Мәдениет

Қоянды жәрмеңкесін жаңғыртты

Мемлекеттік әскери-тарихи музейде «Ұлы дала ойындары мен көшпенділер ­мәдениеті» жобасы аясында «Есіл толқындары» халық ардагерлері ансамблінің 5 жылдығына арналған концерт өтті.

Биылғы қыркүйек айында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Астана қаласы Ардагерлер кеңесі, елорданың Есіл ауданының әкімдігі, қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және Мемлекеттік әскери-тарихи музей қолдауымен өткен концерт ел және елорда өміріндегі осы ірі оқиғаға орайластырылды. Концерт бағдарламасында «Базарың құтты болсын, ардақты елім» атты театр­ландырылған шоу мен көрнекті композитор, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтың «Біржан-­Сара» операсынан (либретто авторы – Қажым Жұмалиев) сахналық қо­йылым ұсынылды.

ХІХ ғасырдың орта шенінен ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін Арқа жерінде Қоянды жәрмеңкесі дүбірлеп өтетін. Мұнда тек қана сауда жүргізілмей, ән-күй шалқып, түрлі ойын өтіп тұратын. Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Иса Байзақов, Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Майра Уәлиқызы, басқа да қазақ өнері мен спортының майталмандары осы жәрмеңкеде өнер көрсететін. «Есіл толқындары» ансамблі театр­ландырылған шоу арқылы соны жаңғыртты. Ансамбль мүшелері Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырушы Варнава Ботовтың, Майра Уәлиқызының, Қали Байжановтың, басқа да кейіпкерлердің кейпіне еніп, тамаша сомдап шықты. Ал сахналық қойылымда Біржан сал бейнесін Алтынбек Бейсембаев, ақын Сара рөлін Нұрсәулет Алдажұманова ойнады.

Осындай концертті өткізу идеясын ұсынып, сценарийін жазған әрі қойылымдарын қойған – мәдениет және өнер саласының үздігі Қарлығаш Құспанова. Ал «Есіл толқындары» халық ардагерлері ансамблінің көркемдік жетекшісі, хор дирижері – мәдениет саласының үздігі Фанида Нұрбаева. Концерт концертмейстері – білім беру саласының үздігі Мейрам Елубаев.

Концерт соңында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев сөз сөйлеп, ризашылығын жеткізді. Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов­тің атынан алғыс хаттар тапсырылды. Сондай-ақ Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігі, қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, қалалық Қорғаныс істері департаменті өкілдері сөз сөйледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button