Ел тынысы

Бірлескен мәлімдеме жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Президент Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтіп, бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды.

– Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге үлкен делегация келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымыз­ды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ­Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жоғары деңгейдегі байланыстардың бәрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту үшін өте пайдалы. Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысында талқыланған мәселелердің маңыздылығына назар аударды.

– Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл, шын мәнінде, өте маңыз­ды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік. Мұның бәрі – бірегей жобалар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізгені үшін Әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді.

Қазақстан Президенті көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.

– БҰҰ, ТМҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, СПЕКА және ТМД сияқты аса маңызды халықаралық ұйым­дар аясындағы ықпалдастығымызды айрықша атап өткім келеді. Меніңше, бұл қарым-қатынастың ауқымы кең және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді. Стратегиялық серіктестік тұрғысынан келгенде, мұның да мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің келіссөзі нәтижесінде ондаған құжатқа қол қойылды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button