Мәдениет

Дарынды жастармен жүздесті

Елордадағы Tse галереясында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев өз қатарынан оза шауып, көзге көрінген бір топ астаналық дарынды жастармен еркін форматта кездесу өткізді.

Бұл шараға жас композиторлар, суретшілер, ақын-жазушылар, арт-менеджерлер, сценаристер, продюсерлер, дизайнерлер, қысқасы шығармашылық жастар келді. Алдымен әкім орынбасары аталған галереяда ұйымдастырылған дарынды қылқалам шеберлері Ғалым Маданов пен Зәуреш Терекбайдың «CoolAge» атты көрмесін аралап көрді.

– Мен сіздермен еркін түрде пікір алмасуға келдім. Өйткені бабаларымыз «Ақыл – жастан, асыл – тастан» шығады деп бекер айтпаған. Жыл сайын шаһарға 50 мыңға жуық адам келеді. Оның себебі – елорданың өмір сүру деңгейі мен мүмкіндіктерінің жоғары болуы. Жаңа жұмыс орындары да көп. Алайда қалаға рухани дем беретін шығармашылық ортаның орны бөлек. Сіздер секілді талантты жастармен жүздескенде озық идеялар пайда болып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Мысалы, «Жаужүрек мың бала» фильмі осындай басқосудан бастау алған. Сондықтан өздеріңіз іске асырсам деген жобаларыңызды айтыңыздар, біз қарастыруға дайынбыз, – деді Е.Аманшаев.

Кездесу барысында жастар тарапынан түрлі идеялар айтылды. Мәселен, «Астана қандай суық болса, адамдары да сондай суық» деген түсінікті жою үшін адамдардың бір-бірімен танысуына бағытталған жобалар сөз болды. Әсіресе, шаһардағы кез келген ғимараттың, көпірдің, ескерткіштің, тағы басқа осындай айтары бар нысандардың тарихы, авторы, қандай үлгіде, не материалдан салынды деген толық ақпарат алуға болатын мобильді қосымшаны іске асыруға болатындығын жеткізді.

Шара соңында елорда әкімінің орынбасары жастар айтқан бірнеше жобаны құп алып, оларды бірге қарастырайық деген ұсыныс айтты.

 Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button