Әлеумет

Бірінші толқындағы қателіктер сабақ болуы тиіс

COVID-19-дың болуы мүмкін деген екінші толқыны «мүмкін» күйінде қалса екен деп бәріміз ниеттеніп отырмыз. Дегенмен ауру қайталанған жағдайға елорда дайын десек болады. Бұл ретте қапы қалуға жол жоқ, бірінші толқындағы қателіктер қайталанбауы керек.

Ең бірінші мақсат – алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарының жұмыс сапасын арттыру және дәл осы ұйымдардың қызмет маңыздылығын көрсету. Бұл бағытта жұмыс іске асырылып жатыр. Басқа сөзбен айтқанда, адамның дене температурасы көтерілсе, қызу, жөтел байқалса, бірінші емханадағы медициналық көмекке немесе жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Осылайша осы екеуінің арасындағы өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін арнайы алгоритм бекітілді. Науқас осы екі кезеңде медициналық көмекке жүгінген кезде, оның денсаулық жағдайына баға беру басты назарда. Керек болса оны ауруханаға жатқызу немесе алғашқы медициналық санитарлық көмек (АМСК) ұйымдарында медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үй жағдайында емдеп шығу маңызды. Осындай шараларды қолданудың себебі неде? Бастапқыда науқасқа АМСК ұйымында тиісті медициналық көмек көрсетілмей, аурудың асқынуына жол берсек, біздің тарапымыздан ашылған төсек-орындар, медициналық ұйымдарды қамтамасыз еткен медициналық жабдықтардың мәні болмайды. Медицина жүйесі­нің сапасын осылайша арттыру шешім емес.
Бүгінде қалада коронавирустық инфекцияға арналған биоматериалдар­ды зерттеу үшін 13 зертхана бар. Зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынаққа дейін жетеді. Қазіргі уақытта 423 мың зерттеу жүргізілді, оған қоса 162 мыңға жуық сынақ бар. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 1 440 сынақтан тұратын 9 изотермиялық зертханалық кешен сатып алу жоспарлануда.
Коронавирустық инфекция қайталанған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын толықтай жүргізеді. Ковид-19 инфекциясының күзгі-қысқы кезеңінде алдын-алу және емдеу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Симптомсыз және COVID-19 жеңіл түрде өтетін және олармен байланыста болған адамдардың денсаулығын қашықтан басқару жұмыстары емханаларда жалғастырылады.
Сондай-ақ біздер мобильді бригадалардың санын 207-ге дейін жеткіздік. Жедел респираторлық аурулармен ауыратын науқастарды қабылдауға арналған фильтр бөлмелер, сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде науқастарға медициналық көмек көрсету алгоритмі әзірленді және ол ЖРВИ, КВИ науқастарды кезең-кезеңімен бағыттауды қамтиды. Жасалған алгоритм салалық ресурстарды ұтымды пайдалану және бірінші толқын кезінде туындаған келеңсіз жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді деген ойдамыз.
Ауырлық дәрежесі бойынша пациенттер ағынын жіктеу мақсатында Қалалық жедел жәрдем станция базасында Ахуалдық орталық ұйымдастырылды. 103 пультіне түскен қоңырауларды бөлу механизмі 103-тің Chatbot жүйесі (Telegram) арқылы қоңырауларды қабылдау жұмысы жалғасып келеді. Барлығы 2,5 мыңнан астам қоңырау түскен, ал пандемияның шарықтау уақытында тәулігіне 200 қоңырау болды. Қажет болған жағдайда қызмет көрсететін жедел жәрдем бригадаларының санын БМСК ұйымдарында 70 бригадаға дейін, станция деңгейінде 100 бригадаға дейін (барлығы 170 бригада) арттырамыз.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирустың мүмкін деген екінші толқынының күзгі-қысқы кезеңіне дайындық жұмыстарын толықтай жүргізіп жатыр. Осылайша коронавирус инфекциясымен күресудің 3 кезеңді жоспары құрылды.
1-кезеңде медициналық ұйым­дар базасында 1645 төсек-орын орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар көпсалалы медициналық ұйымдар шұғыл және жоспарлы түрде емдеуге жатқызылатын науқастарды қабылдауды жалғастырады. 2-кезең бірқатар республикалық клиникаларда қосымша 1919 кереует орналастыру­ды қарастырады. 3-кезеңде 2500 төсек-орынмен инфекциялық ауруханалардың жүктемесін қарастыру (70%): 2090 ­төсек-орынға арналған қосымша нысан тартылады. Мұның барлығы 5 600-ге дейін жұқпалы төсек-орын орналастыруға мүмкіндік береді, оның 441-і – реанимациялық болады.
Бүгінгі күні ауруханалар өкпені жасанды желдету аппараты құрылғыларымен толықтай қамтылған (434 желдету құрылғысы). Сонымен қатар 19 компьютерлік томограф (оның ішінде республикалық клиникалардың, жеке медициналық ұйымдардың және басқа ұйымдардың томографиялық аппараттары), 27 рентген аппараты, 583 оттегі концентраторы және шамамен 1584 оттегі нүктесі бар.

БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ АЙТАРЫМЫЗ…

Бірінші толқын кезінде көбіне ересек адамдар ауру жұқтырған. Балалар арасында коронавирус инфекциясымен ауырған жағдайлар болды. Ауырған балаларда бірнеше күн дене қызуы көтеріліп, жөтел байқалды. Жалпы алғанда балаларда бұл ауру бірнеше симптом­дармен өтуі мүмкін. Ол кезде бірнеше ағзаның зақымдалуы салдарынан ауру ауыр, көпжүйелі түрде өтеді. Балалар негізінде ересектерден жұқтырады. Сондықтан барлық ата-ана ең бірінші, өз балаларын, отбасын қорғау үшін сақтық шараларын өте қатаң орындап, өзін-өзі оқшаулау бойынша нұсқауларға бағыну керек. Балалардың қарт кісілермен, сондай-ақ аурудың асқыну қаупі бар адамдармен байланысын болдырмау өте маңызды.

Тимур МҰРАТОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының
Қоғамдық денсаулық сақтау
басқармасының басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button