Басты ақпаратДенсаулық

«Екінші толқын» болуы мүмкін

Елордада санитарлық талаптардың сақталмауынан COVID-19-дың «екінші толқыны» болуы мүмкін.

Соңғы мәліметтер бо­йынша Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясының тез таралуы байқалған. Өткен аптадағы ауру көрсеткіші алдыңғы аптадан 1,3 есе немесе 28,7 пайызға жоғары.
«Қазан айындағы аурушаңдықтың өсуі қалада карантин шараларын жеңілдетуге мүмкіндік бермейді» деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева арнайы өткізілген брифингте.
«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақ­тары, кезекті рет айна­лаңыздағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қамқорлықпен қарауыңыз­ды сұраймын. Ол үшін тек қарапайым ережелерді сақтау керек: міндетті түрде медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адам жинап, отырыс өткізбеу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау керек» деп атап өтті бас санитарлық дәрігер қала тұрғындарына арнаған үндеуінде.

«Соңғы уақытта коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша, сондай-ақ жақын байланыста болғандар туралы фактілерді жасыру және жалған ақпарат беру жиіледі. Бұл эпидемияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізуге кедергі келтіреді» деп атап өтті қалалық бас санитарлық дәрігер.
Бүгінде бизнес субъектілері шектеу шаралары мен санитарлық нормаларды, карантиндік режимді елемей отырған көрінеді. Бұған 27 және 28 қазанда мониторингтік топтар жүргізген күндізгі және түнгі рейдтердің нәтижесі дәлел болады. Тексерілген 290 нысанның 49-ында бұзушылықтар анықталды.
«Мейрамханаларда көптеген адамдарды шақырып, отбасылық іс-шаралар өткізу әлі де бар. Мысалы, 24 қазанда Тұран даңғылы, 5 мекенжайындағы GRANDHALLASTANA мейрамханасында 70-тен астам адам болды. «Қыз ұзату» тойы өтіп, оған 50 адам қатысты, ал туған күн залында 20 адам болды» деді Нұр-Сұлтан қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Госман Жакин.
Сондай-ақ мобильді топ Манас көшесіндегі «Пошашлычим» кафесі мен «Жаным-сол» караоке-барында жұмыс және демалыс күндері белгіленген жұмыс кестесін сақтамай, өз қызметін жүзеге асыр­ған бұзушылықтарды анықтаған. Тыйым салынған уақытта Тұран даңғылы, 19 мекенжайындағы Fast425 түнгі клубы жұмыс істеген.
Елордалық бас санитарлық дәрігер өз сөзінде қала тұрғындарына санитарлық қарапайым ережелерді сақтау керек екендігін тағы бір айтып өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button