыз – бауырлас халықтардың қарым-қатынасын жақсы деңгейде ұстап тұру – деп атап өтті отырыста «Dünya» газетінің экономика бөлімінің басшысы Ахмет Джошкунайдын.

Форум барысында әлемдік қаржы дағдарысына әкелген проблемалар, журналистер арасында жұмыс орындарының азаюы, сондай-ақ сөз бостандығын шектеуге қатысты мәселелер де айтылды. Журналистердің халықаралық өзара іс-қимылын нығайтудың маңыздылығын барлық қатысушылар тілге тиек етті. Сонымен қатар Түркияның белді ЖОО профессорлары БАҚ жастардың үнін жеткізуде белсенділік танытып, олардың мәселелеріне бей-жай қарамауы керектігін айтты. Жалпыхалықтық БАҚ ассамблеясының мүшесі Толга Варданның журналист екендігі және оны мүмкіндігінше тезірек босату керектігі де сөз болды.

Жаһандық журналистер конфедерациясының Президенті Мехмет Али Дим журналистердің жолында кездесіп жүрген қазіргі проблемаларға тоқталды. Жергілікті және жалпыхалықтық БАҚ-тың алдында тұрған кәсіби саладағы мәселелерге қатысты ұсыныстар мен ескертулер туралы хабардар болу деңгейін арттыру үшін баспасөз хабарламалары, жарнамалық материалдар мен бағдарламалар шығару туралы шешім қабылданды.

Форумның соңғы бөлімінде Түркия Республикасының 100 жылдығына орай халық дипломатиясына үлес қосатын салалар анықталды және тиісті жоспар әзірленіп, 2024 жылға жол картасы ұсынылды. KGК ұйымдастырған  медиа форум соңында осы саладағы үздік журналистер марапатталып, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді. Форум Global Success Awards марапаттау рәсімімен аяқталды. Онда Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, түркітілдес және мұсылман елдерінің арасынан алғаш ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров Жаһандық ғылым жүлдесімен марапатталды. Мұндай атаулы сый жүлделер өзге де салаларда әлемдік деңгейде жетісіктікке жеткен тұлғаларға берілді. Алания төрінде 550-ден астам қонақ қатысқан мерекелік кеш түрлі іс-шараларға ұласты. Салтанатты жиын тікелей эфирде Түркияның 24 телеарнасы арқылы көрсетілді. Форум бағдарламасына сәйкес өзге шетелдік әріптестермен бірге Қазақстаннан барған журналистерге Аланья қаласындағы тарихи көрнекі орындарға экскурсия және Жерорта теңізінде кемемен саяхат ұйымдастырылды.

Райхан Рахметова

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button