Басты ақпаратҚоғам

Цифрландыру – даму тетігі

Қазіргі таңда IT саласы дүние жүзінде үлкен сұранысқа ие. Экономикасы дамыған, әлеуеті жоғары өркениетті елдердің барлығы дерлік сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуы мен халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді. Елді цифрландырудың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, сонымен қатар, ұлттық экономиканы цифрландыру. Цифрлы үдеріс – экономика дамуының көрсеткіші. Ендеше осы салаға мемлекетіміздің стратегиялық басымдық беруі заңды да.

Мемлекет басшысы қойған міндет

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді цифрландырудың маңызына ерекше тоқталды.

– Біздің маңызды стратегия­лық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойын­ша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтыр­дың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Президент биылғы Жолдауында.

Сондықтан қазір IT мамандығы ең сұранысқа ие, ең табысты мамандық саналады. IT мамандардың аздығы тек Қазақстанды ғана емес, бірқатар мемлекетті алаңдатып отыр. Әлемдік рейтинг бойынша бұл ең қажет мамандықтар тізіміне кіреді. Жұмыс берушілер осы кәсіп иелеріне деген сұраныс пандемияға дейін де жоғары болған дейді.

IT мамандарды бізге көптеп оқыту керек. Қазір жаңа технологиялар, өндіріс, көлік сынды барлық салаға ықпал етіп жатыр. Бүгінде бізде бос орындар бар. IT-дің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Соның 21 мамандығы бойынша мамандар қазір ауадай қажет.

«Әсіресе веб-дизайнер, қосымша жасаушы, бағдарламалау, маркетинг, SMM менеджер, инженер-бағдарламашы мен жүйе инженеріне сұраныс көп» дейді жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Қазіргі еңбек нарығында елордамызда бұдан өзге телекоммуникациялық байланыс, денсаулық сақтау, білім беру саласына да білікті мамандар керек-ақ.

Жасанды интеллект жәрдемдесе ме?

Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвес­тиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.

Мұны да Мемлекет басшысы ерекше атап айтты. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің мүмкіндігін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек.

Таяу арада жасанды ақыл-ой 300 млн адамды нәпақасыз қалдыруы мүмкін екені де айтылып жүр. Сондықтан да жаңа дағдыларды мектептен бастап үйрету қажет

Цифрландырудағы негізгі мақсаттың бірі де бәсекеге қабілеттілікті арттыру, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту екен десек, осы орайда білім беру сапасын арттыру екені түсінікті. Біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салада, оның ішінде жасанды интеллект және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

Бұл ретте Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын.

– Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-­жігерін тиімді пайдалану, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Жуырда Астанада өткен бір халықаралық семинар-тренингте IT саласының маманы Мейіржан Әуелханұлы «Журналистикадағы жасанды интеллект» туралы тәжірибесін ортаға салды.

– Жасанды интеллектпен жұмыс істей алатындар мен істей алмайтындар деген мәселе алдағы уақытта жұмыс беру­шілердің алдынан шығуы ғажап емес. Себебі заманның талабы сондай, жасанды интеллект өмірімізге енді, оның игілігін көруіміз керек, – деді ол әріптестеріне тренинг өткізген кезінде.

Жасанды интеллектіні үйренуге жастар ықыласты. Тіпті үлкендер жағы да заманның трендіне айналған технологияны үйренуге кірісіп кетті. Енді тек интернетіміздің жеделдігі дұрысталса, IT саласын егжей-тегжейлі меңгеруге болады.

Мұнда тағы бір мәселе бар – жаңалықтармен қоса жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме, әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақтардың туын­дауына да әсер етті. Ұжымдық қауіпсіздік мәселесі әрдайым бақылауда болуы керек екенін ескертті, таяу арада жасанды ақыл-ой 300 млн адамды нәпақасыз қалдыруы мүмкін екені де айтылып жүр. Сондықтан да жаңа дағдыларды мектептен бастап үйрету қажет. Бұл білім бағдарламасына да өзгерістер енеді деген сөз.

Жаңа технологияны жүзеге асыру үшін жылдам интернет қажет. Осыған байланысты Президент 5G желісін уақытынан бұрын іске қосуды тапсырды. Яғни 2027 жылы емес, 2025 жылы барлық облыс орталығы ұялы байланыстың жаңа буынына қосылуы қажет.

Министр Бағдат Мусин бұл жұмысқа әйгілі Илон Масктың SpaceX компаниясы көмектесетінін айтты. Жарты жылдың ішінде Қазақстандағы 2 мың мектеп Starlink жүйесі арқылы жылдам ғаламторға қосылады деп отыр.

Болашақ қадамдары

Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында да экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды.

Бизнес-инкубатор, коммер­цияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновация инфрақұрылымдарын құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн. Елімізді инновация жолымен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды.

Президент айтқанындай, аймақтардағы дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтардың әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмыс­ты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн.

Осыған қоса, ел ішіндегі өндірісті жаһандық жаңғырту және цифрландыру шеңберінде тоғыстыру керек. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дамыған әлем елдерінің көшіне ілесіп, ақпараттық саланың тың жетістігін пайдаланады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button