Руханият

Бұлқынсақ шамамыз, айқайласақ даусымыз жетпеді…

Елордада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты республикалық тіл форумы өтті. Елімізде алғаш өтіп отырған маңызды жиынға барлық өңірден 250-ден аса өкілдер келді.Форум тізгінін ұстаған «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар мемлекеттік тіл мәселесінің бүгінгі жағдайына кеңірек тоқталып, қазақ тілін дамыту үшін өтірік цифрларды көлденең тартып, құр мақтанды доғаратын уақыт жеткендігін айтты.
– Міне, тәуелсіздік алғанымыз­ға 27 жыл толыпты. Осы жылдары еліміз біраз жетістіктерге қол жеткізді. Алайда бұлқынсақ шамамыз, айқайласақ дауысымыз жетпей булыққан күрделі бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік тілдің проблемасы. Қазақ тілін әлі күнге тұғырына қондыра алмағанымыз былайғы бөтен жұрттан ұят болды. Мемлекеттік тіліміз Ата заңымызда жазылған өз мәртебесін ала алмай дүбәра күй кешіп отыр. Сондықтан Міржақып ағамыз айтқандай, «Қазақтың оянатын» уақыты болған секілді. Енді өмірге нақты, шындыққа тура қарайтын заман келді. Сонау 90-шы жылдары қазақ тілі мемлекеттік тіл болды деп бөркімізді төбемізге атып қуандық. Бірақ одан ұлтаралық қатынас тілі басым түскенін өмірдің өзі көрсетті. Үйде қазақша тіл сындырған немереміз қазақ балабақшасына апарсақ, үш жылдан кейін орысша сайрайды. Қазақ мектебіндегі оқушылар үзіліс кезінде бір-бірімен орысша шүлдірлеседі. Бұл көрініс жастар арасында да кездеседі. Осы қалай деп аузы дуалы ақсақалдардан сұрасақ, олар оның бәрі 15-20 жыл бойы Білім және ғылым министрлігінің мұғалімдер мен оқушыларды ойға келмейтін реформалар жүргізген тәжірибе алаңы жасап жібергенінен дейді. Қазақшаға тілін сындыра алмай бірінші сыныпқа барған балаға ағылшын тілін үйретеміз деп күпидік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы тамыз кеңесінде балаларға ағылшынша үйренуді үшінші сыныпқа ауыстырды. Бұл өзгеріске халық шын қуанды» деді ол.
Сондай-ақ Әлібек Асылбайұлы қазақ тілінің көсегесін көгертеді деген тоғыз облыс пен бірқатар рес­публикалық дәрежедегі қалаларда Тіл басқармасының жабылып қалғаны баршаны алаңдатып отыр­ған мәселе екендігін жеткізді.
Ал Мәдениет және спорт министр Ақтоты Райымқұлова ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру мақсатында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Тіліміздің қоғамдағы қызметін арттырып, оның әлеуетін көтеру – үнемі назарымызда. Жаңа әліпбиге көшу – жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін көрсететін реформа. Осы реформаны жүзеге асыру барысындағы міндеттерді айқындау және істелген жұмыс нәтижелерін насихаттау – рухани және саяси факторлардың бірі. Сондықтан еліміздегі және әлемдік тілдер қауымдастығында қазақ тілінің рөлі мен мәртебесі туралы заманауи білім, ақпарат пен үгіт-насихат жұмысын ұйымдастыру – бүгінгі форумның міндеті» деді министр.
Жиынға Ақтөбеден ат арытып келген айтулы ғалым, көрнекті қоғам қайраткері Амангелді Айталы азаттық алғаннан бері тұғырына қонбаған қазақ тілі туралы салмақты ой қорытты.
– Қазір пост кеңестік елдерде төрт ұрпақ өмір сүріп жатыр. Біріншісі – Сталиннен кейінгі жылымық кезіндегі ұрпақ. Екіншісі – Брежневтің заманындағы ұрпақ. Үшіншісі – қайта құру дәуіріндегі ұрпақ. Төртіншісі – жаңа ұрпақ. Тілдік саясатты адамдық материал­дан бөліп қарауға болмайды. Біз қандай бағдарлама қабылдасақ та оны кімдер, қай жастағы, қандай тәрбие алған адамдар іске асырады деп ойлауымыз керек. Шындығында, тіл қоғамды екіге бөлді. Қазақ тілі негізінен кедейлердің, орташалардың тілі болды. Орыс, ағылшын тілі байлардың, элитаның тіліне айналды. Содан келіп қазақ тілін менсінбейтін психологиялық ахуал қалыптасты. Енді осыны шешу үшін қандай шаруа жасаймыз? Алдымен жалған оптимизмді қоюымыз керек. Мұны халық біледі. Қазір «латын әліпбиіне көшуге мемлекеттің қандай дайындығы бар. Әдебиеттер мен методикалық құралдар бар ма?» деген ойлар елді толғандырады. Тілдік география деген ұғым бар. Бұл да – үлкен мәселе. Еліміз әліпбиге байланысты екіге жарылмай ма? Сондықтан латын әліпбиіне көшкенде оны тереңірек талдап, қандай адамдық материал, әлеуметтік топтар бар, соның бәрі мұқият зерделену керек, – деді профессор.
Ғалым ағамыз сөзінің қорытындысында төртінші – жаңа ұрпақты билікке көбірек тарту қажет деген пікірін білдірді. «Қазақ мектебінде оқыған солар бізді құтқарады. Алайда қазақ тілін білетін жастарға жол тар. Бірақ ол жастар өздері белсенді жұмыс істеуі қажет. Біздің тіліміз адаммен, кадрлармен дамиды. Сол кезде тұғырына қонады» деді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов мемлекет қазақ тіліне мемлекеттік деңгейде сұра­ныс туғыза алмағандығын ашық айтты.
– Бүгінгі кезең – прагматизм заманы. Қазір адамдар осы елге, жерге, құр бетіңді көрсету үшін ғана тіл үйренуге көнбейді. Өйткені адамдар қажет нәрсені ғана үйренеді. Тіл қажет болса, тілді білген адамның тасы өрге домаласа, сол тілді білетіндерге қызмет бабында басшылық берілсе, мемлекеттік тілді меңгермеген, үйренгісі келмегендерге мемлекеттік деңгейде саналы түрде кедергілер қойылса, тіл дамиды. Біз егемендік алып, өмір айдынына шыққанда жаһандану басталды. Қазір қазақ тілінің бұрынғы қаупінің үстіне ақпараттандыру қатері қосылды. Әлемнің тілі – басқа тіл. Ағылшын тілі біздің ана тілімізді қарабайырландырып, кедейлетіп жібере ме деп қауіптенемін. Олардың сөздері тақыл-тұқыл. Біз қазір соны үлгі етіп ұсынғымыз келеді. Сондықтан қазақ тілінің байлығын сақтау, қастерлеу, әсіресе оны жастарға түсіндіру жөнінде көп жұмыс істеуіміз керек» деді қаламгер. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, «Amal books» баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай да өздерін толғандырып жүрген мәселелерді қозғады.
Пленарлық отырыстан кейін форум жұмысы «Ғылым, білім және тіл», «Бизнес және тіл», «Заң және тіл», «БАҚ және тіл», «Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы», «Өңірлердегі тілдік ахуалды талдау» атты алты тақырыпқа бөлінген секцияда жалғасты. Онда айтылған мәселелер бойынша ортақ тұжырым бекітіліп, Үкіметке, Парламентке тіл саясатын жүзеге асыратын 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қазақ тілінің қолданысын міндеттеу нормативтерін бекітетін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау туралы ұсыныс жолданатын болды. Және жиын соңында Тіл форумының арнайы қарары қабылданды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button