Sport

«БРАЗУКА» БИЛЕГЕН ӘЛЕМ…

515284-ujesli-snejder-aren-robben-i-iker-kasiljas

Бразилиядағы әлем біріншілігінде күн өткен сайын қызыққа толы уақиғалар орын алуда. Алғашқы ойындағы төрт гол мен төрешінің қателігі туралы айтқанбыз. Бірақ одан кейінгі кездесулерде де қазылардың қате шешім қабылдағанына куә болдық.

«А» тобындағы екінші кездесу Мексика мен Камерун арасында өтті. Алғашқылары ойынды басынан аяғына дейін басқарып, қара құрлықтан келген футболшылардың адымын аштырмады. Бірінші таймның өзінде Джованни Дос Сантос екі гол соқса да, бас төреші оны есепке алмай тастады. Камерун құрамасы әлсін-әлсін тәртіп бұзып, ойынның мәнін кетірумен болды. Дегенмен кездесудің 61-минутында Перальта соққан жалғыз доп Мексика құрамасына үш ұпай әкелді. Енді олар келесі турда турнир қожайындарына қарсы ойнаса, ұпайсыз Камерун және Хорватия өзара күш сынасады.

«В» тобындағы тартыс әлем чемпиондарының тас-талқан болуымен басталды. ОАР-да өткен әлем біріншілігінде соңғы рет Голландиямен ойнаған Испания құрамасының Бразилиядағы алғашқы қарсыласы да «қызғалдақтар елі» болды. Бірақ бұл жолы Луи Ван Галдың футболшылары жеңімпаз атанды.

Ойынның 27-минутында Шаби Алонсо пенальтиден гол соғып, испандарды алға шығарған. Бірінші таймның соңына қарай Роби ван Перси Касильястың қателігін пайдаланып, есепті теңестіріп кетті. Артынша Роббен мен Де Врей 53, 65 минуттарда бір-бірден гол соғып, Испанияның жағдайын мүлде қиындатып жіберді. Висенте Дель Боске алаңға жаңа ойыншыларын жіберсе де, олар ойын ырғағын еш өзгерте алған жоқ. Кейін Роби ван Перси мен Арьен Роббен екінші рет қанжығаларын майлап үлгерді. Қысқасы, Испания құрамасы 1-5 есебімен тас-талқан ұтылып, өз тарихына дақ қалдырды. Бұған команда капитаны Икер Касильястың салақ ойыны кесір болды десек, қателеспеген болар едік.

Осы топтың алғашқы турындағы екінші кездесу Чили мен Австралия арасында өтті. Азия және Мұхит аймағынан келген құрама ойынның алғашқы бөлігінде қарсыластары соққан екі голға бір доппен жауап беріп, екінші таймда орасан күшпен алға ұмтылды. Кездесудің негізгі уақыты аяқталып, қосымша минуттар сырғып жатқанда оңтүстікамерикалықтар қарсыластар қақпасына тағы бір гол соғып, Австралияның бір ұпай жолындағы үмітін үзіп тастады. Бұл ойында Чили сапынан Санчес, Вальдивия, Босежур деген жігіттер көзге түссе, оларға Кэхилл ғана жауап бере алды.

«С» тобының алғашқы матчында Колумбия футболшылары Грекия құрамасын 3-0 есебімен жеңіп, Фалькаосыз да доп тебе алатындарын дәлелдеді. Бірақ ойын барысына қарап отырып гректердің жай ғана жолы болмағанын аңғаруға болады. Бесінші минутта соғылған Армероның голын 58-минутта Гутьеррес еселеді. Ал кездесудің 93-минутында Джеймс Родригес Колумбия-Грекия арасындағы матчқа нүкте қойды.

Осы топтағы екінші кездесу Кот Д’Ивуар және Жапония құрамаларының арасында өтті. Негізі, осы бір топтағы төрт құраманың дәрежелері тең саналған. Грекияның сәтсіз ойынын есепке алмағанда африкалықтар мен азиялықтардың кездесуі көпшілік күткендей тартысқа толы болды. Бірінші таймның 17-минутында Жапония сапынан Кейсукэ Хонда гол соғып, қара жігіттердің сағын сындырғандай болды. Бірақ ойынның екінші бөлігінде небары екі минут ішінде Бони мен Жервиньо бір-бірден жапондар қақпасын дәл көздеп, таразы басын өздеріне аударды. Кезек-кезек шабуылдармен жалғасқан кездесуде осыдан кейін ешқандай голға куә болмадық.

«D» тобының алғашқы кездесуінде сенсация тіркелді. «Өлім тобына» түсіп, «өмір сүруден қалды» деген Коста-Рика әлемнің екі дүркін чемпиондары саналатын Уругвай құрамасын 3-1 есебімен тізе бүктірді.

Кездесудің 24-минутында Эдинсон Кавани он метрлік айып добынан мүлт кетпей, өз құрамасын алға шығарған. Бірақ қарсыластар да қарап қалмай, Фернандо Муслера қорғаған қақпаның маңын торуылдаудан еш танған емес. Екінші таймда Кэмпбелл есепті теңестірді. Арада үш минут өткен соң, яғни, 57-минутта Дуарте костарикалықтарды алға шығарды. Ойын соңындағы алма-кезек шабуылдардың бірінде алаңға жаңа шыққан Уренья үшінші голды соғып, уругвайлықтардың үмітін біржола үгітіп тастады. Осылайша өткен біріншіліктің жартылай финалына дейін жеткен оңтүстікамерикалық футболшылардың топтан шыға алмай қалу қаупі арта түсті. Сонымен қатар, бұл ойында биылғы біріншіліктің алғашқы қызыл қағазы көрсетілді. Оның иесі – Макси Перейра.

Ал, Англия-Италия арасында өткен кездесуді көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бұлай деудің өз себебі бар. Қос құрама да күллі әлемге еуропалық ойын мәнерін паш етті. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың» да озық үлгісін көрсетті бұлар. Қорғаныс, алаң ортасы, шабуыл деп бөліп-жармай, барлығы бірдей ұйымдаса тер төкті.

Бір-бірінен еш кем түспейтін командалардың тең дәрежедегі ойынына қарап сүйсіндік. Таңдай қақтық. Егде тартқанына қарамастан Пирлоның жас жігітше қимылдауы, әлі толысып болмаса да Стерлингтің тәжірибелі ойыншылардай ойқастауы – бәрі-бәрі жанкүйерлерге керемет күй сыйлады.

35-минут. Кандрева бұрыштан жеткен допты кідіртпестен Андреа Пирлоға асырды. Ал «Ювентустың» жартылай қорғаушысы пасты өзі қабылдамай, өзінің екі аяғының арасынан Маркизиоға өткізе салды. Бұл 2002 жылғы Бразилия мен Германия арасындағы финалдық ойынды еске салды. Он төрт жыл бұрын Ривалдо да өзіне жеткен допты дәл осылай өткізіп жіберіп, нәтижесінде, әйгілі Роналдо Кан қорғаған қақпаны дәл көздеген болатын. Бұл жолы Клаудио Маркизио да Джо Харттан айласын асырып кетті. Бірақ, көп ұзамай, екі минуттан соң ағылшындардың сол жақ қапталдан басталған шабуылы Рунидің Старриджге әдемі пас беруімен және шабуылшының мүлт кетпеуімен жалғасты. Осылайша тең есеппен, құрамалар үзіліске шықты. Ал ойынның екінші жартысында Кандрева тағы да Англияның айып алаңында жүрген Балотеллиге әуелете пас беріп, «супер Марионың» гол соғуына жағдай жасады. Бұл 50 минут еді. Кейін қос құрама қолдарынан келген бар мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқанымен, есеп өзгермеді.

Сондай-ақ, «Е» тобындағы Швейцария-Эквадор және Франция-Гондурас кездесулері өтті. Қос ойында да еуропалықтардың мерейі үстем болғанын айта кету керек. Швейцария 0:1 есебімен ұтылып жатып, бапкердің көрегендігі арқасында жеңісті жұлып әкетті. Оттмар Хитцфельдтің екінші таймда алаңға жіберген екі футболшысы бір-бірден гол соғып, үш ұпайға қол жеткізген. Ал Франция Гондураспен тартысқа түсіп, қарсыластарын 3:0 есебімен тас-талқан етті. Ойынның бірінші бөлігінде-ақ Гондурас құрамасының қақпасына пенальти белгіленіп, екінші сары қағаз алған футболшысы алаңнан қуылды. Кәрім Бензема 11 метрлік айып соққысын дәл орындағаннан кейін 48-минутта осы әлем біріншілігіндегі екінші автогол соғылды. Оның авторы – Гондурас қақпашысы Вальядарес. 72-минутта Бензема тағы бір гол соғып, осы турнирдегі дубль жасаған үштіктің соңына ілесті.

«F» тобындағы Аргентина мен Босния-Герцеговина арасындағы матч та ойналды. Бұл ойында әлем чемпионатының дебютанты саналатын еуропалық команданың футболшылары екі гол соғып, оңтүстікамерикалықтар бір ғана доппен көзге түсті. Бірақ жеңіс Марадонаның ізбасарларында кетті. Колашинац кездесу басталмай жатып өз қақпасына абайсызда гол ұрып алған соң, 65-минутта Лео Месси Аргентинаны 2:0 есебімен алға шығарған. Ойын соңында Ибишевич бір гол соғып, өз құрамасына үміт сыйлағандай болды. Алайда, есеп өзгермеді.

Осы топтың екінші ойыны өткен түнде Иран-Нигерия арасында өтті. Сонымен қатар, «G» тобындағы Германия-Португалия, Гана-АҚШ жұптары да алғашқы кездесулерін өткізді. Олар туралы газетіміздің келесі нөмірінде жарияламақпыз.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button