Қала мен Сала

Даму жоспарына өзгерістер енгізілді

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты VI шақырылымының кезектен тыс сессиясы өтті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

Бірінші мәселе – «2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасы туралы» қалалық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №427/61-V шешіміне өзгеріс енгізу бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады. Оның айтуынша, әлемді дендеген коронавирус індеті мен экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы аталған бағдарламаны қайта қарап, өзгерту енгізуге мәжбүр еткен.

25 ИНДИКАТОРҒА ТҮЗЕТІЛДІ

Қазіргі күні елорданы дамытудың 55 индикаторы белгіленген. Сонымен қатар оған ҚР ­Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұсынысымен өндірістік тауарлардың құрамындағы жергілікті мазмұнның үлесі индикаторы қосылды. Аталған индикатор ағымдағы жылы қосылды және оның тұтынатын өнімдердегі үлесі 17,1 пайыздан кем болмауы тиіс деп бекітілді. Астананы дамыту бойынша «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде жергілікті үлеске барынша назар аудару міндеттелді. Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған стратегия­лық жоспарына сәйкес, еңбекке қабілетті жандардың ішінде атаулы көмекті алушылардың сыбағалы үлесі бойынша түзету жасалды.
Әлемде және біздің елімізде індеттің белең алуы мен қалыптасып отырған экономикалық жағдайға байланысты жалпы 25 индикаторға өзгертулер мен түзетулер енгізілген. Бұл өзгертулер тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралып, мәслихат депутаттары тарапынан бекітілді. Қайсар Маңқараев сол себептен депутаттарды астананы дамыту бағдарламасына енгізілген ұсыныстарды қолдауға шақырды.
Залдан депутаттардың бірі тіпті індет кезінде де адамдар спортпен шұғылдануды тоқтатқан жоқ, сондықтан басқасы басқа, бірақ бұқараның спортпен қамтылу индикаторының төмендетілгені дұрыс еместігін айтып, наразылық білдірді.
– Жеке адамдардың спортпен айналысқаны, әрине құптарлық іс. Бірақ індетке байланысты елімізде, оның ішінде астанада да спорттың барлық түрлері бойынша ірі жарыстарды, соған байланысты шараларды өткізуге Үкімет тыйым салды. Сондықтан спорттық даму индикаторын 0,5 пайызға төмендеттік, – деді баяндамашы.

ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ МӘН БЕРІЛМЕЙДІ

17 сайлау округінің депутаты Аман Аюпов тұтынатын өнімнің құрамында қазақстандық мазмұнның сақталуы, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету жаңадан жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өндірістің дамуына тікелей әсер ететіні сөзсіз дей келе, осы бағытта кей кездері айтылған сөзбен жасалып жатқан істердің қабыспай жатқанын сынға алды.
– Бұл мәселені мен талай рет көтеріп жүрмін. Мәселен, қазір еңбекпен қамтудың «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша «Жастар» сарайына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету үшін оған жергілікті материалдарын пайдалану керек еді, бірақ мердігер компания құрылысқа қажетті шыны пакеттерді Ресейден тасымалдайды. Ал Қазақстанда шыны пакеттерін шығаратын зауыттар аз емес. Кейбірінің өнімдері тіпті ресейлік өнімнен анағұрылым сапалы да. Сөйте тұра мердігер компанияның ресейлік шыны пакеттерді таңдауы түсініксіз, – деп депутат мемлекет қаржысының есепсіз кетіп жатқанына қарсылығын білдірді.
Қайсар Маңқараев жергілікті мазмұн индикаторы елімізде төтенше жағдайлар жарияланғаннан кейін енгізілгенін, ал мердігер мен ресейлік жабдықтаушы компания­лар арасындағы шарт оған дейін жасалып қоюы мүмкін екеніндігін білдірді. Дегенмен нақ «Жастар» сарайының жөндеу жұмыстарына ресейлік өнімдерді қолдануға қатысты техникалық қадағалау, авторлық қадағалау органдары бақылау жүргізуі керектігін жеткізді. Сонымен қатар қазіргі күні сатып алулар барысында жабдықтаушы кәсіпорындардан міндетті түрде индустриалдық сертификат талап етілетінін, ол тауардың нақты Қазақстанда жасалғандығын растайтын куәлік болатынын айтты.
– Қазір заң отандық өндірісшілерді қолдайды. Бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік сатып алуларда жергілікті мазмұн үлесі 2,5 есеге артты, – деп сендірді ол.
Депутаттардың бірауық пікірталастарынан кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ұсынысы көпшілік дауыспен мақұлданды.

ЖЕР ТЕЛІМІН АЛУ ТУРАЛЫ

Жер учаскелерін мемлекеттік мұқтаждық үшін алу немесе жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу жөніндегі екінші мәселе бойынша Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев баяндама жасады. Басқарма 12 нысан бойынша жалпы аумағы 2 мың гектардан асатын 68 жер телімін 700 млн теңгеге сатып алу туралы шарттарды депутаттар назарына ұсынды. Баяндамашы сатып алынатын учаскелердің нақты қай жерлерде орналасқандықтарын жеке-жеке атап көрсетті. Депутаттар тарапынан ол бойынша ешқандай келіспеушілік болмады, баяндамашыға бір ауыз сұрақ қоймастан ұсыныс бірден қабылданды.
Асылбек Есенбаев одан кейін «Тұрғын үй ғимараттары мен құрылыстарын апаттық деп тану мәселелері жөніндегі ведомстволық комиссияның құрамы туралы» үшінші мәселе бойынша да баяндама жасады. Оның құрамы қала әкімдігінде орын алған бірқатар кадрлық ауыс-түйістерге байланысты өзгеріске ұшырады. Депутаттар қауымы ведомстволық комиссияның құрамына енген жаңа мүшелердің канидатураларын бірауыздан мақұлдады.
Сондай-ақ бұл күні қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болып өтті.
Күн тәртібінде Нұр-Сұлтан қаласының 2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасы қаралды. Ол бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады. Одан бөлек жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшылары өз салалары бойынша есеп беріп, қазіргі індет кезінде қалыптасып отырған жағдаймен бөлісті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button