Қала мен Сала

Ел алдында актерлер белдесті

Елорданың Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында театрлар арасында қазақ күресінен II рес­публикалық «Театр барысы» турнирі өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр және кино актерлері қатыс­ты. Турнирдің басты мақсаты – ұлттық спортты дамытып, қазақ күресін кеңінен дәріптеу, сондай-ақ Қазақстанның театр кеңістігіндегі актерлердің өнер мен спорттағы шығармашылық әрі әріптестік байланысын нығайту.

Биыл екінші рет туы желбіреген турнирдің өтуіне қала әкімдігінің қолдауымен Музыкалық жас көрермен театры мұрындық болды. Өнер иелерінің арасынан шыққан балуандар 5 салмақ дәрежесі, яғни 66, 74, 82, 90 және 90+ кг салмақ бойынша күресті. Іс-шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

– Спорт пен өнер тоғысқан бұл алаңда еліміздегі барлық театр ұжымдарының басы қосылды. Театр актерлері ұлттық спортты насихаттауға белсене атсалысуда. Біздің әкімдік бұл бастамаға толық қолдау білдірді. Бұдан бөлек, Астанада биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары өтеді. Мұндай спорт жарыстары ұлттық спортты дамытуға айтарлықтай серпін береріне сенімдімін, – деп атап өтті әкімнің орынбасары.

Қазақ күресінен турнирге еліміздің 10 өңіріндегі театрлардан 53 актер қатысып, бақ сынады. Жоба авторы, театр және кино актері Асылхан Төлепов бұл істі қолға алғандағы мақсаты не екенін айтты.

– Бізді үнемі бақылап, бізге еліктеп келе жатқан кейінгі буын ұрпақ өсіп келеді. Қазақша күресті әлемдік деңгейге дейін көтеру, соған жастарды тарту арқылы біз оларға үлгі болуға тырысып бағамыз. Негізі, театрда актерлерден бөлек те мамандық иелері көп, алайда бұл жарысқа біз тек театр бағыты бойынша білім алған және сахнада өнер көрсетіп жүрген актерлерді ғана алдық, – дейді Асылхан Төлепов.

Жеңімпаздар арнайы медальдармен және чемпион белдеуімен марапатталды. Атап айтқанда, бірінші орын иегеріне 500 мың теңге, екінші орын алған қатысушыға 300 мың теңге, үшінші орын алғанға 150 мың теңге сыйлық берілді. Одан бөлек, 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы бар қосымша арнайы номинациялар қарастырылды.

Шынар Хамитова

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button