Басты ақпаратБілім

Білімді елдің болашағы жарқын

 Астана қаласында 105 мектеп пен 336 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Кәсіптік колледждер мен қосымша оқыту орындары тағы бар. Оқушылардың тәлімі мен тәрбиесіне жауапты он бес мыңнан аса ұстаз тынымсыз тер төгіп келеді. Жылдағы дәстүр бойынша ұстаздар қауымы бас қосқан алқалы жиында өткен оқу жылындағы жетістіктер сараланды. Келешекке айқын бағдар жасаған биылғы тамыз кеңесі «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал: білім беруге арналған шешімдер» тақырыбына арналды.

Жалпы, биылғы тамыз кеңесінің ерекшелігі – елорданың ең белсенді оқушылары білім саласындағы жетістіктердің жарқын мысалы ретінде өздерін таныстырды. Қазіргі таңда әрбір баланың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалған. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, бүгінгі білім жүйе­сі баланың жеке қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. Елорданың білім саласындағы негізгі міндеттердің бірі – дүниетанымы жоғары, білімді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбие­леп өсіру. Ендеше, астаналық білім беру мекемелері бұл үдеден қалай шығуда?

«Бүгінде Астана қаласы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, бизнеске барынша жағдай жасау, жаңа технологиялар мен шешімдердің ордасы ретінде алдыңғы орында келеді. Әрине, бұл үшін білім жүйесінің маңызы зор. Білім жүйесін дамыту жағынан Астана Орталық Азияның хабына айналуы тиіс. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін белгіленген үш міндетке басымдық беріліп отыр» деді Әсет Исекешев. Ол өзінің баяндамасында елордамыздың бүгінгі даму қарқынына сай инфрақұрылымды жетілдіру, дарынды мұғалімдерді тарту және олардың әлеуетін арттыру үшін жағдай жасау, сапалы білім беру міндеттеріне арнайы тоқталды.

5 жылда 24 мектеп салынады

Астананың 20 жылдығы қарсаңында қаланың инфрақұрылымы едәуір жақсарғаны белгілі. Соңғы үш жылдың өзінде 100 мыңнан аса пәтер берілді. Қала тұрғындарының саны қарқынды түрде көбейіп келеді. Мұның бәрі айналып келгенде, білім саласына қатысты мәселелерді шешуді талап етіп отыр. Мәселен, Қазақстанның Алматы және Шымкент секілді мегаполистерінде бір мектепте шамамен 800-1200 оқушы оқиды. Ал Астанада 1500 балаға жетіп отыр. Сондықтан қала басшысы Әсет Исекешев алдағы бес жыл ішінде қосымша 120 мың баланы қабылдауға да­йын болу керектігін ескертті. Ол мектепке дейінгі білім беру мәселесін айтқанда, қала бойынша 3-6 жас аралығындағы балалардың 81 пайызы мектепке дейінгі да­йындықпен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.
«Астанада мемлекеттік-жекеменшік-әріптестік шеңберінде 1200 орынға арналған 4 балабақша салынуда. Олар келесі жылдың соңында пайдалануға беріледі. Биыл мектепке дейінгі білім беру мекемелері жан басына қаржыландырудың жаңа әдісіне көшіп отыр. Соның аясында мемлекеттік тапсырыс 23 мың теңгеден 27 мың теңгеге артты. Өз кезегінде қаржыландыру сомасы білім беру үдерісін жақсартып, қажетті жабдықтауды қамтамасыз етуге жұмсалатын болады» дейді ол.

Ал мектептерге келсек, 80 мектеп те осы әдіске көшпек. Бюджетті тиімді бөлу арқылы әрбір мектеп өзін үстемелік қорын ұлғайта алады. Осы қаржыландыру жүйесі арқылы мұғалімдердің лауазымдық жалақысы көтерілмек. Астанада 8 мектеп осы жүйеге көшуде. Талдауға сәйкес, қаржыны тиімді таратудың нәтижесінде әрбір мектеп бюджеттің 20 пайызын үнемдеп, соған сәйкес мұғалімдердің жалақысын көтере алады. Мысалы, былтыр мұғалімдердің орташа жалақысы 100-110 мың теңге болса, биыл жаңартылған білім мазмұны үшін берілетін үстемақы мен жан басына қарай қаржыландыру жүйесімен бірге орташа жалақы 150 000 теңгеден асуы әбден мүмкін екенін айтты әкім.
Жалпы, жаңа оқу жылында астаналық мектептерде 155 мыңға жуық бала оқитын болды. Оның 18 мыңы – бірінші сынып оқушылары. «Алдағы бес жылда Астанада 24 мектеп пен 10 қосымша жанама құрылыс жоспарлануда. Сондай-ақ 50 мың баланы қамтитын жекеменшік мектептердің ашылуы көзделіп отыр. Бұл бала санының көптігіне байланысты туындайтын барлық мәселелерді шешетін болады» дейді қала әкімі Әсет Исекешев.

Кадрың – қадірің

Соңғы жиырма жыл ішінде елордалық мұғалімдердің саны 5 есеге, яғни 3 мыңнан 15 мыңға дейін артты. Алдағы бес жылда ашылатын жаңа мектептер мен балабақшалардың ашылуын ескерсек, мамандардың қажеттілігі тағы 5 мың адамды құрамақ. Аталмыш мұғалімдердің жалақысын қалай жақсартамыз? Кадрларды даярлауда неге мән берген жөн? Ұстаздарды баспанамен қамту қалай жүзеге асады? Әсет Исекешев жиында аталмыш мәселелерге рет-ретімен тоқталды.
Сонымен, соңғы екі жылда 9 мың мұғалім біліктілігін арттырған екен. Олардың 5 мыңы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша, 787 адам ағылшын тілі курсын бітірген. Ал 211 мекеме басшысы тиімді менеджмент курстарын тәмамдаған. Шаһар басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында 10 мыңнан аса мұғалімді оқыту жоспарда бар.
Тамыз кеңесінде мұғалімдерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударылды. Соңғы он жылдың ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында астаналық мұғалімдерге 2500-ден аса пәтер берілген екен. Бізге барлық салалар бойынша мықты мамандардың корпусын қалыптастыру қажеттігін айтқан Әсет Исекешев алдағы уақытта мұғалімдер, полицейлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер және басқа да мамандарды баспанамен қамтудың тетіктері әзірленетінін айтып, қуантты. «Біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп, бюджеттік саланың 10 мың қызметкерін пәтермен қамтамасыз етеміз. Соның ішінде 3 мыңдай пәтер мұғалімдерге беріледі» деді ол.

Әкім гранты кімдерге бөлінді?

Биыл елорданың дамуына қажетті мамандықтар бойынша республиканың 13 жоғары оқу орнына әкімдік тарапынан 1000 грант бөлінді. Оның ішінде білім беру, медицина, туризм, ІТ, дизайн, кәсіпкерлік, ірі деректерді талдау, құрылыс, көлік саласы секілді сұраныстағы мамандықтар бар.
Сондай-ақ Astana Polytechnic – Астана политеxникалық колледжінің құрылғанын атап өткен жөн. Елордадағы үш колледждің біріктірілуі нәтижесінде құрылған білім беру ошағында енді политеxникалық, гуманитарлық-құрылыс, энергетика мен байланыс салалары оқытылады. «Мұның барлығы бұған дейін үш колледжде оқытылды. Енді жоғары мәртебе берілген бір колледж дайындайды. Оның жанынан оқу орталықтары да ашылады. Робототеxника мен меxатроника орталықтарында маман даярлау мен біліктілікті көтеру курстары ұйымдастырылады» деп түсіндірді Әсет Исекешев.

Жаңа оқу жылының жаңалығы

Жиында сөз алған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин ата-аналардың ұсынысы бойынша «жаңашыл сыныптарды» ашу жобасы қолға алынғанын айтты. Аталмыш жоба қазақ тілін дамытуға бағытталған. Негізгі мақсаты – орыс тілінде білім алатын сыныптарды кезең-кезең бойынша мемлекеттік тілдегі сыныптарға айналдыру.
«Бірінші сыныпқа келетін балалар алғашқыда сабақтың 70 пайызын орыс тілінде, 30 па­йызын қазақ тілінде оқиды. Ал бесінші сыныпқа көшкенде оқыту толығымен мемлекеттік тілге көшірілетін болады» дейді Әнуар Жанғозин. Оның айтуынша, жаңа оқу жылында осындай сыныптар №60 мектеп-лицейінде ашылмақ. Дәл осындай әдіс қыздарға арналған білім-инновация лицейінде биыл ашылатын 5-сыныптарға да енгізілетін болады.
Жалпы, елорданың мектептері ең бірінші болып қанатқақты жобаларға қатысады. Сондықтан ұстаздар әрбір өзгерістер мен жаңашылдықты жылдам үйренуге үнемі дайын тұрады десек қателеспейміз. Мұны Білім басқармасының басшысы да мойындап отыр. Биыл да елордалық ұстаздар электрондық оқулықтарды пайдалану бойынша және латын әліпбиіне көшудің пилоттық жобасына қатысады.

Мерейі асқан мұғалімдер

Тамыз кеңесі соңында Астана әкімі Әсет Исекешев білім саласында елеулі жетістікке жеткен мекемелер мен ұстаздарды марапаттады. Атап айтқанда, №54 балабақшаға, №70 мектеп пен политеxникалық колледжге 10 млн теңгенің грантын тапсырды. Ал №4 мектеп-гимназиясының қолөнер жетекшісі Ләззат Атыбай, №7«Аққу» балабақшасының тәрбиешісі Жақсылық Шайxина, №1 педагогикалық коррекцияның псиxология кабинетінің дефектологы Ғайшагүл Жұрқабаева, №17-мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлxан Мазова, №16 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Евгения Климова, №85 «Мейіржан» балабақшасының меңгерушісі Альбина Нартаева, №30 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Айнұр Бұлақбаева, №32 «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Мейрамгүл Маxамбетова, №40 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Күнен және білім басқармасының бөлім басшысы Гүлім Жүсіповаға пәтер кілттері берілді. Бұдан бөлек, бірқатар мұғалімдер «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

Марал ҚАЗИЕВА,
№70 мектеп директоры,
елорда әкімі грантының иегері:

– Ең бірінші айта кетерім, бұл – мен басшылық ететін білім ордасының жетістігі. Өткен 2017-2018 оқу жылында пәндік олимпиадаларда бағын сынап, үздіктердің қатарынан көрінген оқушыларымыз көп болды. Бұған қоса, ғылыми жобаларға қатысып, жаңалық ашқан таланттарымыз да бар. Оның сыртында халықаралық деңгейдегі байқау­ларға барғандары да жоқ емес. Міне, осы жетістіктеріміздің қорытындысы бойынша 110 ұпай жинап, елорда мектептері арасындағы рейтингте көш бастадық. Бұл – оқушыларға білгенін жалықпай үйреткен ұстаздарымыздың үлкен жемісі. Әсет Өрентайұлының қолынан алған грантымызға үлкен зертхана кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз.

Ләззат АТЫБАЙ,
№4 мектептің көркем
еңбек пәнінің мұғалімі,
пәтер кілтінің иегері:

– Бұл қазақтың ұлттық қолөнерін дамытуға тигізген кішкене ғана үлесімнің арқасы болар. Бастапқы кезде өзім қызмет ететін білім ошағында оқушылардың шеберлікке жақындығын байқадым. Содан басшымыз Базаркүл Сағындыққызының жетекшілігімен шағын үйірме аштық. Алғаш уақытта оқушылар саны аз болғанмен, бертін келе қатары көбейе бастады. Көп ұзамай Түркияда өткен семинарлардың біріне қатысып, ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің мамандарымен байланыстым. Бастамамыз туралы баяндап едім, қаржылай қолдау көрсетті. Соның арқасында қажетті құрал-жабдықтарымыз жеткізілді. Ал үйірмемізге қатысқан жеткіншектердің алды дизайнерлік салада оқуға түсіп жатыр. Бұл еңбегіміздің жетістігі деп білемін. Одан бөлек, көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрып едім. Шамасы осының бәріне назар аударылған болар. Жұмысымызды ескеріп, пәтер кілтін тапсырғаны үшін Астана әкіміне алғыс айтамын.

Жанар МОЛДАБАЕВА,
«Спектрум» халықаралық балабақшасының меңгерушісі,
«Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері:

– Бұл балабақшада жұмыс істеп жүргеніме біраз уақыт болып қалды. Бүлдіршіндерге лайықты деңгейде білім беруге тырысып, жаңа идея­лар қосқанымыз үшін осы төсбелгіге ие болдық. Робототехника, логика секілді заман талабына сай сабақтарды енгіздік. Балабақшамыздың артықшылығы халықаралық деңгейде қыз­мет етеді. Мұнда бүлдіршін қазақ тілінен бөлек ағылшынды да меңгеріп шығады. Әрине, кішкентай бала үшін мұның бәрі ауыр болып көрінуі мүмкін. Бірақ шетелдік тәжірибелерді іске асыра отырып, бәрін орын-орнымен үйретеміз. Балапандарымыз мектепке 100 пайыз дайын күйде барады. Бұған қоса балаларымыз барған мектептердің басшыларымен үнемі байланыста боламыз.

Марина КОВАЛЬ,
Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжі
директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары, «Қазақстан
Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері:

– Жалпы, білім саласында қызмет етіп жүргеніме 30 жыл уақыт болыпты. Ал қазіргі колледжде жұмыс істегеніме 20 жылдан асты. Шынымды айтайын, бұл жетістікке білімді студенттерімнің арқасында жетіп отырмын. Осыған дейін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жастарымыз белсенді көрінді. Оқу бітірмей-ақ түрлі мейрамханаларда, қонақ үйлерде бас аспазшы немесе әкімші секілді қызметтерге тұрып жатады. Одан қала берді жас та болса өздерінен кейінгілерге шеберлік сабақтарын үйретеді. Осыған қарап-ақ оқу орнымыздың білім деңгейі жоғары екенін білуге болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button