Басты ақпаратҚоғам

Қазақша контент үшін күрес

«Ел боламын десең, YOUTUBE-іңді түзе».  Баршамыздың санамызда жатталып қалған терең мағыналы нақыл сөзді заманына қарай осылайша түрлендіруге болады. Расымен де, темір құрылғыға телмірген ұрпақ өсіп жатыр. Бұрындары теледидардың алдында жиналатын балалар қазір бір-бір планшет құшақтап, YOUTUBE желісінде түрлі мультфильмдерді көреді. Кейіпкерлерге қарап тілі шығады. Бұдан бүлдіршіндерге қазақша өнім жасаудың маңыздылығын сезінген боларсыз. Отандық «Балапан» арнасынан бөлек, «Болашақ» Қауымдастығының корпоративтік қоры балаларға арнап голливуд фильмдерін қазақша дубляждап жүр.

Күні кеше ғана «Супер отбасы-2» фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты. Әлемдік премьера болып жатқанда, қазақ көрермені де туындыны тамашалады. Оқиға желісі бойынша ерекше күшке ие отбасы ғаламды құтқару үшін барын салады. Батырлардың күнделікті өмірі түрлі шытырман оқиғаға толы. Фильмнің қазақ тіліндегі дубляжының режиссері Шах-Мұрат Ордабаев болды. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері осымен бесінші рет өзін жаңа қырынан байқап, жобаға жетекшілік етіп жатыр.

Шах-Мұрат Ордабаев

– 2016 жылдан бастап дубляж режиссерімін. Бұған дейін «Жұлдызды соғыстар: Күрескер-1», «Галактика сақшылары-2», «Өрмекші адам: Қайта оралу» және «Коконың құпиясы» фильмдерінің қазақша дыбысталуына атсалыстым. Дубляж – өнердің бір қыры. Оның тарихы тереңде жатыр. 60-жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясынан бастау алады. Кезінде осы салада Мұхтар Бақтыгереев, Фарида Шәріпова сияқты әйгілі әртістеріміз тер төкті. Сондықтан мұны қосымша табыс көзі деп ойламаймын. Дубляждың арқасында әртістер өзін жаңа қырынан танып, шығармашылығын шыңдайды, – деп есептейді Шах-Мұрат Ордабаев.

Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітованың «Барлық фильмді қазақ тіліне дубляждау қажеттілігі жоқ» деген сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Ол «Қазақстанға орташа есеппен алғанда жалпы 300-ге жуық фильм көрсетіледі. Оның барлығын қазақ тіліне міндетті түрде дубляждау қажет емес. «Мәдениет туралы» заңға «Субтитрлау немесе кадрдан тыс аударманы енгізу» нормасын кірістірдік» деп мәлімдеме жасаған болатын. Алайда қазақша контентті көбейтуге талмай еңбек етіп келе жатқан «Болашақ» қоры мен тіл жанашырлары басқа пікірде екені түсінікті.

Бахтияр Мәкен

«Болашақ» Қауымдастығының кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бахтияр Мәкеннің пікірінше, балалар заман ағымына сай мультфильмдерді ана тілінде көруге құқылы. Оның айтуынша, 7 жылдың ішінде 24 мульт ипликациялық фильм қазақша жарыққа шыққан. «Жақында ғана Парламент қабырғасында «Кинематография туралы» заңды көтердік. Сол заң шеңберінде біраз  мәселелердің басын ашып, Голливуд мультфильмдерін дубляждауға мемлекет тарапынан қолдау білдіргіміз келеді» деген депутат кинотеатрлардан кейін мультфильмдерді қайда көруге болады деген сұраққа жауап берді. – Туындыларды мемлекеттік тапсырыс аясында арна эфирлеріне таратамыз. Ауылды жерлерде қазақша мультфильмдерді көрсетуде әзірге қиындықтар бар. Аймақтарда кинотеатрлар жоқ екені белгілі. Сол себепті жуырда ресейлік www.ivi.ru интернет-порталымен келісімшартқа отырдық. Сайтта қазақ тіліне аударылған туындыларды HD сапасында көре аласыздар. «Меломан» дүкен желісінде де дискті сатып алуға болады, – деді Бахтияр Мәкен.

Ал атқарылып жатқан жұмыстың бекер еместігін фильмнің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев былайша түсіндірді:

– Бұл жұмысты тоқтатып, орнына субтитр қою деген қазақ дубляжына ғана емес, қазақ тіліне жасалған қиянат деп білемін. Мұның барлығы табыс үшін жасалмайды, балалардың болашағы үшін маңызды. Арқалықта туған ағамның төрт баласына әр фильм шыққан сайын дискілерді апарып беремін. Көріп болған соң, пікір алмасамыз. Балалар мазмұнын тәптіштеп айтып береді. Мультфильмдегі әндерді жатқа айтады. Олардың сүйікті кейіпкерлерінің қазақша сөйлегені қалыпты жағдайға айналып барады.

Бір жобаға шамамен екі айдай уақыт беріледі. Мәтінді алып, аудару, оны үйлестіру, актерлерге кастинг жасау, үш сатыдағы дыбыс жазу барысы, финиш, материалды жинақтау сияқты орасан зор еңбек атқарылады. Дисней компаниясының ережелеріне сәйкес, үш күннің ішінде кейіпкерлердің дауысына лайықты әртістерді іздестіреді. Бүгінде дубляж жасауға Астана мен Алматының ғана емес, Қарағанды, Көкшетау қалаларының актерлері де қосылды. «Қаллеки» театрымен қатар, Жастар театры, Астана мюзикл театры, Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері байқаулардан өтіп жүр.

Мәтінді кәсіби аудармашы аударады. Одан кейін оны тіл маманы қарап шығып, редакциялайды. Көркемдік кеңес те көз жүгіртеді. Режиссерлік үстелге жетпес бұрын 4-5 адамның қолынан өтіп, үлкен сараптау жасалады. Дегенмен премьерадан кейін қателіктерді теріп, сын айтып жататындар да кездеседі. Оған Шах-Мұрат Ордабаев: «Тіл мамандары сөздің дұрыс айтылып, жазылып, грамматикалық заңдылыққа бағынғанын қалайды. Ал киноның өмірі, оның сюжеті бұл ережелерге сай болмауы мүмкін. Себебі әр кейіпкердің табиғаты өзгеше. Оның ішінде түрмеде отырғаны да бар, профессор да, қарақшы да бар. Олардың барлығы бірдей жүргізушілер сияқты сөйлемейді ғой. Кейбір сөздер көркем естілмегенімен, фильмнің көркемдік идеясы шеңберінде аударылады. Сондықтан кейбір кездерде дөрекі сөздерді, ауызекі сөздерді жиі қолданамыз. Мұның барлығы – редактормен бірге етене отырып шешілген дүние» деп жауап берді. Айта кетейік, «Супер отбасы-2» мультипликациялық фильмін жазушы әрі журналист Тұрсынбай Жандәулет редакциялады. Ал мәтінді үйлестіруші – Гүлжан Сауртаева. Бұл мамандар – өз ісін білетін, нағыз тілдің жанашырлары.

Басты кейіпкерлерді дыбыстаған – театр және кино актерлері Сая Тоқманғалиева мен Жәнібек Мұсаев. Ал кішкентай бүлдіршіндердің дауысын Дидар Құралбаев пен Айкөркем Әділгереева дыбыстады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button