ДенсаулықЖаңалықтар

ДӘРІГЕР НЕГЕ ӘБІГЕР?

e994f7efbe7a3f491dc924ce973e6e9200f-asli

Бүгінде әлеуметтік желі үлкен күшке айналды. Жұртшылық өздерін мазалаған мәселелерін осында көбірек айтады. Жақында елордалық Жұлдыз есімді жас келіншек дәрігер кө­ме­гіне зәру болған сәбиінің өлім аузынан аман қалғанын жазды. Оның себебі де бар. Бас қаладағы көше атауларын өзгертуге байланысты жедел жәрдем қызметі тамағы ісіп кеткен нәрестеге жете алмай, әбігерге түскен.

– 4 наурызда 6 айлық балам ауырып қалды. Тамағынан тұншығып, даусы жоғалып кеткен бала жылаумен болды. Мен үйде жалғыз едім. Тұңғышым болғандықтан, не істерімді білмей, қатты қобалжыдым. Бұған дейін менің бір құрбымның ұлы ларингит болып ауырған еді. Аурудың барлық белгілері есімде қалыпты. Тездетіп небулайзерді (ингалятор) қосып, жедел жәрдем шақырдым. Баламның жағдайы еш өзгеріссіз болды. Шақырған жәрдем көлігі жетер емес. Сөйтсе, дәрігерлер біздің мекенжайымызды көше атауы өзгертілгендіктен таба алмай жүрген. Еңбекшілер көшесі жақында Ә.Бөкейхан көшесі деп ауыстырылған еді. Мұндай көше қаланың оң жағалауында да болған, – дейді жас ана.
Оның айтуынша, диспетчерге көшенің ескісі мен жаңасын толық баяндап берген. Алайда айтылған ақпарат жедел жәрдем қызметіне ешқандай көмек болмаған. Аталған жерді таба алмаған олар баласы ауыр халде жатқан анаға үш рет қоңырау шалады.
«Ларингитте тамақ ісіп, бала дем ала алмай қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, қолымда ісікті басатын ешқандай дәрі-дәрмек болмады. Маған мекенжайды сұрап, үш рет қоңырау шалды. Кейіннен жедел жәрдем қызмет тобы бұрынғы мекенжайды айтпадың деп өзіме ренжіді. Мен абдырап қалдым. Олар жедел түрде укол салып, баламды аяғынан тұрғызды» дейді Жұлдыз.
Әйтеуір, абырой болғанда, төрт айлық нәресте аман қалып, жас ананың көңілі орнына түсті.
Енді өзгерген көшеге келейік. Елорда тұрғындарының пікірін ескере отырып, қалалық Ономастика комиссиясының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі №1 шешімінің негізінде Астана әкімдігінің қаулысы және қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген жекелеген көшелерге атау беру және кейбір көшелерін қайта атау туралы бұйрығы жыл басынан күшіне енді. Елорданың оң жағалауындағы бұрынғы Ә.Бөкейхановтың есімін иеленген көше енді көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетов көшесі болып қайта аталды. Ал Алаштың ардақты азаматына Есілдің сол жағалауындағы Еңбекшілер көшесі және жобалық атауы №36 көше біріктіріліп, Әлихан Бөкейхан даңғылы атауы берілді.
Мәселе осы жерден туып тұр. Бізге бір ой келеді. Астаналық Денсаулық сақтау басқармасы жұртшылық көп жүгінетін қала­­­­лық жедел жәрдем қызметіне өзгерген көше атауларына байланысты дәрігерлер мен жүргізушілерге жаңа жол картасын беріп, алдын ала ақпаратпен қамтамасыз етсе, мұндай жағдай болмас еді. Жоғарыда баяндаған оқиға енді қайталанбаса екен дейміз. Мекенжайды таба алмай жүргенде адамның өмірі үзіліп кетсе, өкініші өзекті өртемей ме?!

Азамат ҚҰСАЙЫН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button